
Жақсы адамның жарасты ісі
«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Сансызбай Мәдиев – бірнеше өнерді қатар меңгерген, сегіз қырлы, бір сырлы жан. Еңбек жолын Новобогат (қазіргі Исатай) аудандық «Нарын таңы» газетінде корректорлықтан бастап, кейін меншікті тілші, бөлім бастығы, жауапты хатшы болып қызмет еткен жігіт 1984 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқиды. Зеректігімен көзге түскен ол аспирантураға қабылданып, журналист, қоғам қайраткері, ақын, репрессия зардабын тартқан Зиябек Рүстемов туралы зерттеу жұмысына кіріседі.
Сәтті қорғалған диссертация
Жас зерттеушінің тынбай ізденуінің нәтижесінде Зиябек Рүстемовтің өмірбаяндық деректерімен қатар шығармашылығы – «Бүгінгі күн – нұрлы күн», «Пролетариатқа», «Күн сөнгенше сөнбейді», «Құтты болсын мейрамың», «Оразада», «Тұңғыш ұлын кедей табы күтеді», тағы басқа толғау, өлеңдері, мақалалары «Пролетариат», «Әліп», «Нақ», «Абау», «Үзу», т.б. бүркеншік аттармен «Ақ жол», «Туркестанская правда», «Ауыл» газеттерінде, «Кедей айнасы», «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі», «Жұмысшы», «Шолпан», «Сана» басылымдарында жарық көргені анықталған. Өлеңдер жинағының 1936 жылы Ташкентте басылып шыққаны, 1938 жылы жала жабылып, «итжеккенге» айдалғаны, одан 1944 жылы босап, елге оралғаны, 1948 жылы 5 ақпанда қайтыс болғаны туралы деректер табады.
Сонымен қатар С.Мәдиевтің зерттеулерінде қаламгердің «Кейкі батыр» атты дастаны, «Қыз әулие» атты балладасы, «Ескендір ертегісі», «Отрабат аңызы», «Рүстем» деген хикаясы, «Сүлейменнің Келестен қашуы» деген аңызы болғаны, айдаудан оралғаннан кейінгі өлең, жыр, дастан, қисса-аңыз, айтыстары «Басында Қазығұрттың…» деген атпен 1986 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көргені, З.Рүстемов туралы алғашқы деректер филология ғылымының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің мақалаларында сөз болғаны, «Басында Қазығұрттың…» кітабының алғысөзін Мырзабек Дүйсенов пен Немат Келімбетов жазғаны туралы жан-жақты ақпарат береді.
Қаламгердің өмірбаянына қатысты зерттеушілер тарапынан кеткен ағаттықтарды айта келіп, нақтылау үшін З.Рүстемовтің ұлы – 1977-89 жылдары Қазақ КСР Оқу-ағарту министрінің орынбасары болған, ұстаз, шығыстанушы ғалым Лениншіл Рүстемовтің жеке мұрағатындағы деректерді – қаламгердің өзі жазған өмірбаяны мен анкетасындағы мәліметтерді алға тартады. Жан-жақты ізденісінің нәтижесінде 1994 жылы З.Рүстемовтің өмірі мен шығармашылығы ғана емес, сол дәуірдің тыныс-тіршілігі, қоғамдағы ахуалды сипаттап, талдаған еңбек – «З.Рүстемовтің әдеби мұрасы» атты диссертациясын сәтті қорғап шықты.
Арыстанның азуына ат байлаған декан
Көзінен от шашқан жігіттің алғырлығын байқаған профессор Т.Қожакеев шәкіртіне көпшілікке бейтаныс болып келген тұлғаның әдеби мұрасын зерттеуді тапсырады. С.Мәдиевтің диплом қорғауына Лениншіл Зиябекұлы да үлес қосады.
Сансызбай диплом жұмысын көктем кезінде қорғайды. Декан – арыстанның азуына ат байлаған Темірбек Қожакеев «қорғау комиссиясының жұмысына проректор Лениншіл Рүстемов қатысады» деп ескерткенімен, Сәкең бұл сөзге аса мән бермепті.
«…Көзінде көзәйнегі бар, ат жақты, ұзын бойлы бір адам келіп, диплом жұмысымызды үнсіз тыңдап отырды. Менің кезегім келгенде бірнеше рет сұрақ қойды. Диплом жұмысын қорғап болған соң жаңағы ат жақты кісі Темірбек Қожакеевпен бірге қатар тұрып қолымды қысып: «Жақсы зерттелген дүние екен! Келесі кандидаттық жұмысыңның тақырыбы да сол болсын!» — дегені. Сонда барып бұл адам бағанағы айтқан проректорымыз – Зиябек Рүстемовтің баласы, Лениншіл аға екенін түсіндім.
