Жарнама
Мәдениет

Тойдағы  дарақылық. Ардан безген асабалар

Ежелде ата-бабамыз тойды «ұлттық тәрбие бесігі, халықтың қазынасы» деп бағалаған. Аттың жалында, түйенің қомында тірлік кешкен елдің әдебиеті ауызда, өнері өреде жүріп-ақ дамыды. Ал қазір қазақтың той-жиынына сын айтушылар да, мін айтушылар да жетерлік. Солай болғанымен тойдан тартынып жатқан ешкім жоқ. Тойдағы даңғазалық пен дарақылық жыл сайын күшеймесе, бәсеңдеп жатпағаны белгілі.

Заманына қарай… тойы

Сөзсіз ұлттың мінезі, көңіл кеңдігі мен өмірге деген көзқарасы осы бір қуаныш үстінде көрініс табады. Қазір үлкендеріміз «осыдан жиырма-отыз жыл бұрынғы тойлардың жөні бір бөлек еді» деп жиі айтып отырады. Расында да, сол уақыттың әрбір тойы бүгінгідей сән-салтанат қуған, бәсекеге құрылған емес, шынайы қуаныштың, адал ықыластың мерекесі болатын. Қара шаңырақтың ауласында, көлеңкесі түсіп тұратын шатырдың астында өтетін думандардың өзінде жылылық бар еді.

Тоқырау заманында да ел пейілін тарылтпай, барымен бөлісіп, жоқты жасырып, көңілдің кеңдігін көрсететін. Ол кезде қонақ күткен қазақ шүкіршілікті серік етіп, «тойдың сәні – дастарқанның молдығында емес, ниеттің кеңдігінде» деп білетін. Меймандар да жасандылықсыз, шын көңілмен жиналып, думанның шырайын кіргізетін.

Үлкендердің айтуынша, 90-шы жылдары ауыл-аймақтың әр тойы өзінше бір оқиға еді. Сол кездері кейбір ауылдарда «той төбелессіз өтпейді» деген ұғым қалыптасқан деседі. Тіпті әр елді мекенде той соңынан «жігіттік намысты» көрсететін топтардың болғанын да көзкөргендер жиі әңгімелейді. Той иесі мұның бәрін білсе де, «сол болмаса, қызығы кеміп қалар» деген пейілмен көз жұма қарайтын. Қазір күлкі шақыратын осы әңгімелердің астарында бір дәуірдің мінезі, ауыл арасындағы сыйластықтың, ер көңілдің бір сипаты жатқандай.

Ал жаңа ғасырмен бірге тойдың сипаты да өзгерді. Жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылдарында елдің талғамы да, ұстанымы да жаңаша қалыптаса бастады. Сол тұста «арақ-шарапсыз той өткізу» үрдісі пайда болды. Бұл көпшіліктің көңіліне үміт ұялатты. «Ащы сусыз да той қызықты өтеді екен ғой» деп риза болғандар да көп еді. Бұл қоғамның рухани тазаруға, ұлттық болмысқа бет бұрған кезеңі болатын.

Тойдың ішкі аурасына үңілер болсақ, бүгінгі думанды бұрынғымен салыстыруға әсте келмейді. Қазір аумағы атшаптырым тойханалар салынды, сыйымдылығы 1500-ге дейінгі мейрамханалар бар, дастарқанға құстың сүтінен басқаның бәрі қойылады. Салтанатты шараның ерекше сценарийлері де көбейген. Тіпті күллі қауым алдында көлікпен кіретін сарайлар да бар. Мұнан бөлек, алдына тікұшақ қонатын алаңқайы жасалған мейрамханалар да салынуда.

«Той десе, қу бас домалайды» демекші, қазақтың шаттықтан шаршамайтыны анық. Қалай десек те, әрдайым алыс-берісі, барыс-келісі үзілмеген, жыл он екі ай думандататын халықпыз. Бір жағынан осындай кең пейіл, керемет дархан болмыстың арқасында бүгінгі мейрамханалардың да мерейі асып, табысы артып, кәсібі ілгерілеп жатыр.

Дәстүр бұрмаланып барады

Қазақтың қай дәстүрін алсаң да, оның әрбір рәсімінде ұлттың терең философиясы, дүниетанымы жатыр. Бірақ соңғы жылдары ұлттық салт-дәстүрлеріміздің мән-мағынасы бұрмаланып, ел арасында әркім өз білгенінше жаңалық енгізіп, жаңсақ түсініктер тарату белең алып келеді.

– Қазақ мемлекеттілігін сақтау, қорғау және нығайту – баршамыздың қасиетті борышымыз. Қазақ мемлекеттілігіне қарсы бағыттағы, ұлттың рухани негізін шайқалтатын пікірлерді кім айтса да, заңмен қудалау қажет. Өйткені ұлттық тұтастықты әлсірететін әрбір сөз, әрбір әрекет – мемлекеттің іргесін сөгуге апаратын жол. Біз ең алдымен өзіміздің ұлттық бетпердемізді, рухани болмысымызды сақтауымыз керек,-деді қоғамдағы келеңсіз жайттарға алаңдаушылық білдірген білім саласының ардагері, ел мен ұлт тағдырына бейжай қарамайтын азамат Серік Сапанов.

Оның айтуынша, қазақтың дәстүрлі тәрбиелік мәні бар рәсімдері баланы қырқынан шығару, бесікке салу, тұсаукесер, тілашар сияқты салттар – ғасырлар бойы халықтың өмір тәжірибесінен сұрыпталған, киелі де мәнді ғұрыптар. Алайда бүгінде осының бәріне ойдан қосылған, қазақтың әдетінде жоқ әрекеттер араласып жүр.

– Мысалы, кейбіреулер «Қыздың тұсауын әйел адам пышақтың жүзін төмен қаратып кесуі керек. Ол сәбиді көтеріп алып қашады, қалған әйелдер қуып жетеді. Ал ер баланың тұсауын кесетін адам пышақтың жүзін жоғары  қарата кесуі қажет» деген сияқты бос сөздерді айтады. Мұндай түсінік біздің салтымызда болмаған. Бұрынғы қазақ пышақ пен семсерді қасиет тұтқан, оны өзіне қаратып қолдану – үлкен әбестік. Жетінші ғасырдағы қытай жазбаларында, сондай-ақ тарихшы Қойшығара Салғарин келтірген деректерде түркі халықтарының ғұндардың ұрпағы, өмір бойы қару асынып жүрген жауынгер халық болғаны айтылады. Белінде қылышы, белбеуіне ілген семсері бар халық үшін пышақтың жүзін жоғары қаратып қолдану қауіпті жарақатқа ұласады, бұл надандық, — деді ардагер ұстаз.

Серік Жұбанұлының пікірінше, мұндай бұрмалаулардың түп-тамырында ұлттан алыстату, рухани тамырдан ажырату секілді теріс ой жатыр. Кейбіреулер «сәлем салуға болмайды», «домбырамен өлең айту – күнә» деген секілді жаңсақ ұғымдарды таратып жүр. Бұл да – ұлттың дәстүрін, рухани діңгегін шайқалтудың бір түрі.

– Қазақ ешқашан өз дәстүрін дінге қарсы қоймаған, қайта екеуін ұштастыра білген халық қой. Біз ұрпағымызға соны түсіндіруіміз керек. Ал бүгінгі «жаңашылдық» деп жүргендердің көбі ұлттық рухқа, елдік санаға қарсы әрекеттер жасап жүр. Тілді шұбарлап, арасына ағылшын мен араб сөздерін қыстырып сөйлеу де – сол рухани әлсіреудің көрінісі. Бізге ендігі жерде сән қуған «жаңалықтар» емес, ата-бабамыздың ақылымен қалыптасқан қарапайым, табиғи дәстүрлерді сақтау маңызды,-деді ол.

Салт-дәстүр – ұлттың айнасы, оның болмысын айқындайтын рухани тірегі. Егер сол дәстүр бұрмаланса, ұлттың келбеті де өзгереді. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың міндеті – әр рәсімнің мәнін дұрыс ұғынып, оны шынайы күйінде сақтау.

Мағыналы тойдан – мақтан тойға

Тойдың әуелгі мақсаты әулеттің бас қосатын жиыны, рухани азық алып, сыйластықты арттыру еді. Бұл орайда философия ғылымдарының докторы, профессор Жақан Молдабековтың мына бір пікірі ойға оралады.

«Тойдағы басқосу, сұхбаттасу – адам тану мектебі, тұлғаның қабілет-қасиетін танытатын және оны қастерлей білуге үйрететін қауымдастық үлгісі. Тойдың думанды, сәнді де мәнді өтуі той иесінің ғана емес, тойға келген үлкен-кішінің әрқайсысына тікелей қатысты екенін ұмытып кететін, ескере бермейтін жайымыз да бар».

Иә, жас ұрпақты тәрбиелеуде тойдың әсері мол. Сондықтан да салтын сақтайтын саналы ел ретінде тойдан мән іздеуіміз бекер емес.

– Бүгінде кейбір тойлардан демалып емес, шаршап қайтатынымыз шындық. Кейде менталитетімізге жат көріністерге де куә боламыз. Ең бірінші кемшілігіміз – тойға кешігіп келетініміз. Сөйтіп, той өз уақытынан 1,5-2 сағат кеш басталады. Музыканың құлақ тұнардай қатты қойылуы, абыз қарияларымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың орнына жасанды бейнелердегі әртістердің бата беруі, шаңырақ көтерген екі жас той үстінде тортты кесіп, ата-анасының аузына тықпалауы, биші қыздардың жартылай жалаңаш кейіпте өнер көрсетуі, тағы басқа өрескел көріністер мен қылықтарды біздің салт-дәстүрімізге жат деп санаймын. Той – ұлт мәдениетінің, салт-дәстүрінің көрінісі. Сондықтан олқылықтарымызды таразылап, тойдың тәрбиелік маңызын арттыратын жолдарын қарастыруымыз қажет,-дейді Атырау қаласындағы «Кәусар» ән-би тобының жетекшісі Айдана Бейімбекқызы.

Қазір жұрт өнерпаздарды өнегелі сөзіне, әдепті мінезіне қарап емес, тойға шығатын бағасына қарап таңдайтын болған. «Кім болса сол келіннің бетін ашып, тойға кіргізіп, жүйесіз сөзін айтып, халықтың алдына шығады. Мұндай көрініс  мәдениетсіздіктің ғана емес, ұлттық ұяттың әлсірегенінің көрінісі» дейді сұхбаттасушымыз.

Шындығында, той сахнасына шығу – жай ғана көңіл көтеру емес, үлкен жауапкершілік. Әрбір дәстүрдің астарында ғасырлар бойғы таным, тәрбиелік мән, ұлттық рух жатыр. Мысалы, сәбидің тұсауын кесу рәсімінде қолданылатын ала жіп – адалдықтың нышаны, ал жолына төселетін ақ мата – пәктіктің, таза өмірдің белгісі. Осы бір ұсақ көріністердің өзі үлкен ұлттың мәдени жадын сақтап тұрған құндылықтар. Ал қазір сол дәстүрдің мәнін түсінбей, сыртқы рәсімін ғана қайталау белең алып отыр. Келіннің алдынан кесіп өтпеу, оны жеңгелері қолтықтап алып шығу – бұрыннан келе жатқан әдеп. Бірақ бүгінде бұл ереже де ескерілмейді. Бірі қолындағы телефонмен әрлі-бері жүгіріп жүр, бірі сахнаның шетінде бейберекет қозғалады. Сахнадағы өнер мен көрініске деген құрмет, сыпайылық жоғалып барады.

Айдана Бейімбекқызының айтуынша, асабалар мен өнерпаздардың ішінде мәдениет пен тәртіпке мән бермейтіндер көп. «Асаба ойын ойнату үшін халыққа “сен, сен” деп саусағын шошайтып сөйлейді. Бұл – өте дөрекі қылық. Асаба халыққа басшы емес, елдің көңілін көтеретін, тәрбиелік ой тастайтын адам болуы керек. Әр сөзін елдің құлағына жағымды етіп, өнегелі бағытта айтуы тиіс. Тойдың сәнін арзан күлкі мен дарақылыққа айырбастау халықтың талғамын төмендетеді» дейді ол.

Бүгінде фонограммаға жүгініп, өз дауысы жоқ әншілердің сахнаға шығуы да үйреншікті жағдайға айналған. Мұндай жасандылық әулет қуанышын қадірлемеу, рухани немқұрайлылықтың көрінісі іспетті.

– Өнер иесі халықтың алдына шыққанда, өз даусымен, өз жүрегінің шынайылығымен сөйлеуі керек. Фонограмма – өтіріктің бір түрі. Мен өз дауысыммен, адал еңбегіммен ән айтқым келеді. Бірақ ондай шынайылықты бағалайтын адам аз. Той жарысқа айналды. Кімнің дауысы жақсы, кімнің сөзі мағыналы деген өлшем жоқ. Тек кім қымбат, кім сәнді киім киеді, соған қарайды. Бұл – өнердің қадірін кетіретін қауіпті құбылыс, — дейді өнер иесі көңілі құлазып.

Мәдениетті асаба мәртебелі

Қуаныштың сәні мен мәнін арттырып, әрбір отырысты көңілді де мазмұнды етіп өткізетін басты тұлға – асаба. Ол – жай ғана той жүргізуші емес, халықтың сөз ұстаған өкілі, рухани мәдениеттің жаршысы. Тойдың шырайын келтіріп, қуаныштың қадірін асқақтататын да, дастарқан басындағы берекені ұйыстыратын да – сөз. Сөздің киесі мен құдіретін ұққан жұрт үшін асабаның орны қашан да бөлек.

Атақты Досбол шешеннен «Қол бастау қиын ба, жол бастау қиын ба?» деп сұрағанда, ол: «Қол бастау қиын емес – көк найзалы ерің болса, жол бастау қиын емес – соңынан ерген елің болса. Бәрінен де сөз бастау қиын. Тауып айтсаң, мереке қылады. Таппай айтсаң, келеке қылады» деген екен.

 Міне, осы бір тәмсілдің астарында асабалық өнердің бүкіл философиясы жатыр. Сөздің салмағын сезінбеген, әзілдің де шегін білмеген адам көптің көңілін көтерудің орнына, кейде көңілге реніш ұялатып, мейманның берекесін қашырады. Сондықтан асаба үшін шеберлік пен суырыпсалмалық, тапқырлық пен ұтқырлық – ең басты қасиеттер.

Соңғы жылдары той мәдениетінде арзан күлкі мен дарақылық көбейіп, кейбір асабалар шынайы өнерден алыстап бара жатқаны жасырын емес. Асаба Мақсот Ислат бұл мәселеге ерекше назар аударып келеді. Оның айтуынша, асаба – халықты күлдіріп, уақыт өткізетін адам емес, ол – идеолог, ұлттық құндылықты насихаттаушы тұлға.

– Қазір әлеуметтік желі заманында халықтың ең көп жиналатын жері – той. Тойдың орташа уақыты төрт сағат болса, соның өзінде біз оны дұрыс ұйымдастыра алмай отырмыз. Сағат алтыда басталуы тиіс той тоғыз-онда әрең басталып, түнгі екіге дейін созылады. Бұл – берекесіздік. Адамның демалып, шырт ұйқыда жататын уақытында әлі де би билеп жүру – мәдениет емес. Тойды нақты уақытпен өткізу керек. Түн ортасына дейін созылған ұзынсонар отырыстан гөрі, уақыты шектеулі, мазмұны бай, тәрбиелік мәні бар той әлдеқайда әсерлі болады, — дейді ол.

Мақсот Ислат асабалардың қазіргі кәсіби деңгейіне де сын көзбен қарайды.

– Қазір кітаптың бетін ашпайтын асабалар көбейді. Көпшілігі тек той иесінің атын, руын сұраумен шектеледі. Бұл – сауатсыздық. Асаба алдын ала той иесімен кездесіп, әулеттің тарихын, мінезін, психологиясын зерттеуі керек. Әр тойдың өз табиғаты бар: бірі тарихи мазмұнды, бірі рухани бағытта, бірі жастарға арналған көңілді форматта өтуі мүмкін. Сол ерекшелікті ескеру – кәсіби мәдениеттің белгісі. Ал дайын мәтінді жаттап алып, әр тойда бірдей сөз айту – халықты жалықтырады. Тойдың мазмұны жаңарып, ой мен өнеге қатар өрілуі тиіс, — дейді тәжірибелі асаба.

Оның пікірінше, тойдағы басты мәселенің бірі – қонақтың көптігі мен рәсімдердің шектен шығуы.

– Тойға келген қонақтың санын шектеу керек. Жүз елу адамнан асырмау – ең оңтайлы шешім. Бұл – достыққа, туыстыққа сызат түсірмейді, керісінше, берекені арттырады. Баланың сүндет тойын, бір жас, тілашар секілді мерекелерді мейрамханада өткізу – қате. Бір жастағы баланың алдында ән айтып, би билеудің қажеті жоқ. Сол ақшаны ұлттық спортқа, балалардың дамуына, мәдени шараларға жұмсау әлдеқайда пайдалы. Мысалы, тай жарысы, күрес, айтыс, оқушылар арасындағы өнер сайысы ұйымдастырылса, әрі той болады, әрі ұлттық құндылық насихатталады, -дейді ол.

Шыныменен бүгінгі той мәдениетіне жаңғыру мен жаңарту қажет-ақ. Асабаның қалтасындағы жаттанды қалжыңдар мен бірсарынды ойындар жиі қайталанады. Бұл тойдың рухын әлсіретіп, жиналған жұрттың әсерін төмендетеді. Тойды қызықты өткізудің ең дұрыс жолы – ұлттық ойындарды, танымдық сайыстарды, мақал-мәтел, шешендік сөз, жыр-терме элементтерін жаңғырту.

Қазақ – сөзге тоқтаған, сөзбен жүгініп, сөзбен бітім жасаған халық. Асаба шынайы болса, той да шырайлы өтеді. Ал егер ол анайы әзілмен ақсақалды мазақтап, ақ кимешекті әжені кекетіп, қонақтың алдында беталды сөз сапырса, ондай отырыстан өнеге іздеу бекер.

Қарызға той жасау парыз ба?

Той өткізу мәдениетіміздің тоқырап бара жатқанын мойындамасқа амал жоқ. Ертеден еншілес дәстүрімізден тамыр үзбейтініміз қандай ақиқат болса, жақын-жуықтың басы қосылатын қуаныштан тыс қалмауға ұмтылатынымыз да сондай анық. Сондықтан да бізге бүгінгі керегі той иелерінің тым мақтангөйлікке мойын бұрмай, адал ниет, ақ көңілмен дастарқан жаюы дер едік.

Бүгінде «жұрттан қалмау керек» деген түсінік көптеген отбасыны тығырыққа тіреп отыр. Бір күндік қуаныш үшін қарызға белшесінен бататындар аз емес. Тіпті «тойға арналған несие» деген ұғымның пайда болғаны да өкінішті жағдай. Әркім өз мүмкіндігін ескермей, өзгелермен жарысып, шамадан тыс шығынға батып жатады. Ал шын мәнінде тойдың сәні мен салтанаты дастарханның молдығында емес, ниеттің тазалығында, көңілдің шынайылығында. Барымен базар қылып, адал көңілмен бір кесе шай ұсынудың өзі – ең үлкен құрмет.

– Қазір халықтың тойының көбі жасандылыққа толы. Әркім өз тойын мінсіз етіп көрсеткісі келеді. Ақиқатында қысқа жіп күрмеуге келмей жатады. Кейбір адамдар күлсе де, оның шынайы еместігін көзінен байқайсың. Көз – адамның айнасы ғой. Кейде абысын мен келіндер бірдей киініп, сырт көзге жарасымды көрінеді. Бірақ тойдан тыс жерде қырық пышақ болып жүреді. Тойда да шынайылық жетіспейді. Тілек айтудың да өз мәдениеті бар. Ал шын көңілден шықпаған сөз жүрекке жетпейді, — деген асаба Мақсот Ислат бүгінде көпшіліктің той өткізуге деген көзқарасы шынайылықтан алшақтап бара жатқанын айтады.

Білім саласының ардагері Серік Сапанов та бұл мәселеге бейжай қарай алмайды екен. Оның пікірінше, қазір халық қарапайым, ізгі дәстүрінен алшақтап, ысырапшылдыққа көп жол беруде.

 – Қазақ ешқашан ысырапшыл болмаған. Әр істің өз шегі, өз орнымен болғаны жөн. Ысырапшылдық – дінге де, дәстүрге де қайшы. Ертеде қазақтар мал сойғанда «Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ, біссіміллә» деп, малдың да жаны бар екенін сезінетін. Асқа құрметпен қарайтын. Дастархан – киелі, оған немқұрайлы қарау дұрыс емес. Менің шаңырағымда келіндер етті міндетті түрде арнайы қолғаппен турайды, қонақ алдына ұсынатын сүйектерді, табақтарды жеке дайындайды. Бұл – тазалықтың, тәртіптің, мәдениеттің көрінісі. Етті кім көрінген турай бермеуі керек, оның да өз әдебі бар. Мұны ұсақ-түйек деп қарауға болмайды, себебі бәрі ұлттық тәрбиенің бөлшегі, — дейді ардагер ұстаз.

Қазақ дастарханы – мәдениетіміздің, әдеп пен тазалыққа деген көзқарасымыздың өлшемі. Той – ұлттың рухани деңгейін көрсететін көрініс. Егер ол дарақылық пен бәсекеге, жасандылық пен ысырапқа ұласса, онда сол тойдың рухани мәні жоғалады.

