Жарнама
Мәдениет

Жанды өнердің жаңғырығы

Театр – мәдениеттің айнасы. Бұл өнер ордасына орта және аға буыннан бөлек, мектеп жасындағы балаларды да көбірек тарту қажет. Өйткені қазіргі жас буын – театрдың ертеңгі тұрақты көрермендері. Сондықтан өскелең ұрпақ мәдениеттің мәйегі саналатын театрмен үндесе бой түзеуі керек.

Сонымен қатар сахна тарландары қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерді дөп басып, бүгінгі көрерменнің көңілінен шығатын дүниелерді сахналап отыруға тиіс. Бұл ретте көрермен талғамын театр актерлеріне жан-жақты жеткізе алатын төртінші билік өкілдері мен театр сыншыларының еңбегін арттырудың да маңызы зор.

Осы және өзге де мәселелер туралы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен баспасөз конференциясында кеңінен айтылды.

Жаңа қойылымдар – көрерменнің сұранысы

Биыл театр сахнасында бірнеше премьера көрсетілген. Соның ішінде Барзу Абдураззоқовтың режиссерлігімен Александр Сухово-Кобылиннің «Іс» трагифарсі, Гүлназ Қамысбаеваның режиссерлігіндегі Артур Яхуданың «Алпамыс мектепке барады» ностальгиялық қойылымы (А.Қарсақбаевтың фильмі бойынша), Мия Әлқожаеваның «Сіз кімсіз?» метафизикалық драмасы (режиссері Азамат Орынбаев), Александр Казанцевтің «Жоғалған үміт» перформансы (режиссері Данияр Базарқұлов) бар. Сонымен қатар Жаннат Телтаевтың режиссерлігіндегі Александр Володиннің «Кездесу мен қоштасу» мелодрамасы, Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы режиссері Гүлназ Қамысбаева), Әлібек Байболдың «Үзілген үміт» драмасы (режиссері Ақылбек Хамитов) алғаш рет көрерменге ұсынылды.

Театр ұжымы гастрольдік сапарлармен өзге өңірлерді де аралап келеді. Сәуір айында Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында А.Ихсанның «Қасым хан» драмасы, Ә.Рахаттың «Қыр баласы» драмасы, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» драмасы, М.Отарбаевтың «Баянды бақ» драмасы және Ә.Дәулетбаеваның «Толқындар жағада өледі» қойылымдары сахналанып, жалпы 2500-ден аса көрермен тамашалады.

Одан кейін Талдықорған қаласындағы Б.Римова атындағы қазақ драма театрында Ә.Рахаттың «Қыр баласы» драмасы, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» драмасы, М.Отарбаевтың «Баянды бақ» драмасы және Б.Сарыбайдың «Кішкентай ауылдағы үлкен махаббат» қойылымы көрсетіліп, көпшіліктің оң бағасын алды.

Атырау облысының Құрманғазы және Исатай аудандарында өткен гастрольдерде Б.Сарыбайдың «Кішкентай ауылдағы үлкен махаббат» қойылымы және «Винни және оның достары» ертегісі көрсетіліп, жалпы саны 1200 көрермен қамтылды.

– Театр ұжымы қыркүйекте Жезқазған қаласында өткен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, көрнекті режиссер Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театр фестивалінде Ә.Дәулетбаеваның «Толқындар жағада өледі» қойылымымен «Қазіргі кезеңнің проблемасына заманауи көзқарасы үшін» номинациясын иеленді. Ақтау қаласында өткен III халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестиваліне арнайы қонақ ретінде қатысып, Р.Отарбаевтың «Бейбарыс» әфсанасын сахналады. Фестивальде ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың Алғыс хатымен марапатталды. Қазан айында «QIT FEST» халықаралық театр фестиваль-лабораториясында Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» шерімен қатысып, жүлделі III орынды жеңіп алды.     

Сондай-ақ осы айда Тараз қаласында өткен, «Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 90 жылдығы және қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, актер, профессор, Қазақстанның халық артисі А.Тоқпановтың 110 жылдығына» арналған республикалық театрлар фестивалінде М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» трагедиясы көрсетілді. «Үздік бейне» үшін жас актриса Шәкизада Күзембай «Үміт» номинациясымен марапатталды, — деді театрдың көркемдік жетекшісі Темірбек Мұхтаров.

Театрдың жатақханасы салынады

Театрдағы басты жаңалық – өнер ордасына арналған 5 қабатты, 60 орындық жатақхана салынбақ. Бірінші қабаты техникалық мақсатқа пайдаланылса, жоғары қабаттарда 2 және 3 орындық бөлмелер орналастырылады.                    

                      

 –Бұл – жас мамандарды әлеуметтік қолдауда маңызды бастама. Қазір мекеме табыс көзінен төрт пәтерді жалға алуға мәжбүр. Жатақхана салынса, өзге өңірлерден келетін кәсіби мамандарды да тарту әлдеқайда жеңіл болады, — деді театр директоры Сағынтай Көпжасаров.

”Үзілген үміт” көрерменге жол тартады

Ертең, 10 желтоқсан күні сағат 19:00-де Ә.Байболдың «Үзілген үміт» драмасының премьерасы өтеді. Ақылбек Хамитовтің режиссерлігімен қойылатын бұл спектакльде әйел тағдыры терең ашылады.

– Әйел тағдыры – әлем тағдыры емес пе?! Алайда кейде өмірдің өктем шындығын өзге арнаға бұра алмайсың. Ана болуды армандаған Толқынның быт-шыт болған өмірі, одан теріс айналып, жақын құрбысы Ажарға үйленген күйеуінің сатқындығы – үзілген үміт пен талқандалған сенімді көрсетеді. Қойылым көрерменді ішкі жан дүниесіне үңілуге, адамгершілік пен шынайы сезімдер туралы ойлануға жетелейді, — деді труппа меңгерушісі Әзілхан Серікбаев.

Актер өнерін еш нәрсе алмастырмайды

Театрдың өзге салалардан ерекшелігі – бірнеше өнердің синтезінде. Мұнда хореография да, ән де, драмалық ойын да бар. Бұл – жанды өнер. Қоғам қанша жаңарып, цифрландыру мен жасанды интеллект дамыса да, сахнадағы тірі актер өнерін ештеңе алмастыра алмайды. Осыны режиссер Жанат Телтаев ерекше атап өтті.

– ЖИ дәуірінде белгілі бір элементтерді қызмет барысында қолдануға болады. Басқа қалада пьесаны ЖИ көмегімен жазып, сахналап та үлгерді. Иә, ЖИ театр саласына еніп жатыр. Бірақ ол ешқашан сахнадағы актерді алмастыра алмайды, — деді ол.

2025 жылы репертуар бойынша жалпы 80 рет спектакль көрермен назарына ұсынылды. Конференция барысында театр өкілдері, актер  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Атырау қаласының Құрметті азаматы Совет Қожабеков, актриса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ғазиза Бейсенбаева мен мәдениет саласының үздігі Ержан Жұмат, актриса, Мәдениет қайраткері Анета Баетова сөз сөйлеп, театрдағы тәжірибелерімен бөлісті. Жиын соңында өнер ордасының өкілдері журналистермен әрдайым қоян-қолтық жұмыс жасауға дайын екендерін жеткізді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button