
«Тарих тербеген туған ел»
Кәрі Каспийдің қойнауына сұғына орналасқан, тарих пен тағылымға тұнған киелі мекен – Құрманғазыдағы Мақаш топырағы небір еліне елеулі қызмет еткен талантты тұлғаларды дүниеге әкелген. Солардың ішінде халқының жадында «Мақаш әкім» деген атпен мәңгілікке қалған Мұхамеджан Бекмұхамбетов пен теңіз тақырыбында қалам тербеп, қазақ әдебиетінің абызына айналған Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың орны ерекше. Осы қос тұлғаның мерейтойларына орай Мақаш ауылдық округінде «Тарих тербеген туған ел» атты мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылды.

Шара аясында ең алдымен ардақты азаматтарға тағзым ретінде ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, олардың өмір жолы мен елге сіңірген еңбектері жайлы тебіреніске толы естеліктер айтылды. Мақаш әкімнің ескерткішінің алдына жиналған көпшілікке оның ағартушылық және әкімшілік қызметі жайлы сыр шертілді. Ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғыманов Мақаш әкімге арнау өлең оқыса, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, ғылым докторы Болат Мұханбетұлы қайраткер тұлғаның ел тарихындағы алар орны туралы терең ой қозғады.
Ауылдағы Ә.Сәрсенбаев атындағы орта мектеп алдында өткен «Туған жердің аспанында қалықтаған ақша бұлт» атты әдеби жиында да ақынның өмірі мен шығармашылығы кеңінен таныстырылды. Мектеп директоры Данияр Сабиров қатысушыларға алғыс айтып, жас өрендер Әбу ақынның жырларын жатқа оқыды. Ақын-журналист Таңатар Дәрелов өз сөзінде кезінде осы ауылда Әбу Сәрсенбаевтың ескерткішінің бой көтеруіне көп еңбек сіңірген азаматтардың бірі Өмірзақ Қажымғалиев екенін ерекше атап өтті. Ол жаңадан жазылған «Ұлы абыз, ақ адам» атты арнау өлеңін оқып, елді тебірентті. Ал Әбу атаның келіні, ауыл тұрғыны Мәдениет апай жазушының адами болмысы, кішіпейілдігі, елге деген жанашырлығын еске алып, жүрекжарды әңгімесін бөлісті. Ақынның ескерткіші гүлге оранып, рухына тағзым етілді.

Шараның қызықты әрі тағылымды жалғасы ауыл сыртындағы кең алаңда өтті. Бұл жерде өткен ат бәйгесі мен ұлттық ойындар, ашық аспан астындағы концерт жиналған көпшіліктің көңілінен шықты. Күзгі күннің салқындығы мен ат тұяғының дүбірінен көтерілген шаң да көрермендердің қызығушылығын бәсеңдете алмады. Алты шақырымдық тай жарысында Сүйіндік ауылынан келген Мерғұлан Садырғалиевтың «Сүйіндік» атты жүйрігі топ жарып, бірінші орынды иеленді. Одан кейін Х.Ерғалиев ауылынан Асланбектің «БТР» атты тайы екінші келсе, үшінші орынды Сүйіндіктен келген Равиль Бейімбетовтің «Айторысы» еншіледі. Жеңімпаздарға 250, 200, 150 мың теңге көлеміндегі жүлделер табысталды.
Тоғыз шақырымдық құнан бәйгеде де тартыс жоғары болды. Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданынан келген Нұралы Кенжемұраттың «Дубай» атты сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып кесті. Қызылқоға ауданы, Мұқыр ауылынан Азамат Мүтишовтың «Даламан» атты тұлпары екінші орынды иеленсе, Индер ауданының Өрлік ауылынан келген Абылай Смағұлдың «Берекесі» үшінші болып келді. Бұл бәйгеде де қомақты жүлделер – 350, 250, 200 мың теңге көлемінде үлестірілді.
Жиырма бір шақырымдық аламан бәйге көрермендердің делебесін қоздырған ерекше сәтке айналды. Өрлік ауылынан Олжас Шонышовтың «Айқасқасы» мәре сызығын алғаш болып кесіп, бас жүлдені (600 мың теңге) иеленді. Намысты қолдан бермеген Ильяс Кенжемұратовтың «Ясон торысы» мен Ақкөл ауылынан Қасымов Ерсайынның «Тикош торысы» жүлделі орындардан көрінді.
Еркеназ ҚАЛИЖАН