Ертеңіне ректораттың 12-қабатындағы кабинетіне бардым. З.Рүстемовтің «Басында Қазығұрттың…» деген жаңа шыққан кітабының алғашқы бетіне: «Бітер істің басына, жақсы келер қасына. Л.Рүстемов», — деп қол қойып, қолыма ұстатты. Сөйтіп, ғылымға алғаш қадам басқан кезде Лекеңнің қолтығыма қыстырып жібергені осы кітап болатын. Аманатқа қиянат жасау мүмкін емес қой, кейін Лениншіл аға өмірден өтсе де, аманатын орындап, осы тақырыптағы кандидаттық диссертациямды қорғап шығумен қатар ақын, публицист, ірі қоғам қайраткері Зиябек Рүстемов жайлы «Зиябек ақын мұрасы» атты монографиямды жарыққа шығардым…» — деп жазады Сансызбай Шарапиұлы өз естелігінде.
Кейін сол «темірдей» декан Қожакеев «қайта құрудың» қарқынымен қызметтен аласталғанда, бір кезде жанына баруға жол таппай жүргендер жақындамай қалған кездер де болады. Сол кезде ұстазына арнайы іздеп барып сәлемдесіп, үнемі ақыл-кеңесін тыңдаудан Сансызбай Мәдиев тартынбайды. Сол үшін профессордың ықыласы түсіп, мұнымен тең тұрып сөйлеседі екен.
Әкесінің аманатын адал орындаған ғалым Л.Рүстемов оның мұрасын зерттеуге мұрындық болып, Сансызбай ағамызға ғылымдағы жолының бағытын нұсқап, әкесінің кітабын ұсынуының арқасында З.Рүстемовтің әдеби мұрасы зерттеу нысанына алынды. Бастапқыда кандидаттық диссертацияның жетекшісі Темірбек Қожакеев болғанымен, профессор қайтыс болған соң ғылыми зерттеуге академик Зейнолла Қабдолов жетекшілік етеді.
С.Мәдиев диссертациясын қорғағаннан кейін де бұл тақырыпты індете зерттеп, монографиясын шығарды. Кейін де бірнеше мақала жазды, әке аманатына адал болған Лениншіл Зиябекұлы туралы да жүрекжарды лебізін білдіріп, шығармаларын жариялады.
Қасымның бабалары кім болған?
Әдебиет айдынында еркін жүзген Сансызбай әрқашан да соны ізденістерге құмар болды. Сондықтан зерттеулері көпшілік біле бермейтін, ғылыми айналымға түсе қоймаған дерекке толы болып келеді. Зерттеуші «Кәрім жырау» атты мақаласында атақты Сүгірұлы Насихат жыраудың жырларын кейінге жеткізуші, Құрманғазы ауданының тумасы – Қисамеденұлы Кәрімнің өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты ақпарат береді. Бұл оған жақсы таныс тақырып болатын. Өйткені Сәкеңнің өзі де осы ауданда туып-өскен өрен екенін көпшілік біле бермейтін.
Сансызбай Мәдиев – түрлі ғылым саласында қалам тербеп, ұңғыл-шұңғылына еркін бойлап жүрген зерттеуші. Тарих қойнауына сүңгуінің нәтижесінде «Жұлдыз» журналының 2012 жылғы бірер санында «Қасымның бабалары кім болған?» атты көлемді зерттеу жариялады. Зерттеуін «Бала Қасым», «Қолбасшы Қасым», «Шайқас», «Алғашқы жеңіс», «Уақытша сәтсіздік», «Қасым сұлтанның Түркістанға жорығы, «Қызғаныш», «Жорық алдындағы тыныштық», «Арпалыс», «Шайбанилықтарды талқандау», «Қасым хан», «Әділ билік», «Ташкенттегі лаққап», «Қайта қауышу», «Шайбанилықтарға соңғы жорық», «Қасым ханның батыстағы саясаты», «Қасым ханның қасқа жолы», «Қасым ханның қайтыс болуы» сияқты бөлімдерге жіктей отырып, зерттеуші Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі болған Қасым ханның өмір жолын, жорықтарын, ұстанған саясатын, елі үшін жасаған еңбегін жан-жақты сипаттаған.
Бұл бағыттағы зерттеуі 2012 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Алтын орда дәуіріндегі жазба ескерткіштер және қазақ әдебиеті» деген тақырыптағы гранттық жобасында да жалғасын тапты.
Тіл біліміне терең бойлап…
Сан қырлы дарын иесі тіл білімінің мәселелеріне де еркін бойлады. Филология ғылымының докторы, профессор Бабаш Әбілқасымов туралы «Түркология ардагері», филология ғылымдарының кандидаты, профессор Хасан Мұханбет Кәрім жайында жазған «Ғалымның хаты» атты мақалаларында Сансызбай Шарапиұлы қазақ әдеби тілі, тіл тарихына қатысты мәселелерді сөз етеді. Ғалымдардың қазақ тіл білімінің дамуына қосқан үлесін жан-жақты зерделейді.
