
Естілмеген есім немесе 61 тәуліктен астам әуеде болған ұшқыш-санитар хақында
Жуырда Орал қаласынан Ахмедияр Батырханов ныспылы жігіт хабарласып, әңгіме арасында бір тың мәліметтің құлағын қылтитты. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі болып жұмыс істейтін Ахмедияр бұған дейін әскери комиссариатта, аудандық мемлекеттік архивте де біраз жыл еңбек етіпті. Өзі журналист, «Үздік өлкетанушы» деген атағы да бар. Көне құжаттармен жұмыстың кәнігі маманы, әңгіменің де майын тамызады. Жадында жылдар бойғы жылнама жазылған ба деп қаласыз!..
Арғы-бергіден сөз қозғай отырып, соғыс тақырыбына ауысқанда майдан шебіне 858 рет барып қайтқан атыраулық ұшқыштың есім-сойын айтып қалды. Жалтырауық көрген балықтай біз мұны дереу есімізге тоқып алдық. Ахаңның әңгімесі таусылар емес. «Қарғаның бір көзі оқта болса, бір көзі боқта» демекші, оның Оралда тұрып айтқан әңгімесін Атыраудан тыңдап тұрсақ та, әлгі әскери ұшқыш-санитарды туабітті «компьютерімізден» іздеп жатырмыз. Ондай есім естімеппіз…
Енді ше, фашистердің зәресін зәр түбіне жібере қорқытқан атақты Хыйуаз Доспанова да, соғыс кезінде «Кеңес Одағының Батыры» атағын екі мәрте алған санаулы қазақтың бірі Талғат Бигелдинов те жау тылына 300-ден аса барып келген. Ал, мына жігіт бұл қаһармандықты үш есеге жуық қайталап тұр. Сонда оның есімі бұған дейін неге айтылмай жүр?!
Қазиевтарға құлаққағыс
Тасмұхан Қазиев!..
Атырау өңірінде мұндай текті жиі кездестіруге болады. Бірақ оның бәрі бір кезде Үйшік аталған шаһардың өз топырағынан жаралғандар емес. Бірінің руы Шеркеш, тағы бірі Таз, келесісі Беріш, тағысын-тағы жалғаса береді. Бәрі де шаруа қамы, тұрмыс тауқыметі, тағдырдың жазуымен Үйшік-Гурьевке әр жылдары келіп орныққандар.
Бір өкінішті жайт, Ахмедиярдың айтуымен әскери ұшқыш Тасмұхан Қазиев туралы «pamyat-naroda.ru» сайтынан мәліметті тапсақ та, есім-сойынан өзге бізге оның ру-тегі де белгісіз. Тұйыққа тірелген жеріміз де сол болды. Сондықтан, осы мақаланы оқыған атыраулық Қазиевтар өз әулеті мен зәузатында Тасмұхан есімді адамның, нақтылай айтсақ әскери ұшқыштың болғанын пысықтап, редакцияға хабарласса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, оның майдандағы жорық жолы – нағыз жүрекжұтқандық.
Ал, Тасмұханның соғыстан кейін елге аман-сау оралып, Ұлы Жеңістің 40 жылдығына дейін бақуат ғұмыр кешкеніне жоғарыдағы сайт мәліметтері бұлтартпас айғақ. Егер оның қайда еңбек етіп, кім болғанын анықтай алсақ тіптен ғажап болар еді жүдә.
Құжаттағы қайшылықтар
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіне қарасты сайтта Тасмұхан туралы небары алты-жеті парақтың көлемінде ғана мәлімет-ақпар бар. Және туған жерін «Гурьев қаласы» деп көрсеткен.
Бастысы – еш жерде жарияланбаған екі дана фотосуреті қоса берілген. Қайратты да қалың шашын оң жағына қайырып, жайдары күліп түскен суретінен оның көркем болмысы мен жігерлі де қажырлы жігіт екені аңғарылады. Ал, одан гөрі жастау, тік жағалы кительмен түскен суреттен де кірпі шашты курсанттың жүзінен өмірде ақжарқын, тағдырына тура қарап, кез келгенге мойымайтын қайсар адам екенін көресіз. Қалың қасының астындағы аясы кең бота көзінен от ұшқындап тұрған жас офицер көрген жанды еріксіз тартады.
