
Тәртіпке бағынған елдің тұғыры биік
«Заң және тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан ойларымен толықтай келісемін. Мемлекеттің тыныштығы мен тұрақтылығы әр азаматтың, әр отбасының саналы әрекетіне, қоғамдағы тәртіп пен мәдениетке деген жауапкершілігіне байланысты. Біз, балабақша тәрбиешілері, болашақ ұрпақтың бойына осы жауапкершілік сезімін кішкентайынан сіңіруіміз керек. Өйткені тәртіп пен әдептілік үлкенге құрмет, кішіге ізет танытудан басталады.
Қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне дөрекі сөйлеуі, қоғамдық орында айқай-шу шығарып, мәдениетсіздік танытуы өкінішті жағдай. Мұндай көріністер балалардың санасында да теріс әсер қалдырады. Сондықтан ересектердің өзі үлгі болып, сабырлы, мәдениетті болуға тиіс. Баланың бойында тәртіп пен имандылық, отансүйгіштік қасиет ерте қалыптасса, ол болашақта заңға да, қоғамға да адал азамат болып өседі.
Президенттің жастар туралы айтқан пікірі де көңіл қуантады. Бүгінгі ұрпақтың патриотизмі – елін сүйіп, оны дамытуға атсалысу, жаңа технологияларды меңгеріп, біліммен елге қызмет ету. Балабақшадағы тәрбиенің де басты мақсаты – осындай заманауи ойлайтын, білімге құштар, өз елін мақтан ететін жас буынды қалыптастыру.
Біз тәрбиешілер – осы ұлы істің бастауында тұрған жандармыз. Сол себепті әр баланың бойына мейірім, әдеп, адамгершілік, елжандылық қасиеттерін дарыту – біздің борышымыз. Президент айтқандай, әділ заң мен білімді ұрпақ қана мемлекетті нығайтады. Ал ол ұрпақтың алғашқы қадамы балабақша табалдырығынан басталады.
Гүлшархан ЖАРҚЫНҚЫЗЫ,
“Ақмарал” бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі
Құрманғазы ауданы
Сурет ашық дереккөзден алынды



