
Татулықтан бастау алған тағылым
Атырау облысы түрлі ұлт пен ұлыстың басы бірігіп, ортақ Отанның игілігі үшін еңбек етіп келе жатқан өңір. Солардың бірі – татулық пен келісімнің туын биік ұстап жүрген татар-башқұрт этномәдени бірлестігі. Биыл бұл ұйымның құрылғанына 30 жыл толып отыр. Ал оның жанынан құрылған «Татулық» халық хоры өз тарихының 25 жылдық белесін атап өтуде.
Мерейтойлық салтанат Достық үйінде өтті. Шараға Татарстаннан арнайы келген делегация, облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен ардагерлері, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Үш онжылдыққа жуық тарихы бар бұл бірлестік өңірдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға, ұлттық салт-дәстүрді сақтау мен кейінгі ұрпаққа жеткізу ісіне елеулі үлес қосып келеді. Ал ширек ғасыр бойы сахнадан түспеген «Татулық» әжелер хоры рухани құндылықтардың айнымас жаршысы, халық әндері мен жылылықтың, мейірім мен достықтың символы іспетті.

Шара барысында көрермен қауым хор ұжымының шығармашылық жолынан сыр шертетін бейнежазбаны тамашалады. Әжелер сүйікті халық әндерін орындап, ұлттық өнер мен саздың самалына бөледі. Мерекелік жиын татар және башқұрт халықтарының бай мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртып, түрлі ұрпақ өкілдерін тоғыстырған нағыз достық мерекесіне айналды.
Сахна төріне құрметті қонақтар көтеріліп, құттықтау лебіздерін білдірді. Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев. Өз сөзінде ол өңірдегі татулық пен бірлікті нығайтудағы «Татулық» бірлестігінің рөлін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ сахнада Қазақстандағы Татар және башқұрт конгресінің төрағасы Тауыфиқ Каримов, Татарстан Республикасындағы «Татар өлкетанушылар қоғамы» өңірлік қоғамдық ұйымы кеңесінің төрағасы, Дүниежүзілік татарлар конгресі Ұлттық кеңесінің мүшесі Альберт Бурханов, Дүниежүзілік татарлар конгресі атқару комитетінің шетелдік татар қоғамдық ұйымдарымен жұмыс жөніндегі комитетінің жетекшісі Ленара Кутеева,
сондай-ақ Атырау қаласындағы «Татулық» татар-башқұрт этномәдени орталығының төрағасы Рамиль Расулов сахна төріне шақырылып, ұйымның еңбегіне жоғары баға берді.
Мерекенің әсерлі сәттерінің бірі – «Татулық» хорының орындауындағы «Поппури» және «Эзләдем» әндері болды. Сондай-ақ «Балакаевцы» тобының «Кояшлы» әні, хор мен «Фуэтэ» би ұжымының балалар қатысуымен қойған «Тала, тала» биі, «Зәңгәр күлмәк» дуэті көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Фуэтэ» би ұжымының жетекшісі Зульфина Ахмеджанова орындаған «Башқұрт биі» ұлттық нақышымен ерекшеленсе, «Мелодия сердца» вокалдық ансамблінің «Гармун уйный» әні кештің сәнін аша түсті.
Өнер мен достық тоғысқан салтанатты кеште хор ұжымына мерейтойлық медаль және Қазақстандағы Татар және башқұрт конгресінің Алғыс хаттары табысталды.
Кештің шарықтау сәтінде сахна төріне Татарстаннан келген белгілі өнер шеберлері көтерілді. Көрермен қауым Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік ән және би ансамблінің солисі Фәнил Фәйзуллинді, «Татар моңы» халықаралық фестивалінің лауреаты Айгөл Хәернәсованы, сондай-ақ танымал музыкант, гармуншы Разиль Камаловты зор қошеметпен қарсы алды. Олардың әсерлі әндері мен ұлттық рухқа толы орындаулары кештің шырайын кіргізді.
Иә, бұл кеш тек өнер мерекесі ғана емес, үлкен рухани бас қосу болды. «Татулық» тек этномәдени бірлестіктің атауы емес, ол бауырластықтың, достық пен өзара түсіністіктің символы. 30 жыл бойы ұлттық құндылықты сақтап, ұрпақ санасына жеткізіп келе жатқан бұл орталықтың мерейтойы барша қазақстандықтар үшін ортақ қуаныш.
Кеш соңында «Татулық» бірлестігінің белсенді мүшесі Хатима Мұстафина жүрекжарды тілегін білдіріп, ұйым тарихының тереңдігі мен рухани жалғастығына тоқталды.
– Біздің бірлестік осыдан отыз жыл бұрын ата-анамыздың бастамасымен құрылған еді. Содан бері ұрпақ сабақтастығы үзілген емес. Қазір төртінші буын осы істі жалғастырып, бабалардан қалған дәстүрді дәріптеп келеді. Бірлестігімізде ана тілді үйрену, ата-баба салтын насихаттау, мәдени мұраны сақтау бағытында көптеген іс-шаралар өткізіледі. Бүгінгі мерейтой – сол еңбектің, ынтымақ пен берекенің жемісі. Барша әріптестерімізді және өнерсүйер қауымды осы қуанышпен шын жүректен құттықтаймын, — деді ол.
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген автор



