
Жүрекке сезілетін әуен
«Құдай не жазса, соны көру – соқырлықтың белгісі», — дейді қазақ ағартушысы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатов. Расында, «басқа салғаны осы ғой» деп табиғаттың сыйынан құр қалып, өмірден баз кешу – әлсіздіктің белгісі. Ал өмірдің сынағына мойымай, рухын сындырмай, қиындыққа қарсы тұра білген жан ғана шынайы өмірдің мәнін сезіне алады.
Осы сөздің айқын дәлелі – есту қабілеті нашар болса да, сахнада биден ғажайып өрнек сала білген Қаракөз Мұрат. Атырау қаласында дүниеге келген оның тағдыры өзгелерден ерек, бала күнінен өзгеше әлемде өмір сүрді. Дыбысты естімесе де, әр сәттің ырғағын жүрегімен сезіп, оны би арқылы жеткізуді үйренді. Алты жасынан бастап өнерге баулыған ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген хореографы Исатай Елеусінов бүгінде шәкіртінің дарынын жоғары бағалайды.
– Қаракөзде ерекше бір қуат бар. Ол қимыл арқылы өз әлемін жасайды. Музыка болмаса да, оның ішкі ырғақ сезімі ешкімнен кем емес, — дейді ұстазы.
Он бес жылдық өнер жолында Қаракөз сахнадан түспей, халықаралық байқауларда өз өнерін сынға салды. Ең ірі жетістіктерінің бірі – жуырда Ресей Федерациясының Грозный қаласында өткен XVI Халықаралық Махмуд Эсамбаев атындағы байқаудағы жеңісі. 700-ден астам қатысушының ішінен 16 үздіктің қатарына енуі – оның еңбегі мен табандылығының жемісі.
– Әлемдік сахнада Қазақстанның атынан өнер көрсету бала күнгі арманым еді. Бұл жеңіс – ұстаздарымның маңдай тері, ата-анамның қолдауының нәтижесі, — дейді Қаракөздің өзі.

Қазір жас биші Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде «Хореография» мамандығы бойынша білім алып жүр. Ол үшін сахна – тек өнер көрсету алаңы емес, өз сезімін, қуатын және жан дүниесін жеткізудің тәсілі. Қаракөздің репертуары да кең әрі сан алуан. Ол қазақтың дәстүрлі билерінен бастап, шығыс мәдениетінің нәзік қимылдары, үнді мен өзбек хореографиясының ырғақтары және заманауи бағыттағы би қойылымдары бар.
Ол әр биге ерекше дайындалады. Костюмнің түсі мен матасына дейін ерекше мән береді. Себебі ол үшін киім – биінің бір бөлігі, ішкі сезімнің көрінісі.
– Костюмдер арқылы өз сезімімді, көңіл-күйім мен биімнің мәнін жеткіземін. Олар менің биімнің жалғасы іспетті. Музыканы естімеймін, бірақ оны жүрегіммен сеземін. Діріл, санау, эмоция, көрерменнің тынысы – бәрі маған бағыт та, шабыт та береді. Ең бастысы, арманға жету үшін өз-өзіңе сенімділік қажет, — дейді Қаракөз Азаматқызы.

Туабіткен саңырау бола тұра, ол өз дарыны мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде талай халықаралық байқаудың дипломанты атанды. Қаракөз үшін би – тек өнер емес, жанның тілі, жүректің әуені. Оның әр қимылы сезімге, ұлттық нақышқа және рухани қуатқа толы.
– Мен әлемге саңырау адамдар да билей алатынын көрсеткім келеді. Музыканы ести алмасаң да, жүрегіңмен шынайы сезіне білсең, өнердің биік белесін бағындыруға болады, — дейді жас биші.
Жас таланттың мақсаты айқын, арманы биік. Ол келешекте шығармашылық кешін өткізіп, өз өнері арқылы қоғамға үміт пен сенім ұялатуды көздейді.
– Өзім сияқты есту қабілеті шектеулі жандарға үміт сыйлағым келеді. Ең бастысы адамда арман, арманға жетуге талпынған ынта мен ниет болса, оған ештеңе де кедергі емес, — дейді Қаракөз.
P.S. Қаракөздің өмірге құлшынысы зор, мақсаты айқын, рухы мықты. Оның табандылығы мен болашаққа деген сенімі – көпке үлгі. Бойында өмірге ерік-жігері мол, өнерге сүйіспеншілігі зор Қаракөзге арманы орындалып, жолы әрдайым ашық болуына біз де шынайы ниетімізді білдірдік.
Тоғжан ЕРМЕК



