ӘСЕТТІҢ ӘСЕМ ӘНДЕРІ-АЙ…

1975 жылдың жазы болатын. Атырауға шығармашылық сапармен келген белгілі сазгер Әсет Бейсеуов Махамбет ауданының елді мекендеріне де ат басын бұрып, кездесулер өткізді. Қайда барса да, оны өнерсүйер қауым жылы қабылдап, қошемет көрсетті. Әсеттің әсем әндерінің нағыз дүбірлеп тұрған кезі еді ол. Жиын-тойлар Әсет әнінсіз өтпейтін. Ортақшыл ауылында болған кездесуді жүргізу сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Нариман Үлкенбаев пен аудандық газеттің жауапты хатшысы болып істейтін осы жолдардың авторына жүктелді. Ертесіне құрметті қонағымыз көршілес Индер ауданына аттанатын болды. Селолық клубқа ауыл тұрғындары көп жиналды.

– Мен республикамыздың қай түкпіріне барсам да, халық, тыңдарман қауым әрдайым құшақ жайып қарсы алып, шынайы ықыластарын білдіріп жатады. Өнер адамдары үшін осыдан артық бақыт бар ма? – деген еді ол сол кезде ағынан жарылып. Концерт аяқталған соң бір үйде дастархан жайылып, қонақтарға қазақы дәстүрмен құрмет көрсетілді. Әсет өте көңілді отырды. Осы сәтті пайдаланып, ҚазМУ-ды бітіріп келген филолог мұғалім Қалидолла Ізекенов сөз тиегін ағытып жіберді.
– Қош келдіңіз, Әсет аға, сізге деген құрметтің белгісі болсын, бір әніңізді орындап берейін,- деді ол қолына сырнайын алып жатып. Тебіреніспен орындалған Қалидолланың әнін тыңдаған Әсеттің риза болып бата бергені есімде қалыпты. Марқұм Нариман Үлкенбаев та сол отырыстың сәнін кіргізген еді. Жақында теледидардан Әсет Бейсеуов әндерінің кешін көріп отырып, сол сәттер көз алдыма келді. Абзал азаматтар ортамызда болмаса да, өнердің мәңгілік екені көңіл жұбатады.

Сейілхан ҚАЙЫРЖАНОВ,
Журналистер Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз