ЖАНДЫ СҮЙСІНТКЕН «ЖАУЖҮРЕК»

Облысымызға гастрольдік сапармен келіп, халықты серпілтіп, рухани азық сыйлап жүрген Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының «Жаужүрек» қойылымын тамашалауға келушілер аз болмады. 

Спектакльдің қоюшы-режиссері – ҚР Халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев, қоюшы-суретшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Тұяқов, ал, композиторы – Ермек Елгезеков.
Қойылымның оқиғалық желісіне келер болсақ, патшалық Ресей империясының Қазақ елін отарлау саясаты кеңінен көрініс табады. Патша заманында Көкшетаудағы жергілікті қазақтардың шұрайлы, нулы-сулы жерлерін тартып алып, жергілікті халықты қуғынға ұшыратып, орыстарды қоныстандыру саясатына қарсы шығып, тәуекелге бел буған Балуанның бейнесі сомдалады. «Ел азат болмай, ер азат емес» қағидасын ұстанған Балуанның рөлін аталмыш театрдың актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Республикалық Жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Біләлов сомдады.
Балуан Шолақты қалың жұртшылық негізінен әнші, балуан ретінде білетін, кейін ол елінің еркіндігі, азаттығы үшін күреске шығып, батыр атанады. Спектакльдің бір маңызды тұсы да осы болып табылады.
Драма Қарқаралы бәйгесінен жеңімпаз болып оралған Нұрмағамбеттің жүлдесімен басталады. Ел-жұрт қуанып жатқанда сегіз ояздың аға сұлтаны паң Нұрмағамбетке оның саусағының шолақтығы мен батырлығын, балуандығын ескеріп, Балуан Шолақ деп ат қояды. Сол сәттен бастап ол Балуан Шолақ атанады.
Қаймақтының мекеніне жау шапты дегенде, Балуанның жары Балқаштың қолына қару алып, жауға қарсы аттанатын тұсы да – режиссердің тапқырлығы. Осы Балқаш бейнесімен режиссер Е.Обаев қазақ қыздарына тән жігерлілік, батылдық, қайсарлық қасиеттерін көрсете білді.
Қазақтардың жерін қазаққа қайтаруды талап етіп Балуанның Көкшетау уезі бастығы Долгоносовтың сарайына келуі арқылы режиссер оның бойындағы жаужүректік қасиеттерін аңғартып тастайды. Сондай-ақ, сөзге араласа берген ояздың жұбайы Елизавета Петровнаның орыс тілінде қазақтарды мазақтауы, надан халық, санасыз халық деп бағалауына да Балуанның орыс тілінде орынды жауап беруі – режиссердің тапқырлығы.
Негізінен, соңғы кезде кино немесе театрларда орыс сөздерін орынсыз пайдалану, өкінішке орай, көбейіп кетті. Менің ойымша, егер спектакльде көрерменге жеткізер ойды, идеяны, қойылымның мән-мазмұнын жеткізуге тікелей қатысты болса ғана орыс тіліндегі сөздерді сахнаға алып келген жөн. Ал, бұл қойылымда Балуан ояздың үйіне келген кезде «дикари» деп кекетіп сөйлеген сөздеріне Балуан да қазақ халқының сауатты халық екендігін көрсету, басқа тілді меңгере білетінін, басқа мәдениетті тани білетінін жеткізу мақсатында орыс тілінде жауап қайтарады. Сонда бұл жерде бәрі аң-таң болып, көзқарастарын өзгертеді. Балуан сол жерде-ақ бүкіл болмысын көрсеткен болатын, – дейді Балуанның рөлін сомдаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Республикалық Жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Біләлов.
Балуанның қойған шарттарын орындаудан бас тартқан Долгоносовтың еліктей ерке жалғыз қызы Татьянаны Балуан ұрлап әкетіп, қыздың әкесіне хат жолдайды. Көкшетау уезі бастығы Балуаннан жеңілгендігін мойындап, хатта келтірілген барлық талабын орындап, Балуанның түрмедегі сүйген жары мен туған-туыстарын босатып, қазақтарға жерлерін қайтарады.
Драма таудың шырқау шыңында өткен үш күн, үш түнде орыс қызы Татьянаның Балуанға ғашық болуымен шиеленіседі. Балуанның кеңпейілділігіне, ақылдылығына, батырлығына құлай, ессіз ғашық болған Татьянаның бейнесін «Арнау» дуэтінің әншісі Салтанат Бақаева ашып береді.
Қойылым көрермен қауымға ой салып, тамаша әсер қалдырды. Тарихымыздан сыр шерткен қойылымды тамашалаған атыраулықтар театр деген құдіретті өнерден рухани демалып қайтқандары анық сезілді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз