ТАУ БАЛАСЫ ТАУҒА ҚАРАП ӨСЕДІ

белгілі  актер  Сәбит  Қожабеков  туралы  бір  үзік  сыр

Кішкене қолдарымен домбыраны кеудесіне қыса ұстап, шанақтан төгілген әуезді әуенге еліткен қара домалақ баланың көзіндегі ерекше жарқылды көрген  Нұрымхан ұстаз: «Сәбит, сенің бойыңда бір керемет қасиет бар. Ол - өнерге бейімділігің. Сенен үлкен әртіс шығады» деп сол кезде бар болғаны  төртінші сыныпта оқитын шәкіртінің жүзіне сүйсіне қарап еді.

 Алғашқы ұстазының қырағы көзі қалт жібермеген осы бір сөзі кішкене Сәбиттің өнердегі үлкен жолына берілген жолдама іспетті болды.

Сәбит Қожабеков 1963 жылдың қазанында Алматы облысының Нарынқол ауданы Текес ауылында дүниеге келген. Әкесі Әбіл күйші, он саусағынан өнер тамған ағаш шебері болыпты. Бала Сәбиттің бейкүнә жүрегіне алғаш өнер дәнін сепкен де Әбіл ақсақал болса керек. Мектепте жүргенде «Ақ бұлақ» әнін шебер орындағаны үшін газетке шыққаны да бар. Кәдімгідей алаңсыз балалық шақ. Аулада асыр салған балғын дәурен. Уақытпен үндескен өмір кезең-кезеңімен алға жылжи берді. Бала Сәбит те сол ағым жетегінде ержете бастады. Зеректігі сондай, бір айтқанды әп-сәтте жаттап алатын. Ержете келе актер болсам деген бір керемет ой оны үнемі қиял әлеміне тарта берді. Сөйтіп, қойын кітапшасына театр, мәдениет туралы қанатты сөздерді, афоризмдерді жазып алып, оқып жүретін болды.

Мектепті бітірісімен Отан алдындағы әскери борышын өтеп келіп, ауыл шаруашылығы институтына оқуға қабылданады. Бір күні М.Әуезов атындағы театр студиясына қабылдау жүріп жатыр деген хабарламаны көзі шалған Сәбиттің жан дүниесі бір сәт төңкеріліп кеткендей, ол өзі оқитын жоғары оқу орнынан құжаттарын алуды ұйғарады. Бірақ, бірден құжатты қолына ұстата қоймайды. Содан Сәбит бар жағдайды айтып, құжатсыз  емтиханға қатысады. Жетпіс бес талапкердің ішінен бар болғаны он бірі ғана оқуға қабылданады. Солардың арасында Сәбит Қожабеков те бар болатын. Жас жігіттің сол кездегі қуанышын айтып жеткізу қиын болар. Сынақ қабылдаған  атақты Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбековтердің оң баға беруі жас таланттың шабытын жанып, одан әрі ұштай түскендей. Сөйтіп арман адастырмады. Сәбит жүрегі қалаған мамандығына қарай жол тартты. Бір айдан кейін құжаттарын алып, тапсырады.

Қызығы мен қиындығы қабаттас, қарбалысқа толы студенттік өмір зу етіп өте шықты. Бітіру сынағында Сәбитке «Алдар көсе» ертегісіндегі берілген рөлі өте сәтті шығады. Көп ешкімге ұқсай бермейтін қоңыр дауыс, әзіл айту шеберлігі оның  актерлік тума талантын әйгілеп, маңындағылардың көңілін аударады. Осы қойылымда Атыраудағы Махамбет атындағы қазақ драма театрының әртісі ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Чапай Зұлқашов жас таланттың табиғи өнер ерекшелігін көзбен көріп, жас маманды өзімен бірге Атырау қаласына шақырады. Осыдан бастап Сәбиттің өнер жолына түсу, үйрену, шыңдалу және актер болып қалыптасу жолдары тізбектеле жөнеледі. Содан бері отыз жыл уақыт артта қалыпты. Бір кездегі жас Сәбит, бүгінгі күні толыққанды актер ретінде алғашқы табан тіреген театрында еңбек етіп, өз ісінің жемісін көріп келеді.

«Театр – менің өмірім, тағдырым, бар болмысым. Мен үшін атақ-даңқ емес, театрдың қасиетті төрі, сол жерде бар ынтаммен жасаған еңбегім қымбат» дейді Сәбит. Шынымен де, мамандығыңды сүю, оның қыр-сырын жаныңмен сезіне білу деген де  қол жетпес бақыт десек, оның сомдаған бейнелерінің барлығы да көрерменін ұйытып алар шынайылыққа толы. Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарысындағы» Иса Тұраншах, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатындағы» Бүркіт, «Қарагөз» драмасындағы Ақан сері,  «Жаралы жолбарыстағы» Баймағамбет сұлтан сияқты рөлдер – актердің жүрек түпкірінен шыққан сәтті образдар. 

