Жарнама
Майталман

Баспа ісінің білгірі

Атырау өңірінің ақпарат айдынында адал еңбегімен танылған есімдердің бірі – Темірболат Мейрамбайұлы Дүйсенов. Әріптестері оны көбінесе «Тимур» деп атап кеткен ол – баспахана ісінің қыр-сырын жетік меңгерген, талай жыл бойы сапалы басылым шығарудың жауапты саласында табанды қызмет етіп келе жатқан маман. Бүгінде ол «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде баспахана бригадирі қызметін атқарып, өңір журналистикасының тынысын ашып тұрған басылымдардың дер уақытында оқырманға жетуіне тікелей үлес қосып келеді.

Темірболат Дүйсенов 1975 жылдың 9 қарашасында Исатай ауданының Хамит Ерғалиев (бұрынғы Новобогат) ауылында қарапайым отбасында туған. 1995-1996 жылдары әскери қызметін абыроймен атқарып қайтты. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң Атырау қаласында түрлі салада еңбек етіп, 2004 жылы «Атырау-Ақпарат» медиахолдингіне күзетші ретінде жұмысқа тұрды. Қарапайым қызметтен басталған еңбек жолы көп ұзамай жаңа бағытқа ұласып, 2005 жылы баспаханаға ауысып, газеттің басылу үдерісін терең меңгеруге ден қойды.

Ол алғашқы түнгі ауысымына шыққан күнін ерекше ықыласпен еске алады. Сол сәттен бастап, баспа ісі мен полиграфия саласына тән еңбек тәртібі мен жауапкершілік оған өмірлік бағыт болды. Цифрлық дәуірдің басталуымен медиасаланың серпінді өзгерістерін, сайттардың ашылуын, газеттің сапалы түспен басыла бастаған кезеңін де көрді. Тың технологиялар, жаңа баспа машиналары, өндірістегі жаңғырулар – бәрі оның кәсіби қалыптасу жолындағы елеулі белестер.

Баспахана жұмысы – бір сәтке тоқтауға болмайтын үдеріс. Газет таралымының көп кездерінде машинаның бұзылуы, түнгі уақыттағы күтпеген техникалық қиындықтар оның тәжірибесін шыңдады. Әрдайым қасындағы әріптестерімен бірге қиындықты еңсеріп, жұмыстың тоқтамауын қамтамасыз етіп жүр. 2018 жылы жаңа баспа машинасының іске қосылуы ұжым үшін де, Темірболаттың өзі үшін де ерекше жаңалық болды. Ал бірнеше жыл бұрын облыстық телеарнаның «Майталман»  бағдарламасына кейіпкер болуы – оның еңбегіне берілген бағаның бірі.

Бүгінде Темірболат баспахананың сенімді тірегі, тәжірибесі мен білімі жастарға үлгі. Отбасылы, үлгілі әке. «Нұрсая» балабақшасында аспаз болып еңбек ететін жан-жары Светлана екеуі төрт ұл тәрбиелеп отыр. Тұңғышы Ернар – Атырау энергетика және құрылыс колледжінде бағдарламашы мамандығын, Ерасыл – APEC колледжінде мұнай өндіру саласын меңгеруде. Ал Данияр мен Нұрасылы әлі мектеп қабырғасында. Баспа ісінің білгірі ұлдарының білім алып, таңдаған мамандығы бойынша елге қызмет етіп, абыройлы азамат болуын армандайды.

«Жұмысым – өмірімнің бір бөлігі» деген қағиданы ұстанған Темірболат Мейрамбайұлы жарты ғасыр белесіне адал еңбекпен, абырой-беделмен келіп отыр. Қарапайымдылық, табандылық пен кәсіби мінез – оның әр қадамын айшықтап тұратын қасиеттер.

«Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің басылымдары күн сайын мыңдаған оқырманға жетсе, соның бір шетінде күндіз-түні еңбек ететін Темірболаттай мамандардың маңдай тері бар. Уақытпен бірге өзгеріп, техникамен бірге өсіп, ұжыммен бірге жетілудің үлгісі – осы азаматтың өнегесі.

Мерейтой иесіне медиахолдинг пен облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газеті редакциясының ұжымы атынан берекелі ғұмыр, еңбегіне табыс тілейміз. Еліне қызмет еткен ердің еңбегі қашан да бағалауға лайық.

baspa

Уақытпен санаспайтын маман

– Темірболат Мейрамбайұлы баспахананың тірегі десек артық емес. Ұжымда ұзақ жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде өзін нағыз кәсіби маман ретінде көрсетті. Еңбегіне адалдығы біртөбе. Жұмысқа жауапкершілікпен қарайды, тәртібі мен ұқыптылығы – жас қызметкерлерге үлгі. Қиын сәтте қол қусырып тұрмай, техникалық ақаудың да, өндірістік үрдістің де шешімін бірге табатын сенімді әріптес. Тіпті денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздық бетшесін аштырғаны да есімде жоқ. Жұмыстан жиі қалатындар болады, ал Темірболат ондайды білмейді. Ауырғанда да «жұмыс тоқтап қалмасын» деп келіп тұрады. Бұл – оның қызметіне деген жанашырлығы мен адалдығының белгісі. Түнгі уақыт, тәулік ауысымы, өндірістің қарбаласы – бәріне шыдамдылықпен қарайды.

Жалпы, Темірболаттай еңбекқор, өз ісіне берілген азаматпен бір ұжымда қызмет ету – біз үшін үлкен мәртебе. Осындай тәжірибелі мамандардың арқасында басылымдарымыз дер кезінде, сапалы шығып, оқырманға жетіп отыр.

Ерлан АТАПКЕЛОВ,

«Атырау-Ақпарат» ЖШС өндіріс-шаруашылық және полиграфия бөлімінің басшысы

Баспахананың шын жанашыры

– Темірболат алдыңнан әрдайым күлімдеп шығып, сәлемінен жазбайтын ізетті жан. Газет басу оңай іс емес, зор жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Ол осының бәрін жіті қадағалап, басылымның таза әрі сапалы шығуына өз үлесін қосып келе жатқан білікті маман. Газетті басып, санап, поштаға уақытында жөнелтуді де мінсіз атқарады.

Өте ақжарқын, үлкенге құрмет көрсетіп, сыйлай білетін тәрбиелі азамат. Артынан ерген әріптес іні-қарындастарына бағыт-бағдар беріп, әрдайым қолдау көрсетуімен де ерекшеленеді. Інімізді бәріміз жақсы көреміз, құрметтейміз. Темірболатқа еңбегінің жемісін көріп, амандық пен отбасы бақытын тілейміз.

Айгүл ДҮСІПОВА,

«Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасының аға түптеушісі

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button