
Қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова 96 жасқа толды
Биыл қазақ өнерінің шоқ жұлдызы, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Бибігүл Ахметқызы Төлегенова 96 жасқа толды. Ұлт мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнер иесі – КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, қазақ музыкасының тарихында өшпес із қалдырған бірегей тұлға.
Бибігүл Төлегенованың саналы ғұмыры мен шығармашылық жолы қазақ вокал өнерінің алтын дәуірімен тығыз байланысты. Ол ұлттық ән өнерін кәсіби деңгейге көтеріп қана қоймай, қазақтың халық әндерін әлемдік сахналарда асқақтата орындау арқылы ұлттық мәдениеттің беделін халықаралық деңгейде танытты. Әншінің табиғи тембрі, биік кәсіби шеберлігі мен сахналық мәдениеті оны өз заманының ғана емес, бүгінгі күннің де дара тұлғасына айналдырды.
Өнер иесінің еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол «Отан» орденімен, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығымен және өзге де жоғары марапаттармен наградталған. Бибігүл Ахметқызының орындауындағы «Гәкку», «Бұлбұл», «Жиырма бес» сынды халық әндері тыңдарман жүрегінен мәңгілік орын алып, бірнеше буынның рухани қазынасына айналды. Сонымен қатар ол классикалық және опера өнерінің дамуына да зор үлес қосып, қазақ вокал мектебінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.
Айта кетейік, былтыр әйгілі әншінің 95 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Мерейтой аясында еліміздің түкпір-түкпірінде 150-ге жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылып, Бибігүл Төлегенованың өнер жолына арналған шығармашылық кештер мен концерттер өтті. Бұл шаралар қазақ өнерінің аңызға айналған тұлғасына деген ел құрметінің айқын көрінісіне айналды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сурет: Ашық дереккөз