Бүгінгі күні ол театр директоры, белгілі драматург Асылбек Ыхсанның «Хақ жолы» спектаклінің дайындығына қызу кіріскен. Бұл қойылым республиканың барлық өңірлеріне қойылады деп жоспарлануда. Жауапкершілігін терең түсініп, өз ісіне асқан ыждағаттылықпен қарайтын Сәкең, әңгіме барысында сонау жастық шақтан тай-құлындай тебісіп бірге келе жатқан жан жолдасы, алдыңғы қатарлы актерлердің бірі – Елтай Шаманов, болашағынан зор үміт күттіретін талант иелері – Бекет Зинуллин, Архат Мұха-мәнитов, Нұрбек Съезхан, Мырзабек Макулов, басқа да жас актерлердің есімдерін үлкен құрметпен атайды. Алғаш рет үйірмеге қатыстырып, өнердің «әліппесін» қолға ұстатқан Бексейіт Нүсіпбеков ағасын сағынышпен еске алады. Өнер деген өлкенің шымылдығын ашуға себепші болған Чапай Зұлқашовтың есімі, ол кісінің өз кәсібін терең меңгерген майталман екендігін мақтанышпен әңгімелейді.

Әртіс болу, соның ішінде белгілі бір кейіпкердің бейнесін алып, оның жан дүниесін ашып, көрерменге жеткізу оңай емес. Бұл – бірінші, тума талантты, екіншіден, ізденісті қажет ететін тынымсыз еңбектің түпкі нәтижесі. Осы екі қасиетті бойына сіңірген адам ғана бұл мамандықты таңдауға құқылы сияқты көрінеді бізге. «Дәл солай, ең қиын тапсырма – осы. Көрермен сахна төрінде әртісті емес, кейіпкерді көріп тануы керек, сол үшін қуанып, сол үшін қиналуы керек. Егер әртіс осы талаптан шыға алса, онда нағыз талант иесі сол».Ол өз ойын осылайша ортаға салды.

«Мен ақиық ақын Мұқағали туған жерде дүниеге келген, тауға қарап қиялдап, тауға қарап қанаттанып өскен баламын. Өнер жолым, бұл бағыттағы ең саналы өмірім ақ Жайықтың жағасында өтіп жатыр. Атырау – жер асты қазынаға, өңірі өнер өрендеріне толы қасиетті аймақ. Осы топырақта жұбайым Ардақ екеуміз балалы-шағалы, құдалы-құдандалы болып, халқымның ортасында өмір сүріп жатырмыз. Өнер жолы қандай қиын болса, өнер адамы болу да соншалықты оңай емес. Қашанда мені қолдап, балаларымды бағып, шаңырағымның әрін кіргізіп отыратын жұбайыма ризамын. Ер адам түзде жүреді. Төрімнен қонағым кетпей, ұл-қыздарымның ел қатарлы ержетуі Ардақтың төзімділігі мен ақылдылығының арқасы деп білемін». 

Осылайша ағынан жарылған Сәкеңнің сөз саптауынан отбасына деген ізгілікті көргендей болдық. Ата-ананың бар бақыты – бала ғой, Сәбит пен Ардақтың Айгүл мен Альбинасы тұрмыс құрып, өз алдарына шаңырақ көтерген. Күйеу балалары Данияр мен Қайрат туған ұлдарындай сыйластықта болса, жиендері Диас пен Асылхан – олардың көз қуаныштары. Ұлдары Біржан мектепте оқиды. Жас та болса ата-анасына серік, көмекші. Берекелі  отбасының діңгегі ата-аналарын қадірлеуді балалары да өздеріне зор міндет санайды.

Өз еңбегінің нәтижесін көріп, қуану да – бір ғанибет. Сәбит марапат, атақтан гөрі, миллиондаған көрерменнің ықыласын жоғары қояды. Дегенмен, еңбектің еленуі де көңілге қуаныш ұялатары хақ. Бұл орайда, Сәбит Қожабековтің «қоржыны» орта емес. Жәңгір хан рөлін сомдағаны үшін 2003 жылы республикалық фестивальдың лауреаты, 2008 жылы «Ең үздік екінші құрамдағы ер адам» номинациясын жеңіп алса, 2009 жылы «Мәдениет қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Мәдениет министрлігінің, облыстық мәдениет басқармасының берген көптеген грамоталары да – оның тынымсыз еңбегін әйгілеп тұрған дүниелер.

Өзі айтқандай, ең бастысы – марапат емес, көрерменнің көңілі, олардың құрметі. Ендеше, өнерден өрнек өріп жүрген Сәбит Қожабековке өнер әлемін шарлап, биіктен ғана көріне беріңіз деген тілегімізді айтамыз.

Ағиба Қатешова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз