РИМДІ ТАМСАНДЫРҒАН РАФАЭЛЬ

Жуырда Италияның Рим қаласында өткен халықаралық «Рим-2015» байқауына қатысқан  танымал суретші, «Тарлан» ұлттық сыйлығының лауреаты Рафаэль Слекенов әлемдік аренада қазақстандық өнер имиджінің деңгейін көтерді.

Франция, Англия, АҚШ, Ресей, Германия сынды қырыққа жуық елдерден арнайы шақырылған 880-дей өнер иесінің арасында атыраулық қылқалам шеберінің де болуы – өлке үшін үлкен мақтаныш.

Суретшінің конкурсқа ұсынған туындылары еуропалық жұртшылық арасында жоғары бағаға ие болды. Байқауды ұйымдастыру комитеті жерлесімізді шығарма стилінің шынайылығы үшін арнайы сыйлықпен марапаттады.

Биенали қорытындысымен Милан қаласындағы Қазіргі заманғы өнер халықаралық қоры арнайы жинақ шығармақшы. «Қазіргі заманғы өнер тұлғалары» деп аталатын жинаққа суретшінің жұмыстары, өмірбаяны енгізіледі. Рафаэль Слекеновке Италия мен Аргентина елдерінде жеке көрмесін ұйымдастыру жөнінде де ұсыныстар түскен.

– Әлемдік деңгейдегі мұндай жобаларға қатысу бұл тек суретші үшін ғана сәттілік емес, сонымен қатар, тәуелсіз еліміздің өнері мен мәдениетін дүние жүзіне паш етуге мүмкіндік береді, – дейді ол.

Осыдан екі жыл бұрын суретші Атырауда «Тенгри Арт» атты қоғамдық мәдени қорын ашып, жергілікті жұртшылыққа өз туындыларынан жиі көрме ұйымдастырып тұрады.

Биенналие – әлемдік сурет өнері саласында екі жылда бір рет өтетін ауқымды шара. Ал, Италия астанасында бұл Арт жоба тұңғыш рет ұйымдастырылған. Рафаэль Слекеновтің айтуынша, бұл шара әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған суретшілерге қазіргі заманда болып жатқан құбылыстар, әр елдің өнер тенденциялары жайлы пікір алмасуға зор септігін тигізген.

Жыл басында ұйымдастыру комитеті арнайы хат жіберіп, атыраулық суретшіні шақырған. Алдымен 12 адамнан құрылған іріктеу комиссиясы суретшінің туындыларын қарап, саралады. Суретші бұл жобаға туған жер, Жайық самалы, Идиллия, балалық шақ тақырыптарындағы бес туындысын апарып, арнайы дипломмен марапатталды.

 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз