Жарнама
Мәдениет

Жақсылық пен ертегілер еліне саяхат

Атырауда Достық үйінің сахнасы бір сәтке нағыз ғажайып әлемге айналды. Бұл күні мұнда «Светоч-Атырау» славян этномәдени бірлестігі мен «Вершина» мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Жақсылық пен ертегілер елінде» атты тамаша мерекелік кеш өтті.
Кештің шымылдығы ашылған сәттен-ақ көрерменді жылы әсер мен қуанышты көңіл-күй баурап алды. Сахнаға шыққан кішкентай жүргізушілердің балғын үні мен мейірімге толы сөзі көрермен жүрегін елжіретті.

kkkkkkkkkkkkkkkkkkkkkkkkkkkk

– Балалар тек болашақ емес, олар біздің бүгініміздің айнасы, — деген сөз кештің негізгі рухын айқындап берді. Сахна төрінде «Зеркало» миниатюра театрының тәрбиеленушілері өздерін нағыз актердей еркін ұстап, күлкі мен ой салған шағын қойылымдарын ұсынды. «Недотёпа» атты көріністе кішкентай кейіпкерлердің аңғал әрекеті мен шынайы ойыны залды ду күлкіге бөледі.
Ал «Камелия» халық би ансамблінің нәзік қимылдары мен әсем ырғағы көрерменді сиқырлы әлемге жетеледі. «Шкатулочка» биінен бастап «Сирень» мен «Гүлдер биіне» дейінгі әрбір нөмірде сұлулық пен талғамның жарасымы байқалды. Кішкентай бишілер сахнада емес, қиял әлемінің бір бөлшегіндей көрінді. «Фантазия» вокал студиясының бүлдіршіндері орындаған әндер көрерменнің жүзінде жылулық сыйлады. Әр әуен балалықтың пәктігі мен қуанышын бейнелегендей еді.
Кештің ең әсерлі сәті – «Золушка» мен «Ақшақар мен жеті гном» ертегілерінің сахналық көріністері болды. Онда достық, адалдық, мейірім сияқты ұлы ұғымдар нәзік сезіммен өрілді.
Көрерменнің арасындағы балалар кейіпкерлердің әр сөзін іліп алып, бірге қуанып, бірге алаңдады.

– Бұл кеш балғын жүректерге қуаныш сыйлау ғана емес, олардың бойына ізгілік пен сенім ұялату. Әр бала өзін осы сахнада ерекше сезінді, әр ата-ана бақытты сәттің куәсі болды, — дейді ұйымдастырушылардың бірі Раиса Биткова.

Кеш соңында барлық қатысушылар сахнаға шығып, «Бақытты балалық шақ баршамыздың арманы!» деген ұранмен шырқалған әнмен мерекені түйіндеді. Залдағылардың жүзінен бір ғана эмоция – шынайы шаттық пен үміт сәулесін көруге болатын.
Иә, бұл кеш тек концерт емес, мейірім мен достықтың, өнер мен ықыластың мерекесі болды. Көрермендер де «Жақсылық пен ертегілер елі» сананы серпілткен қойылым» деген пікірлерін білдірді.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button