Шайырдан мүсін жасайтын Илона Ким

snimok 1 Мәдениет

Ел арасында тастан, жіптен, темір, сүйектен, ағаштан қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлер бар. Ал, шайырдан (смола) бұйым жасайтындар туралы сірә, естімеген боларсыз?.. Өзгешелікті жаны сүйетін атыраулық қолөнерші Илона Кимнің қолынан шыққан дүниелер сонысымен де ерекше. Шығармашылық адамы болғандықтан шығар, ол шетелдік компанияда 12 жыл жасаған қызметін тастап, осы салаға келген. «Қолөнерге деген ерекше сүйіспеншілігімнен жолымдағы кедергілерге мойымадым», деп бізді күле қарсы алған қолөнерші кәсібі туралы ықыласпен айтып берді.

«Бұл менің әлемім..»

– Илона, қазақ халқында «қолнершінің қолы, өлеңшінің сөзі алтын» деген мақал бар. Қолыңыздан шыққан дүниелердің ерекше ықыласпен жасалғандығы байқалады. Шайырдан мүсін жасау ойыңызға қайдан келді?

– Ұлтым кəріс болғанымен Атырауда өмірге келдім. Əкем электрик, ал анам – мұнайшы. Бала күнімнен қолөнер бұйымдарына деген қызығушылығым  ерекше еді. Негізгі мамандығым – ағылшын пəні мұғалімі жəне туризм менеджері. Екі мамандық бойынша жоғары оқу орнында білім алдым. Шетелдік компанияда 12 жыл жұмыс жасадым. Алайда менің жайлы ортам кеңсе қызметі емес, осы өнер екенін ұғындым. Бастапқыда сурет салумен шұғылданып, кейін шайырға қызығушылығым артты. Осылайша шағын үйшік жасауды үйрендім. Ешкімге ұқсамайтын ерекше жол таңдап, өзгеше дүние жасағым келді. Өзім табиғатымнан жаңашылдықты, өзгешілікті қалайтын адаммын. Дүкеннен бір нəрсе алсам да міндетті түрде қандай түрлері барын сұраймын.

Əр заттың бір түрімен ғана шектеліп қалуға болмайды. Таңдауың, таңдай да білуің қажет. Міне, сондықтан осыдан бір жыл бұрын үш ресейлік шебердің онлайн курсына қатысып, осы істі меңгеріп алдым. Бүгінде бұл өмірімнің бір бөлшегіне айналды. 

Аса сақтық қажет

– Шайыр десе біздің көз алдымызға жол төсеуге арналған кәдімгі кесек-кесек қара таселестейді. Ал, сіздің қолыңыздағы мынадай көздің жауын алатын туынды жасау үшін қандай шикізат қажет?

Елімізде болмағандықтан, Ресей компанияларында өндірілген сұйық эпоксидті шайырды пайдаланамын. Бұл да түрге бөлінеді. Бағасы да арзан емес. Шайырдың 1 литрі 14 000 теңгеден сатылады. Зияны да бар. Мəселен, балаларға, жүкті əйелдерге қолдануға болмайды. Сол себепті мндетті түрде медициналық бетпердемен жұмыс ж а с а й м ы н . Б ұ й ы м н ы ң с а п а с ы шикізатқа байланысты болғандықтан сапалы түрін қолданамын. Көріп тұрғаныңыздай əртүрлі көлемдегі үйге арналған сəндік бұйымдар, сувенирлер жəне оларға арналған стенд, сағат пен картиналар жасаймын. Мына тəттілер салуға арналған аяқты ыдыс та сəтті шықты. Қазіргі уақытта түрлі мүсіндегі жаңажылдық шырша ойыншықтар дайындаудамын. Арнайы жаңажылдық мүсіндер жиынтығынан тұратын сыйлық қорапшасын əзірлеп жатырмын. Ең маңыздысы бұл бірін-бірі қайталамайтын, жекелеген бұйымдар.

Үш күндік іс

–Шайырды қолданғанда аса сақтық қажет дедіңіз, істі неден бастайсыз, оған қанша уақытыңыз кетеді?

–Алдымен шайырды он минуттай араластырып аламын. Ол 20-30 минут ішінде бірден қатып қалады. Сондықтан, бұл жерде жылдамдық, икемділік қажет. Сол уақыт аралығында арнайы фигураларды жасап үлгеруге ұмтыласың. Өйткені оны кері балқыта алмайсың. Бір бұйымның жұмысы жарты сағат уақытпен ғана шектелмейді. Кем-кетігін түзеп, оның тауарлық сыртқы келбетін келтіресің. Тек үш күннің ішінде ғана дайын болады. Жұмыстың бірінші күні бұйымды əбден кептірсек, екінші күні формадан түсіріп, мəреге дейінгі қажетті жабдықтармен тағы бір мəрте көркемдейміз, ал үшінші күні ол дайын болады. Үш күндік жұмыс нəтижесінде бұйым əбден нығыздалып, бекіп, дайын өнімге айналады.

rro

«70 ойыншықты жасап үлгердім»

– Қолөнермен шұғылдану шеберлікпен қатар, төзімділікті талап етеді. Көз майыңызды тауысып, жасаған дүниелеріңізді қолөнер көрмелері мен сауда орындарына шығарып көрдіңіз бе? Қаншаға бағалайсыз?

Иə, картинамен ғана республика көлемінде өткен көрмеге қатыстым. Бұйымдарымды көрмеге шығара қоймадым. Ондай мүмкіндік болса қуана көпшілік назарына ұсынар едім. Арнайы орынға апарып сатып көрген де емеспін. Бір-бірінен естіген адамдар өздері іздеп келіп сатып алып жатады. Бүгінде Нұр[1]Сұлтан, Қостанай, Көкшетау, Алматы өңірлерінен ұсыныстар түсуде. Біртіндеп бұйымдарым айналымға шығып жатыр. Көкшетау қаласынан ең көп тапсырыс түсті. Бірден 70 ойыншықты жасап үлгеруім керек болды. Оны үш апта ішінде дайындап бердім. Бұл шеберхана бөлмесін жалға алып отырмын. Бағасы заттың көлеміне, жасалу ісіне байланысты. Оған кететін құм, кристалл, тастар секілді материал шығындары есептеледі. Мəселен, тастармен көмкерілген мына сағаттар 20 000 теңге, картиналар 15 000, ал, шырша ойыншықтары 1 000 теңгеден жоғары. Ең бастысы, мен бұл дүниелерді пайда табу үшін емес, жүрек қалауыммен жасаймын. Алға талпындыратын да сол қасиетім.

– Əңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан:

Мəлике ҚУАНЫШЕВА

 Суреттерді түсірген: Е.АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Гульжамал

    Илона – нағыз айтуға тұрарлық жан, өз ісінің шебері, достыққа адал, ақжарқын жан. Бастаған ісіне саттілік тілеймін! Қашанда ақ жол болып, үлкееен белестерден көріне бер!