Зерттеушінің көне түркі жазба ескерткіштерін оқу-зерттеу орталығының директоры болуы, кейін қазақ тіл білімінің қара шаңырағы, қазақ тілін зерттейтін бірден-бір мекеме – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына директордың орынбасары болып он жылға жуық еңбек етуі де бекер емес. Осы институтта Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық, Бабаш Әбілқасымов, Өмірзақ Айтбаев, Көбей Хұсайын, Әлімхан Жүнісбек, Асқар Жұбанов сынды академик, профессорлармен бірге жұмыс істеп, түрлі конференциялар ұйымдастырды, институттың жұмысын жандандыруға, жаңа белеске көтеруге атсалысты.
Зерттеуші, публицист, жазушы, ақын, баспагер, басшы, ұйымдастырушы, ұстаз ретінде танылған Сансызбай Мәдиев – 20-дан астам ғылыми, 100-ден астам публицистикалық мақаланың, «Дәуір тарланы», «Бақытқа барар жолда», «Бес мүшел белесінде», «Алтын ұя», «Қасым хан» атты кітаптардың, «Зиябек ақын мұрасы» атты монографияның, екі оқулықтың авторы.
Сонымен қатар, ол үш томдық «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жылнамасының» жауапты шығарушысы, «Ғылым көкжиегінде» атты ғылыми-көпшілік жинақтың, «ҚазҰУ хабаршысы» сияқты журналдардың, ғылыми жинақтардың жауапты шығарушысы, хатшысы болды. «Ұшқан ұя» атты энциклопедияның жарық көруіне, «Өнегелі өмір» сериясымен ірі тұлғалар туралы ғұмырнамалық деректер жинақталған 12 кітаптың шығуына мұрындық болды.
Ұстазға ізет
С.Мәдиевтің публицистикалық мақалаларының тақырыбы сан алуан. Әсіресе ғылым жолына түсуіне, өмірден өз орнын табуға көмектескен, бағыт сілтеген ұстаздарына арналған мақалаларының жөні бөлек. Журналист, Мәдениет қайраткері Қуандық Батыров туралы сырт шерткен «Алғашқы редактор», диплом жұмысына жетекшілік еткен филология ғылымдарының кандидаты, ақын Марат Ысқақов туралы «Сезімдерге өрілген жібек тін боп…», кандидаттық жұмысының алғашқы жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеев туралы жазылған «Тарпаң», ғылым жолына баулып, зерттеу жұмысына жетекшілік еткен республика Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Қабдолов туралы «Сөз зергері» атты мақаласын атауға болады. Мақалаларында ұстаздарының еңбектерін талдай отырып, ғылымдағы орнын, ғылыми жаңалығын, сүбелі үлесін көрсетеді.
Ұстазы Т.Қожекеевтің денсаулығы сыр беріп жүрсе де, көп томдық шығармалар жинағын шығармақ болғанда шәкірті ретінде жазғандарын жинақтап, бөлімдерге жіктеуге көмектескен. Ғалым туралы мақаласында С.Мәдиев ұстазының ғалымдық, азаматтық тұлғасын танытып: «ХХ ғасырдағы іс-әрекеті кейінгіге үлгі, шоқтығы биік қаламгерлер туралы айтқанда әрі ғалым, ұстаз Темірбек Қожекеев есімі шоқ ішіндегі шойын темірдей ерекше қызарған, қызу-жарығымен көрінеді», — деп бағасын берді.
Ол Салық Зиманов, Рәбиға Сыздық, Зейнолла Қабдолов, Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Серікқалиев, Қадыр Мырза Әли, Хамит Ерғалиев, Марат Ысқақов, тағы басқа сөз зергерлерімен, ғалымдармен тығыз байланыста болып, еңбектерін жарыққа шығаруда көп қызмет етті. Әсіресе жерлестері Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Серікқалиев пен Марат Ысқақовтың шығармаларын жинастырып, бастырып шығарудағы үлесі зор.
С.Мәдиев жақсы істердің басында жүріп, мұрындық болса да, ешқашан кісіге міндетсіп, көкірегін керген емес. Әрқашан қарапайым, кішіпейіл, қиналғанда көмек қолын созуға даяр ақылшы аға, ешкімді жатсынбайтын, қамқор бауыр. Ол ақындардың өлеңдерін бірнеше күн тоқтамай мәнерлеп оқуға дайын. Есте сақтау қабілетіне тәнтіміз, адамгершілігіне сүйсінеміз. Үлгі аламыз, үлгі етеміз.
Бүгінде зерделі зерттеуші, публицист, жазушы, ақын, баспагер, басшы, ұйымдастырушы, ұстаз Сансызбай Шарапиұлы Мәдиев те асқар биікке аяқ артты. Алайда, ол атқаратын әлі көп істер бар. Олай болса, ел-жұрты «алтынды қолда барда қадірлегені» абзал.
Орынай ЖҰБАЙ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған
профессоры, филология ғылымының докторы.
Алматы қаласы



