
Тарихпен тілдескен күн
Бүгін – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. Иә, Атырау өңірінің әрбір сайы мен жотасы, әрбір ескі қорғаны мен құм астындағы көне қала орындары – ата-баба өмірінен қалған аманат. Осы құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру мақсатында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Атырау өңіріндегі ортағасырлық зерттеулер нәтижесі» атты уақытша көрме және «Атырау өңірінің мәдениет ескерткіштері» атты фотокөрме ашылды.

Өңірдің тарихшылары мен археологтары қатысқан тағылымды шарада облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Сая Ғазимова атаулы күнмен құттықтады.
«Көне қалалар мен бекіністер, жоғалып бара жатқан археологиялық мұралар – ұлт тарихының айнасы» деген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет тарихи танымды қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.
Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев шараға қатысушыларды облыс көлеміндегі тарихи-мәдени нысандардың интерактивті картасымен таныстырды. Көрермендер Атыраудың көзтартар көне ескерткіштерін заманауи технологиялар арқылы тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Музейдің аға ғылыми қызметкері, магистр Мир Әбдіғалиев үш дәуірдің куәсі болған нысандар туралы ақпарат беріп, қазба кезінде табылған жәдігерлермен таныстырды.

– Көрменің негізін былтырғы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер құрайды. Зерттеу нысандары қатарында Таскешу керуен-сарайы (Мақат ауданы), Сарайшық қалашығы (Махамбет ауданы) және Қорғанша қалашығы (Қызылқоға ауданы) бар. Бұл нысандар – ортағасырлық кезеңнің сәулеті мен өркениетін бейнелейтін рухани байлықтар. Қазба кезінде құбырлар, шыны және металл ыдыстар, қола және күміс тиындар табылды. Бұл – тек сәулеттік емес, сол дәуірдегі тұрмыстың да көрінісінен мағлұмат береді, — деген ол тарихи мұраның сақталуы мен ескерткіштердің маңыздылығын түсіндірді.
Майра ЕРҒАЛИ