Жарнама
Майталман

Бақытын тапқан еңбектен

Қай кезеңде де қоғамның еңсесін тіктеп, елдің игілігін жасайтын – еңбек адамдары. Зауыттағы зырлаған машинаның дауысы, құрылыс алаңындағы балғаның тарсылы, дәнекерлеушінің жұмысы, осының бәрі ел дамуының, тіршіліктің тынысы. Осы жолда еліне адал қызметімен үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – атыраулық тәжірибелі мұнайшы Дәурен Мералин.

Берекенің бастауы – адал жұмыс

«Еңбек түбі – береке» дейді халық даналығы. Сол берекенің бастауы – адал жұмыста екені анық. Өндіріс орнында күн сайын жаңа жетістікке жетіп жүрген жұмысшылардың еңбегі – еліміздің болашағына қосылған зор үлес. Олар – ертеңгі экономикалық тұрақтылықтың, әлеуметтік дамудың кепілі. Сондықтан да жұмысшы мамандығының абыройын арттыру – баршаның борышы болса керек.

1986 жылы Атырауда дүниеге келген Дәурен Мералин жастайынан техникалық ғылымдарға қызығып өседі. Кейін С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ институтында оқып, инженер мамандығын алады. Ізденімпаз жас мұнымен шектелмей, білімін халықаралық деңгейде жалғастыру мақсатында Малайзияның астанасы Куала-Лумпурда мұнай және газ саласы бойынша бакалавр дәрежесін алып шығады.

Білім мен тәжірибені ұштастырған маман кейін еліміздің ең ірі өндірістік жобалары – Теңіз және Қашаған кен орындарында қызмет етіп, өз ісінің шебері атанады. Қиындыққа мойымай, әр сәтін тәжірибемен толтырған инженердің еңбегі мен біліктілігі шетелдік компаниялардың да назарын аударды.

2017 жылдан бастап Сауд Арабиясындағы «Saipem» компаниясында қызмет атқарып, екі жылдан соң АҚШ-тың Алабама штатында осы кәсіпорынмен бірге еңбек жолын жалғастырды. Ал 2022 жылдан бері Сауд Арабиясында әлемдік деңгейдегі «ExxonMobil» жобасында абыройлы еңбек етіп келеді. Оның әрбір жетістігінің артында табандылық, тәртіп және еңбекқорлық жатыр. Мұнай мен газ саласында жылдар бойы жинаған тәжірибесі – отандық инженер мамандарының әлемдік деңгейде мойындалып келе жатқанының айғағы.

Жер қойнауындағы байлықты ел игілігіне айналдыратын да, оны ұқсататын да – адал еңбек пен білікті маман. Қазір кейіпкеріміз Сауд Арабиясындағы компанияда инженер болып еңбек етуде. 

– Менің мұнай мен газ саласында еңбек етіп жүргеніме бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл сала табандылық пен төзімділікті, тәртіп пен шеберлікті талап етеді. Мұнайшының еңбегі кейде көзге көрінбейді, бірақ ол – елдің энергетикалық қуатының өзегі. Біз күннің ыстығы мен суығында, шетелдің алыс жерінде еңбек етіп, еліміздің абыройы үшін қызмет етеміз. Мен үшін ең бастысы – өз ісімнің нәтижесін көру. Әр жетістік – менің және менімен бірге жұмыс істейтін әріптестерімнің маңдай терінің нәтижесі. Қай жерде жүрсем де, жүрегім Атырау топырағымен, туған еліммен байланысты. Өйткені менің еңбегім – осы елдің болашағына қосылған бір кірпіш, — дейді Дәурен Қайратұлы.

Теміржол бойындағы тынымсыз тірлік

Тәулік бойы үздіксіз жұмыс жасайтын теміржол саласында тынымсыз тірлік бар. Бұл салада қызмет ететіндер жолаушыны жолда қалдырмай, діттеген жеріне жеткізуді ойлайды. Исатай ауданына қарасты №17 бекетте жұмыс жасайтын Шынайбек Иманғалиев өзіне жүктелген жауапкершілікті терең сезінеді. Оның теміржол саласында табан аудармастан қызмет еткеніне 40 жылдан асқан екен.

Мектеп бітіргеннен кейін бірден теміржол саласына жұмысқа келген кейіпкеріміз жол жұмысшысы болып еңбек жолын бастайды. Осы қызметте жүріп болашақ жары Шолпан Хамитқызымен танысып, отбасын құрады. Бүгінде зейнеткерлікке шыққан Шынайбектің ұлы да теміржолда еңбек етеді екен.