Алайда, оның туған жылы құжаттарда түрліше жазылыпты: 1917; 1918 жылдың 1 мамыры; 1919. Оның анық-қанығын дәл қазір тап басып ешкім айта алмас, десек те, қай жылы туса да, Тасмұханның майдандағы қайталанбас ерлігі жиырма бес пен отыз жастың аралығында болғаны анық.
Әскерге шақырылған жері де әртүрлі: бір құжатта әскер қатарына 1937 жылдың қыркүйегінде шақырылды десе, екіншісінде 1940 жылы, тағы бірінде Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 1941 жылғы 9 шілдедегі №0047 бұйрығына сай әскерге алынғаны көрсетілген. Бір нәрсе анық, Қызыл Армия қатарына ол Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қалалық әскери комиссариаты арқылы шақырылыпты.
Мерейі үстем болған сәттер
Жорық жылдары ешкім де ерлік жасауға тастүйін дайындалып шықпайтыны түсінікті. Бұған дейін талай ерлік естеліктері туралы жазсақ та, ондай мақсатты көздеген ешкім болмағанын аңғарып жүрміз. Тек дұшпанға деген ыза-кектен туындаған тойтарыс әрекеті ғана батыл да әбжіл қимылға итермелейді. Ал, майдан даласындағы қиянкескі ұрыс кезінде жаудың жауыздығына көзі жеткен намысты ердің бойында өшпенділік оты тұтанбасқа лаж жоқ.
Ресей Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық архивтің сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, Тасмұхан Қазиев қан майданға 1942 жылдың тамызынан бастап араласқан тәрізді. Тек бір жерде – мемлекеттік наградаға ұсыну парағында ғана «Ұлы Отан соғысына 1942 жылдың қарашасынан қатысқаны» көрсетіліпті. Алайда, оны біз қате мәліметке жорыдық. Ол да негізсіз емес. Себебі, қолымыздағы мәліметтер бойынша ол 1942 жылдың қыркүйегінде Азаматтық әуе флотының құрамында болған.
Ал «pamyat-naroda.ru» сайтындағы мәліметтер бойынша Т.Қазиев қанқасап соғыста жүргенде көрсеткен ерлік іс-қимылдары мен жауынгерлік тапсырманы орындаудағы қайсарлығына байланысты «Сталинградты қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» және «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталыпты. Бұл медальдардың соңғы екеуі – фашизм ұясын мәңгілікке талқандаған жер жүзіндегі ең ірі соғыстың ақырына дейін саптан шықпаған сарбаздар мен сардарлардың бәріне берілген награда.
Ал, Тасмұхан алған алдыңғы медаль екінің біріне бұйырған жоқ. Сталин атындағы қаланы күл-талқан етіп, атын естісе жылаған бала жұбанатын КСРО көсемінің сағын сындырғысы келген зұлым жау одан әрі Жем бойы, Баку мен Грозныйдағы мұнай кәсіпшіліктерін өзіне бағындыруды ойлады. Еділдің бойындағы Сталинградты тып-типыл етіп қиратты да. 1942 жылдың 17 шілдесінен 1943-тің 2 ақпанына дейін созылған бұл соғыстан аман қалғандар аз. Азаматтық әуе флотына қарасты 14-дербес авиация полкінің командирі, майор Александр Подсосов адам қаны суша аққан сол ұрыстағы осы полктің пилоты, 7-дербес авиаполк ұшқышы, гвардия кіші лейтенанты Тасмұхан Қазиевтің қаһармандық ерлігін ескеріп, 1943 жылғы 8 тамыздағы бұйрығына сәйкес 243 адамның қатарында «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапаттаған. Мұны Ресей Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің қорындағы құжат та растайды.
Гвардия кіші лейтенанты шеніндегі 14-дербес авиаполкінің 2-санитарлық эскадрильясының ұшқышы, БК(б)П мүшелігіне үміткер Т.Қазиев 1943 жылдың 9 желтоқсанында «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылады. Марапат бетшесіндегі жазуға қарағанда, бұрын ешқандай жарақат немесе марапат алмаған оның дәстүрге сай толтырылуы тиіс тұрақты және отбасы мекен-жайы да әдейі жасырылған.
Ал, орденге ұсынуға Тасмұханның мына ерен ерлігі негіз болыпты. 1942 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қарашасы аралығында ол «У-2» ұшағымен майдан шебіне 858 рет ұшып, 238 тапсырманы орындаған. Осы уақытта тылдан 6,5 тонна дәрі-дәрмек, темір қалбырланған қан, басқа да әскери жүктерді апарып, қайтарында жараланған 246 жауынгер мен офицерді жеткізіпті. Тасмұхан кәсіби дағдысының арқасында ауа райы қиын кезде де ұшақты шебер басқара білген.
Эскадрилья командирі, гвардия майоры Воропаевтың көрсетуінше, сол 90 күнде әуедегі жалпы ұзақтығы 1471 сағаттың 19 сағатын ол қараңғыда ұшқан екен. Саяси-моральдік құлқы тұрақты гвардия кіші лейтенанты әуедегі 838 сағатты еш апатсыз өткізіпті.
Бұл ұсынысты 21 желтоқсан күні 14-дербес авиаполк командирі, майор Подсосов пен полк штабының бастығы, майор Захаров та, 24 желтоқсанда 3-Украина майданының Әскери әуе күштері бойынша санитарлық басқармасы бастығының көмекшісі, медициналық қызмет подполковнигі Быков та, келесі күні майданның санитарлық басқармасының бастығы, медициналық қызмет генерал-майоры Маслов та, 1944 жылғы 10 сәуірде Азаматтық әуе күштері Бас басқармасының бастығы, авиация генерал-полковнигі Астахов та мақұлдап қол қойған. Мұндай қажырлы да қайсар ұшқыштың ерлігі лайықты бағаланып, Алыс қашықтықтағы авиация командирі, авиация маршалы Головановтың 1944 жылдың 21 сәуіріндегі №0203/н бұйрығымен ол «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.
Ерлік деп осыны айт!
Екінші дүниежүзілік соғыстың 1939 жылдан басталғаны, ал фашистік Германияның КСРО аумағына тұтқиылдан 1941 жылы басып кіргені анық. Соңғысының ауқымды болғаны соншалық, 1941-1945 жылдары жер жүзіндегі 40 мемлекеттің аумағында жауынгерлік іс-қимыл жүріпті. Әрине, ешкім де дөп басып айта алмас, дегенмен соңғы кезде осы 1418 күн мен түнде ең ірі 24 стратегиялық операция болғаны айтылып жүр. Әйтсе де одан бөлек майдан даласында түрлі ауқымдағы жүздеген, тіпті мыңдаған әскери ұрыс қимылдары жүргенін тарих дәлелдеді ғой.
Жоғарыда айтқан Хыйуаз апай мен Талғат ағамыздың жау тылына 300-ден аса ұшқанын қаперге алсақ, шынында да, Тасмұхан Қазиевтің «У-2» ұшағымен 858 рет ұшып барып, аман-сау қайта оралуы қайталанбас ерлік екені даусыз. Тіпті, оның 1942 жылдың 17 шілдесінен 1943 жылғы 2 ақпанға дейін, негізгі екі кезеңмен 200 күн мен түнге созылған Сталинград шайқасындағы жорық жолының өзін екінің бірі атқара алмағаны сөзсіз.
