Жарнама
Мәдениет

Жылы сөз – еңбегімнің өтеуіндей!.. — қолөнер шебері

Ұлттың қалыптасуында өнер мен қолөнердің алатын орны ерекше. Асыл мұраны ұрпақ санасына сіңіріп, ұлттық өнердің тынысын жаңғыртып жүрген жанның бірі – атыраулық шебер, «қолөнер Ұршық» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Салтанат Елеусінова. Ол зергерлік, кесте тігіп, киіз басу сынды көне өнер түрлерін заманға сай жаңаша өрнектеп жүр. Салтанат тек қолөнер шебері емес, жастарға бағыт-бағдар беруші тәлімгер, ұлттық құндылықтардың насихатшысы. Оның өмір белестері мен шығармашылық бағыт-бағдары, ұлттық өнерге деген көзқарасы мен қолөнерге адалдығы екеуара әңгімеден кең анық көрініс тапқандай. Ұлт мұрасын бүгінгі күнмен ұштастырып жүрген шебердің тәжірибесі мен толғаныстары оқырманға ой салып, шабыт сыйлайды.

Әркімнің бойында тумысынан өзіндік бейімділік болады ғой. Ал, Салтанаттың әулетіне өнердің дәні әу бастан себілген деуге болады. Әжесі өрнек, анасы тоқыма тоқып, киім тігетін. Үйдің іші әрдайым қолдан жасалған бұйымға, әсемдікке толы еді. Содан шығар, ол бала күнінен өнерге ғашық болып өскен. Қатар-құрбысы аулада асық атып, ойын қуып жүргенде бүлдіршін Салтанат сіріңкенің талынан тоқыма тоқып, қолына түскен нәрседен қандай да бір әсемдік жасауды ойлап отырады екен. Ал, әке-шешесі «әлі кішкентайсың» деп оның қолына ине бермейтін көрінеді. Бір күні әжесі: «Бұл балаға ине беруге болады», — деп батасын бергендей рұқсат етті. Сол сәттен бастап оның қолөнерге деген шын қызығушылығы басталды.

– Әлі есімде, бірінші сыныпта оқып жүргенімде алғаш рет шұлықтың қонышын тоқып шықтым. Содан бастап қолым тоқтаған жоқ. Жетінші сыныпқа жеткенімде мұғалімдер қолөнерге бейім екенімді ерекше бағалап, жасаған бұйымдарымды сыныптастарыма үлгі етіп жүрді. «Елеусінованың шығармашылығы» деп менің жасаған дүниелерімді іліп те қоятын. Балаларға тігіп көрсет деп ортаға шығаратын. Сол кездің өзінде көйлек тіксем, оның етегін іле-шала ілмекпен өріп жалғап қоятын едім. Қазір ойлап отырсам, «соның бәріне қалай үлгергенмін» деп таң қаламын. Бұл, расында да, бойға біткен табиғи дарын мен үлкен қызығушылықтың арқасы болса керек.

Өнердің бір ғана саласына байланып қалмай, музыкаға да жақын болдым. ХІ сыныпқа дейін сахнада ән айта жүріп, музыкант болуды армандадым. Сол арманның жетегінде жүріп, музыка колледжіне түсіп, «дирижер» мамандығын оқып шықтым. Оқуды бітірген соң да сахнадан қол үзбей, Аққыстау ауылында жиын-тойда ән айтып жүрдім. Бірақ тұрмысқа шығып, екі балам дүниеге келген соң бұл жолды біржола қойғанмен өнерден қол үзген емеспін.

Студент кезімде сурет пәнінен салған суретіме қарап, ұстазым: «Сенің қолыңнан нағыз қолөнер келеді. Дирижерлікке қарағанда суретші не қолөнер мамандығына баруың керек», — дегені бар. Бірақ алған бетімнен қайтпай, төрт жыл оқып, дипломымды қолыма алдым. Музыкамен айналыссам да, қолөнерді ешқашан тастамадым. Сахнадан кеткен соң, барымды осы өнерге арнадым.

– Салтанат, осы қажырыңыз бен табандылығыңыздың арқасында ерекше техника мен стиль қалыптастырған боларсыз. Сіздің ерекшелігіңіз неде деп ойлайсыз?

– Иә, кейін келе мен моншаққа қатты әуестеніп кеттім. Былайша айтқанда, тұтас бір әлемге кіріп кеттім. Бастапқыда жай қызығушылық болатын, бірақ уақыт өте келе ол өмірімнің бір бөлігіне айналды. Бір күні ойланбастан Алматыға барып, 1 миллион теңгені несиеге алып, үйге бірнеше қап моншақ тиеп әкелгенім бар. Жүрек қалаған өнерді жарыққа шығару үшін адам ештеңеден тайынбайды екен.

Сөйтіп, үйдің іші толы моншақ. Қап-қап тастарға қарап отырып, «осыдан әйтеуір бір күні әдемі дүние жасап шығамын» деген ойға бекіндім. Күйеуім: «Мынау не қылған тас? Көшеде толып жатыр ғой. Сен даладағы тасты ақшаға сатып алып жүрсің», — деп келекеге айналдырды. Бірақ мен үшін ол жай ғана тас емес, өнердің бастапқы материалы еді. Ойым мүлде бөлек: «Әлемде қанша түрлі гүл бар, соның бәрін моншақпен жасап шығамын» деп қиялдадым.

Шынында да әуелі пайдасы болған жоқ. Тек жасағым келді, тоқтаусыз жасай бердім. Қобдиша, әшекей, кәдесый, гүл, диадема, ойыншық, әйтеуір қолымнан не келсе, бәрін жасап көрдім. Базардан бір-бірлеп моншақ сатып алып жүрдім, кейде керек нәрсе болмай қалса, басқа жақтан іздеп, әйтеуір тоқтамайтынмын. Бір бұйымды 1200 теңгеге сатып жүрдім. Шынында ол ақша материалдың бағасын ғана өтейтін. Еңбегім мен жұмсаған уақытым есепке кірмейтін. Сонда да тоқтаған жоқпын, себебі сатып алған адамның: «Рахмет, әдемі екен!» деген бір ауыз жылы сөзі маған бар еңбектің өтеуіндей көрінді. Бір адамның алғысы ұйқысыз өткен түндерімнің бәрін ұмыттырып, жанымды жадырататын.

Салтанат Елеусінова былтыр «Қолөнер ұршық» республикалық қоғамдық бірлестігін құрып, өз алдына кәсіп бастаған. Ол да негізсіз емес. 2016 жылы алғашқы қолөнер орталығын ашты. Шағын орталықтағы тек моншақтан жасалған бар бұйым үш-ақ күннің ішінде сатылып кетті. Оған өзі қатты таңғалып та, қуанып та қалды. Себебі бұл қолдан жасалған дүниенің сұранысқа ие екеніне бұлтартпас дәлел болатын.

Ал, өзі араласатын шеберлермен бірлесіп құрған «Қолөнер ұршық» бірлестігінің мақсаты – қолөнерге жанашыр адамдарды біріктіру, әр өңірдегі шеберлерді таныту, олардың еңбегін дәріптеу. Өйткені ел ішінде алтын қолды шеберлердің еңбегі көбінесе елеусіз қалып жататыны жасырын емес. Бірлестік соларды танытып, еңбекті бағалаудың, жаңа мүмкіндіктерге жол ашудың бір баспалдағы іспетті. Тіпті, Астанадан қонақтарды шақырып, «Ұршық Pati» атты арнайы шара да ұйымдастырды. Оған жиналған халық санын көріп Салтанат өнерге деген қызығушылықтың қаншалықты жоғары екеніне шынайы көз жеткізді.

Тіршілікте өнерді қолмен жасау жеткіліксіз. Егер шебер оны өзінен кейінгі буынға үйретпесе, қабілет-дарынның өзімен бірге кеткені деген сөз. Өйткені, өнер – рухани мұра, тек қолдың ісі емес. Салтанат та сол себепті әрқашан шәкірт тәрбиесін алдыңғы орынға қояды. Содан шығар, ол бір жыл бойы «Алтын оймақ» үйірмесінде ақы-пұлсыз сабақ берді. Сол кезде одан Атырау гуманитарлық колледжінің еңбек пәнінің мұғалімдері де, студенттері де келіп үйреніпті.

Ол ешқашан «үйренгім келеді» деген жанның ешқайсысын кері қайтарған емес. «Жасаған әрбір бұйымыңа жүрек жылуы құйылмаса, ол ешқашан әдемі шықпайды. Өнерді тек қолмен емес, жаныңмен де жасауың керек», — деп кейде оларға жігер де береді. Бүгінде олардың өздері тапсырыс алып, көрмелерге қатысып, жұртшылықтың алғысын алып жүр. Шебер үшін қуаныштың үлкені, жетістіктің биігі сол!..

– Есте қалған ерекше оқиғалардың бірін оқырманға айтып берсеңіз…

– Өмір жолында ұмытылмас сәттер аз емес қой. Бір күні қолына сурет ұстаған егде жастағы апай арнайы келді. Суретті көрсетіп: «осыны кестелеп бере аласың ба?» деді. Қарасам, өте күрделі, өрнегі ұсақ әрі асқан мұқияттылықты қажет ететін картина екен. Бұрын-соңды мұндай жұмыс жасап көрмеген соң, аздап қобалжығаным да рас. Алайда әлгі кісінің сенімі мені қанаттандырды. «Сеніп келіп тұр ғой, демек қолымнан келеді» деген оймен іске білек сыбана кірістім. Еңбегім дайын болған күні апайға тапсырып, жұмыс нәтижесін көрсеттім. Ол кісінің жүзінен шынайы қуаныш пен ризашылықты көріп, жан-дүнием жарқырап кетті. «Сенімімді ақтадың» деп алғысын білдіріп, еңбекақымды беріп қана қоймай, қолыма алтын сақинасын тағып кетті. Сол сәтте мен апайдан бұл еңбекті кімге арнап жатқанын сұрадым. «Келініме мұра ретінде беремін. Болашақ ұрпағыма аманат болсын» деді апай. Өнердің осындай терең мағынасын түсініп, оны ұрпаққа жеткізер рухани қазына деп бағалайтын жандардың әлі де бар екеніне іштей қатты қуандым.

Әрине, өмір үйрену мен үйретуден тұрады. Біз кестені қолмен тігуді осы істің шебері Зейнелхан Мұхамеджаннан арнайы үйреніпті. Ал, киізбен жұмыс жасауды үйреткен Ұлболсын Дәуленовадан үш бірдей сертификат алған. Әлі күнге дейін өз бетімен ізденіп, жаңа тәсілдерді меңгеріп келе жатқан шебер үшін үйрену – бір бөлек, үйрету – одан да зор жауапкершілік. Өйткені қасындағы әріптестеріне айтары да, үйретері де болуы шарт. Өзі білмегенді өзгеден үйренсе, шәкірттері білмегенін одан сұрайды.

Осыдан екі жыл бұрын Атыраудан 21 қолөнершіні жинап, Астанада өткен «Қас шебер» байқауына Салтанаттың өзі апарды. Бұл сапар бәріне де үлкен тәжірибе мектебі болды. Байқаудан кейін өзара байланыс одан сайын нығайып, әлі күнге дейін үзілген емес. Солардың арасында мұның үйінде тұратын тоқыманың сан түрін меңгерген өте еңбекқор жалғызбасты ана да бар. Қолынан шыққан бұйымдарына сүйсінбейтін адам кемде-кем. Мұндай талантты, адал жандардың жанында жүргеніне бұл да шын қуанады. «Өйткені біз бір-бірімізге тірек, шығармашылықта серікпіз. Бірімізге тапсырыс түссе, кейде таңға дейін тапжылмай жұмыс істейтін кезіміз де жиі болады. Арамызда аяқ киім тоқитын шеберлер де бар. Бірі білгенімен бөлісіп жүр, енді бірі үйренуден жалықпай, күн сайын жаңалыққа ұмтылып келеді. Осындай еңбекқор, өнерге шын берілген жандардың еңбегін бағалап, оларды халыққа кеңінен таныстыру маңызды іс деп есептеймін», — дейді ол.

– Бірде «Renaissance» орталығында кәсіпкерлердің басқосуына шақырды. Кім шақырғаны есімде жоқ, бірақ сол жиында қолөнершілерге де мүмкіндік берілді. Ұйымдастырушылар маған: «Сізге неше үстел керек?» — деп сұрады. Көпшілік бір-екі үстелден алып жатқанда мен: «Маған бес үстел керек», — дедім. Бәрі таңырқай қарады. Алайда ұйымдастырушылар әкеліп берген бес үстелге жасаған бұйымдарымды жайып қойдым. Сол жолы жастардың өнерге қызығушылығы артқаны ерекше әсер етті. Сонда жетекші саяси партиялардың бірінен Эльдар Әбижанов деген азаматпен танысып едім, ол бір жыл бойы хабарласып, түрлі шараларға шақырып жүрді. Әуелі уақыттың тығыздығын желеу етіп бара алмадым. Кейін бір кездесуде ол: «Апа, неге келмей жүрсіз? Сізді жастарға үлгі етіп көрсеткіміз келеді. Еңбегіңізді көпшілік көруі керек», — деп ағынан жарылды.

Сол күні Эльдар балам мені көлігіне отырғызып алып, қала ішінен үш ғимарат көрсетті. Екеуі – дайын, кең, жарығы бар таза орындар еді. Бірақ маған үшіншісі – «Нұрсая» шағынауданындағы есігі жоқ, іші жөнделмеген кеңсе көбірек ұнады. Оның таңырқаған жүзіне қарап, өзім реттеп алатынымды айттым. Ақыры, Танаш Сағынғалиев есімді азаматтың демеуімен барлық мүмкіндікті жасап алдым.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Арман көп қой, шүкір. Әуелі Атырау қаласындағы «Baizaar» сауда орталығынан орын алып, бұйымдарды сол жерден жалғастырсақ деген ойымыз да бар. Қолөнершілердің басын біріктіріп, әр өңірде осындай орталықтар ашылса деп те ойлаймын. Мен ешқашан мемлекеттен көмек күтіп отырған жан емеспін. Демеуші табылмаса, тірнектеп жиған-тергенімді салып, өнерімді дөңгелентіп келемін. Алдағы арманым – қолөнершілердің еңбегін дәріптеу, жастарға үйрету, қазақ қолөнерін жоғалтпай, керісінше өркендету.

– Сіздің жолыңызды ұстанған балаларыңыз бар ма?

– Иә, олар да өнерге ерекше бейім. Ұлым суретші мамандығын тәмамдады. Екі қызым бишілік өнерін жетік меңгеріп қана қоймай, қолөнерге де ерекше қызығушылық танытады. Олар тоқыма тоқып, моншақтан көркем бұйымдар жасап, өздерінің өнер әлемін кеңейтуде. Кіші қызым – Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның кәсіби бишісі.

Шүкір, жолымды жалғап, бастамамды қолдап, өнерімді бірге дамытып келе жатқандары мен үшін ең үлкен бақыт әрі мақтаныш. Өнер – жанмен, жүрекпен берілетін қасиет екенін осыдан ұғынады екенсің.

Әрине, өнерді отбасымен бірге дамытып, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру – ұлы іс. Мұндай дәстүрді сақтау тек бір ұлт емес, жалпы қоғам үшін өте маңызды. Осындай ынтымақтастықтың арқасында қазақ қолөнері одан әрі дамып, өміршең боларына біз де сенім білдірдік. Өйткені, ұлттың шынайы болмысы – өнері мен дәстүрінде.

Тоғжан ЕРМЕК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button