Қалай десек те, «Тапқанымыз тойға шашылсын» деп астамшылықты ақтап алатын да, «Шаршасақ, той тойлап шаршайық» деп тілек айтатын да өзіміз. Тойдың көп болғаны, ағайынмен бөлiсер қуанышымыздың тағы да қуанышқа ұласып жатқаны жақсы-ау, дегенмен тек сол тойдан кейiнгi көрiнiс көңiлдi құлазытпаса дейсің мұндайда.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Қазақстандағы той индустриясы:

Қазақстанда жыл сайын өтетін той саны  – 150 мыңнан астам.

Бір тойдың орташа шығыны – 10-12 млн. теңге (аймақ пен ауқымына қарай бұл сома 5 млн.-нан 25 млн. теңгеге дейін өзгереді).

Жыл сайын ел бойынша той өткізуге жұмсалатын жалпы қаржы көлемі – шамамен 1,5 трлн. теңге.

Қазақстандағы мейрамханалар мен тойханалар саны –  5 000-нан астам.

* Сіз не дейсіз?

Демир ЖАРҚЫНҰЛЫ, белсенді жас. (Атырау қаласы)

Пайдалы дүниелерді неге жасамасқа?

Соңғы жылдары ел ішінде «той болмаса, өмір тоқтап қалардай» күй кешетіндер көбейіп барады. Қалтасындағы барын сол бір күндік думанға жұмсайтындардың әрекетіне қарап кейде еріксіз қынжыласың. Несие алып, қарыз сұрап, айлап емес, жылдап соның өтемін төлеп жүргендердің де жағдайы жасырын емес. Сонда ойланасың: сол ақшаға неге өз өмірімізге пайдалы дүниелер жасамасқа?

Бір күндік сән-салтанатқа шашылған қаражатқа жас отбасы шағын баспана сатып ала алар еді. Немесе соның есебінен кәсібін бастап, бала-шағасының болашағына жол ашуға болар ма еді. Жоғары оқу орнына түскен перзентінің оқу ақысын төлесе ше? Немесе өз ата-анасына жайлы үй, көлік, тынығатын демалыс сыйлауына болмай ма? Бұлардың бәрі – бір күндік даңғазаға кетіп жатқан ақшаның орнын толтыра алмайтын шынайы игіліктер.

Өмірдің мәні – жұртқа ұнауда емес, өзіңнің болашағыңды дұрыс қалыптастыруда. Біз қазір «ел не дейді?» деп өмір сүретін кезеңнен өтіп, «ертең не болады?» деп ойлайтын уақытқа келдік. Сондықтан бар тапқанымызды тойға емес, тұрмысымызды түзеуге, болашағымызды бекемдеуге жұмсаған әлдеқайда ақылды шешім болар еді.

Шынар ТӨЛЕУОВА,

көп балалы ана, (Қызылқоға ауданының тұрғыны):

Қай бетімді шымшиын?

Бірде жиеніміздің үйлену тойына бардық. Әдеттегідей алдымен екі жақтың ата-аналары, үлкендері сөз алып, бір-бірімен құдандалы болып жатқанына қуанышты екендігін білдіріп, тілек айтып, төс қағыстырып, бір дүрілдеп өткеннен кейін әрі қарай той барысы өз ретімен жалғасып, отбасына «жақсылық, мол бақыт тілеген» бір сарынды тілектер асаба ұсынған микрофоннан толассыз төгіліп жатты.

 Бір мезетте «әкесінің қызымен қоштасуы» деген қызықтың куәсі болдық. Бүгінде ұзату тойы сайын айтылатын «Әкеңдей қамқор болар-ау деумен, Тапсырдым сені құдама, қызым» деген жолдары бар ән қалықтап тұрды. Көпшілікпен бірге ортада әкесі қызымен вальс билеп жүр. «Қыздың шешесі қайда екен?» деп барлай қарасам, ол күйеу жігіттің туыс ағасымен вальстің қызығына түсіп кетіпті.

Міне, «дәстүрдің көкесі!». Сонда бұл не тәрбие, не өнеге? Әкесі сәби күнінен аялап өсірген қызына қимастығын осылай вальспен көрсетсе, жастар қай салтымызды жаңғыртпақ?! Бара-бара бұл көрініс салт болып санаға сіңбесе, не қылсын?

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button