– Біз жұмыс бабымен әр бағытта жүре береміз. Он алты сағат еңбек еткеннен кейін шақырса дем алмастан қызметімізге келеміз. Жұмыс қиын. Соған қарамастан үлкен ұлым да осы саланы таңдады. Ол қазір қысы-жазы далада жүреді. Теміржол бойындағы ағаштарды ауыстырады, басқа да жұмыстары бар,-дейді бізбен әңгімесінде Шынайбек Иманғалиев.

Жұмысшы болып та тәлімгер атанды

Бір салада табан аудармастан ұзақ жылдар бойы еңбек еткен қарапайым жұмысшылардың арасында үлкен іс тындырып жүргендер аз емес. Айталық, химиялық зертханада инженер-химик болып отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Гүлнар Көшкімбаева осы қызметінде жүріп-ақ жас мамандарға білгенін үйретіп, тәлімгер болып жүр. Бүгінде оның шекпенінен шыққан кадрлар өз ісінің шебері атанып, жақсы жетістіктерге қол жеткізуде.

Ғасырдан астам уақыт бойы қойнауынан «қара алтын» өндіріліп жатқан Мақат ауданында балалық шағын өткізген Гүлнар Бисенқызы бала кезден-ақ болашағын мұнай саласымен байланыстырыпты. Оның әкесі де осындағы кен орындарында еселі еңбек еткен екен.

– Көзімізді ашқаннан бері көріп келе жатқанымыз мұнай ғой. Оның иісін де жақсы білеміз,-дейді кейіпкеріміз.

 Саратов мемлекеттік университетін химик, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетін мұнай-газ ісі мамандығы бойынша табысты аяқтаған жас түлек 1993 жылы «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына жұмысқа орналасады. Қазірде ол осы салада табан аудармастан 30 жылдан астам уақыт бойы Мақат мұнай дайындау және тасымалдау цехының химиялық зертханасында инженер-химик болып еңбек етіп келеді.

 – Ол кезде жас болатынбыз. Бізді осы саланың кәсіби шеберлері, ұстаздарымыз тәрбиеледі. Ендігі жерде мен де жас мамандарға білгенімізді үйретіп, тәлімгер болдым. Ауданымызда Доссор мұнай технологиялық колледжі бар. Осы оқу орнында зертханашы мамандығына оқып жатқан студенттерге дәріс бердім, өндірістік тәжірибеден өткіздім,-дейді Гүлнар Бисенқызы.

Соңғы жылдары кейіпкеріміз жолдасының жұмыс бабымен облыс орталығына қоныс аударыпты. Сондықтан қазір қызметін вахталық әдіспен жалғастырып жатыр екен.

– Бүгінгі жастарды жалқау деп айта алмаймын. Барлығы да бізге қызығушылықпен келеді. Доссордағы колледжде білім алып жатқан студенттердің көзінен от жанып тұрғанын байқаймын. Өйткені қазіргі жастар мұнай саласында табыстың жоғарылау екенін жақсы біледі. Бұл бүгінгі буынға мотивация береді деп ойлаймын. «Білсем, үйренсем» деп тұрады,-дейді бізбен әңгімесінде Гүлнар Бисенқызы.

Бүгінде Мақат ауданының аумағында мұнай-химия зауыты салынып жатыр. Осы жоба ауқымында Доссордағы технологиялық колледжі зертханашы мамандығы бойынша оқыған шәкірттерді оқытып, сол зауытқа жұмысқа орналастыру бойынша Меморандумға отырыпты. «Бұл жағымды жаңалыққа біз де қуандық. Себебі жастарымыз колледжде тегін білім алып, жайлы жатақханада жататын болады» деді әңгімелесушіміз.

Қазірде кейіпкеріміз ұстаздық қызметін жалғастырмаса да, өзі еңбек етіп жатқан кәсіпорынға өндірістік тәжірибеге студенттерді қабылдап, тәлімгер атанды. Осы күнге дейін 200-ден астам шәкірт Гүлнар Бисенқызының жетекшілігімен өндірістік тәжірибеден өткен. «Өзімнің үш балам бар. Жұмыс істеп жүрген аналар жақсы біледі ғой. Сегіз сағат жұмыстың жартысында үйге келіп, балаларды сабаққа жіберіп, қызметімізге кері асығатынбыз. Шүкір, қазір балаларым ер жетті» дейді Гүлнар Бисенқызы.

Бетті дайындаған Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button