САРАЙШЫҚТА ТҰНҒАН СЫР…

ол туралы жаңа туындының тұсауы кесілді
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, халықаралық қоғамдық-саяси «Қазақстан - Zaman» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлының «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, жылы лебізін білдірді.

– Бүгінгі күн – Атырау облысының әдеби-мәдени өміріндегі айшықты күндердің бірі деп есептеймін. Ертай Айғалиұлының «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный» атты кітабының шығуына ұйытқы болған – облыс әкімдігі. Кітаптың қалың оқырманға таралуына байланысты облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының атынан құттықтаймын.
Жалпы, соңғы бір-екі жылда Атырау өңірінің мәдениеті мен әдебиетіне тың серпін берген «Ақ Жайық.кz» республикалық журналының шығуы болса, оған іле-шала басқа да бірнеше кітап үздіксіз жарық көруде. Сондай-ақ, Атырау облысын, республика оқырмандарын таңғалдыратын Қазақ поэзиясының онтомдығы әзірлену үстінде. Алдағы айдың бірінде бұл үлкен дүниенің де тұсауы кесіледі, – деген Шыңғыс Жұмабекұлы кітап авторына шығармашылық табыс тіледі.
Ертай Айғалиұлының жаңа туындысының тұсаукесеріне елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар қатысты. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – журналист, баспагер, жазушы Мереке Құлкенов өз кезегінде мінбеге көтеріліп, айтулы кітаптың қазақ әдебиеті үшін тың жаңалық екенін баса айтты. «Жазушы үшін бірінші бақыты – кітабын шығару, екінші бақыты – сол кітабының қалың оқырманға кеңінен танылуы. Қазір қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті кенжелеп бара жатыр, ешкім жазбайды десем де болады. Өлеңдер, тақпақтар жазылып жүруі мүмкін. Бірақ, көркем шығармалар өте сирек. Сондықтан, Ертай Айғалиұлының бұл дүниесі біз үшін, қазақ руханияты үшін үлкен жаңалық деп есептеймін. Өйткені, қос желілі шығарма жазу деген – әлемдік әдебиеттегі дамып тұрған жүйе. Бүгінгі өмір мен өткенді астастырып, шендестіріп жазу оңай соқпасы анық. Әсіресе, Сарайшықты балалар көңілімен жазу – үлкен табыс. Ертай – қазақ балалар әдебиетіне сүбелі үлес қосып келе жатқан қаламгер», – деді Мереке Әбдешұлы.
Ал, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парасат орденінің иегері Рахымжан Отарбаев әріптес досы жайлы ағынан жарылды. «Ертай Айғалиұлы, Атырауда жаңа кітабыңыздың тұсауы кесіліп жатқанына қуаныштымыз. Ертайдың туындысы – балалар әдебиетіне жаңа сипат әкелетін туынды деп ойлаймын. Сарайшықтың қатпар-қатпар тарихында сонау Иван Грозныйдан, кейіпкері ретінде бүгінгі Молдаш ағамыздан бастап, біраз жас буын да жүр екен. Өткен мен бүгінді салыстырып, бүгінгінің әңгімесінен кешегі тарихтың қойнауын қопарып алып кету, соны жасөспірімге түсінікті тілмен баяндау – үлкен жетістік», – деп Рахымжан Қасымғалиұлы ұлттық санамызға сай келмейтін «Гарри Потерді» насихаттағанша, қазақы жан-дүниемізге, ұғымымызға сай туындыны таныту қажеттілігін баса айтып, ортаға салмақты ой тастады.
Жаңа туынды жайында халықаралық «Қазақстан-Zaman» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Сәуле Мешітбайқызы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Қадыр Жүсіп, «Аяз би» ауыл мәдениетін қолдау қорының төрағасы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жеңіс Аронов та жылы лебізін білдіріп, кітапты насихаттау мақсатында оқырмандар арасында біраз шаралар ұйымдастырылатынынан хабардар етті.
Шара соңында Атырау облысы әкімдігіне, жалпы жұртшылыққа ризашылығын жасыра алмай, тебірене сөз алған кітаптың авторы Ертай Айғалиұлы: «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный» қос желілі тарихи романымда тарихымыздың терең қойнауында қалған Сарайшық қаласының сол кездегі (ІХ-ХVI ғасырларда) өмір тынысы, тіршілігі, өркендеу, гүлдену дәуірі және күйреуі аңыздық мифологиялық кейіпкер Аққу ханша және басқа да тарихи тұлғалар арқылы шынайы суреттеледі. 1581 жылы әлемдегі ең сұлу қалалардың бірі, Ноғай ордасы мен Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшықты орыс патшасы Иван Грозный казактарын жіберіп, қираттырады. Бейбіт қаланың тұрғындарын, қарттар мен балаларды да аяусыз өлтіріп, қырып, байлығын тонайды. Қосарлы желіде Аягүл бастаған балалар қаланың тарихын зерттейді және өлі қаланың Жайық өзеніне жұтылып кетпеуі үшін күрес жүргізеді. Романның тартысты да, шытырман оқиғалары жас оқырмандарды ғана қызықтырмайды, тарихи-танымдық тұрғыда айтылған мәселелер үлкендердің де назарын аударары сөзсіз», – деді.
Ата-бабаларымыздың елін, жерін қорғаудағы жанқиярлық ерліктері мен тәуелсіздігіміз кезіндегі бүкіл өмір тынысы нанымды суреттелетін романның балаларға, жасөспірімдерге отаншылдық тәрбие берудегі маңызы зор. Жазушы Ертай Айғалиұлының «Таймас» баспа үйінен 1000 данамен жарық көрген жаңа кітабы алдымен атыраулық оқырмандарға жол тартып отыр.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз