Жарнама
Мәдениет

Жастардың мерейін тасытқан өнер додасы

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасының жарық шамдары жарқ етіп, көрермен толы залды жастық жалын мен шабыт кернеді. Ал театр фойесінде ән мен күлкі, достық пен қуаныштың лебі сезіледі. Әр оқу орнының студенттері өз өнер ұжымдарын таныстырып, сахна сыртында қобалжып жүр. Өйткені, «Stud Fest-2025» облыстық студенттік фестивалі тек байқау емес, әрбір жас үшін өмірінің бір белесі, есінде мәңгі сақталатын сәт.

fest 5

Міне, гала-концерт басталып, сахнада жарықпен бірге жалындаған жастардың мықты энергетикасы сезілді. Ән мен бидің, театр мен поэзияның үйлесімі – жастардың жүрегінен шыққан өнердің көрінісі. Көрермен әр нөмірді ыстық ықыласпен қабылдап, сахнадағы әр студенттің арманына, талпынысына тілеулес болды.

Үш сағатқа созылған студенттер арасындағы өнер додасы жоғары деңгейде өтті. Сахнада үздік деп танылған жеңімпаздарды жариялайтын сәт келді. Сонымен, әділқазылар алқасының шешімімен Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінің өнері I орынға лайықты деп танылып, 300 000 теңге байрақты еншіледі. Сондай-ақ Атырау жоғары медициналық колледжіне II орын (200 000 теңге) бұйырса, Атырау жоғары көпсалалы «Болашақ» колледжі  III орынға (100 000 теңге) ие болды.

fest

Жеңімпаздарға сертификатты табыстаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова тағылымды шараның маңыздылығын атап өтті.

Жастар тәуелсіз еліміздің ертеңгі тіректері. Олардың жауапкершіліктері мен саф өнерге деген қызығушылықтарының арқасында осы шара жүзеге асып отыр. Осындай жобалар студенттердің бойындағы дарынды ашады. Біз олардың тек өнеріне емес, өмірге деген көзқарасына, ерік-жігеріне куә болдық. Жалындаған жастарды қолдаған оқу ордаларының басшыларына да алғыс білдіреміз. Бұл шара әлі де жалғасын табады деген ниеттеміз, — деді Гүлнұр Жалғасқызы.

fest 3

 Расында, «Stud Fest-2025» фестиваліне қатысқан әр студенттің талабы мен өнерге деген құштарлығы осы шараның шырайын ашты. «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен фестивалдің гала-концертін биылғы жастар өміріндегі ең жарқын мәдени оқиға деуге болады.

– «Atyrau Students Union (ASU)» жобасы аясында жүзеге асқан бұл фестивальдің мақсаты жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру, эстетикалық талғамын шыңдау, олардың өзара байланысын күшейтіп, студенттік өмірге жарқын бояу қосу. Бұған дейін іріктеу кезеңіне облыстағы 10 оқу орны – 1 университет пен 9 колледж қатысты. Жылыой ауданынан 1 колледж қатысса, қалғаны қаладағы оқу орындары. Әділқазылар құрамының таңдауы бойынша 100-ге жуық студент гала-концертке жолдама алып, бүгін сахна төрінде өз өнерін паш етті, — деді ұйымдастырушы Ерболат Балабаев.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button