Тасмұхан құрамында болған әскери бөлімше – Азаматтық әуе флотының дербес авиациялық полкі әу баста Балтық дербес авиаотряды деген атаумен соғыс басталғаннан кейін үш күн өткенде құрылған еді. Мысал ретінде олардың қаруластары – 4-дербес авиаполктің сайыпқырандары 1942 жылдың өзінде 16 227 рет күн-түн демей әуеге көтеріліп, жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындаған. Ресми мәліметтердің бірінде осы кезеңде ұшқыштар тасымалдаған 33270 адамның 13700-і жаралылар, 1771 тонна жүктің 190 тоннасы қару-жарақ екен. Олардың ұшағынан 1007 десантшы секіріп, 8,6 тонна үгіттеу парағы таратылған. Ал, тасталған 1060 бомбаның жалпы салмағы – 46,5 тонна.
Шынында да, бұған кез келген әскери ұшқыштың жүрегі дауалай қоймасы хақ. Тасмұханның соңғы қызмет еткен 3-Украина майданына қарасты 14-дербес Кривой Рог авиаполкінің командирі, майор Александр Подсосовтың басшылығымен ұшқыштар үнемі сақадай-сай болып, дәл осындай тапсырмаларды орындап отырыпты. Кейде «құпия тапсырмамен» жау тылына ұшып, олардың қару-жарағы мен тылын талқандауға атсалысады. Қиын сәтте байланысшы ролін де атқарған.
Әскери талап тұрғысынан қарағанда, Тасмұхан ұшқан фанера мен матадан құрастырылған «У-2» ұшағында биіктік пен жылдамдықты көрсететін құрылғыдан басқа ештеңе жоқ. Тіпті, басқару тетігі де ағаштан болса керек. Ал, ұшу жылдамдығы сағатына 125 шақырымнан аса қоймайды. Атақты авиаконструктор Николай Поликарповтың жетекшілігімен құрастырылған бұл ұшақ – Хыйуаз Доспанова ұшқан «По-2»-мен бірдей «жүгеріші». Тек мұны ұшып үйренуге қолайлы болғандықтан «У-2» деп атаған.
Ал, 1946 жылы 3 маусым күні әскери қызметін аяқтаған Тасмұханның майдан шебіне 858 рет ұшуы – оның санитар-ұшқыш болуында. Соғыс жағдайында санитарларды, халықаралық конвенция талаптарына сай, жау жағының атып түсіруіне тыйым салынған. Ондай ұшақтар күніне оншақты рет бір-екі, ең қашығы төрт-бес шақырым жердегі майдан шебіне ұшып, санитар қызметін атқарды. Сонда да жерлесіміз Тасмұхан Қазиевтің даңқты жорық жолын қайталаған әзірге ешкімді кездестірген жоқпыз.
Оқырман лейтенант Т.Қазиевтің алапат соғыстың соңына таман 339-алыс қашықтықтағы бомбалаушы авиациялық дивизияның құрамында болғанын да ескергені жөн.
Тағы бір айта кетер жайт – ол соғыстан аман-сау оралып, қартайған шағында Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақ автономиялы республикасына қарасты Куйбышев ауданының Нүкіс қаласында тұрса керек. Өйткені, Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай көзі тірі майдангердің бәріне берілген мерейтойлық ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен 1985 жылы 6 сәуірдегі Жарлыққа сай марапатталған. Орден куәлігінде Тасмұханның туған жері ретінде осы мекен-жай жазылыпты.
Қысқасы, сұрапыл соғыста «У-2» ұшағымен әуеге 858 рет көтерілген қыран мінезді қазақтың ерлігі өз бағасын алмағаны ақиқат. Ол өткеннің еншісінде қалды десек те, сол алапатта жанын шүберекке түйе жүріп, қияда қанаты талмаған бізге беймәлім әлі қанша қазақ бар екен?!
Сөйте тұра, гвардия лейтенанты, әскери ұшқыш Тасмұхан Қазиевтің ұрпақтары немесе туыстары табылып қалар деген үміт те жоқ емес. Бәріне уақыт төреші ғой…
Назарбек ҚОСШИЕВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, документалист



