Жарнама
Мәдениет

Қара домбыраның құпиясы

Мекес Төрешев – қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері.

Ол 1940 жылы 15 маусымда Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы, Қарақұс елді мекенінде дүниеге келген. Он жылдық орта мектепті бітіргеннен кейін, Құрманғазы ауданына қарасты «Сүйіндік» кеңшарында еңбекке араласып, жұмыс жасайды. Дарынды өнерпаз бала кезінен қолына домбыра ұстап, анасы Мәдинаның тәрбиесімен өнерге ұмтылады. Ол бозбала кезінде той-думанда ән салып, ауыл өнерпаздарынан көп үйренеді.

Өнер жолын «Қазақконцерт» бірлестігінде бастаған Мекес Төрешев 1967 жылдан бастап өмірінің соңына дейін (2007 ж.) облыстық Н.Жантөрин атындағы филармонияның жеке орындаушысы болып қызмет атқарды. Өнер адамының орындау мәнері ерекше еді: ол әндерді көрерменіне терең сезіммен, жүрегімен жеткізетін. Домбыра тарту шеберлігі де ерекше. Сонымен қатар дәстүрлі әнші Д.Нұрпейісова атындағы музыка колледжінде халық әні класынан сабақ беріп, жас өнерпаздарды тәрбиелеуге атсалысқан.

М.Төрешев – қазақтың ән өнерінде өзіндік орны бар, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға. Жастайынан «әнші Мекес» атанған ол туабіткен дарынын Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерімен шыңдап, Мұхит Мералиевтің ерекшелігіне еліктейді. 1990 жылдары Атырау өңіріндегі Мұхит, Ғарифолла әндерін орындайтын бірден-бір дара, дүлдүл әншіге айналады. Ол Ресейдің Астрахан облысында, Моңғолия елінің Баянөлгей аймағында, 1994 жылы Д.Нұрпейісова атындағы оркестрмен бірге Түркия еліндегі Дүниежүзілік фестивалінде және Өзбекстан, Түркіменстан, ҚХР елдерінде, Қарақалпақстанда өнер көрсеткен. «Құрмет» орденімен, грамоталармен марапатталып, 1992 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағына ие болған. 

Қасиетті өнер жолын таңдаған М.Төрешевтің домбырасының тарихы ерекше. 1960 жылы «Қазақконцерт» бірлестігінде әнші болып жүрген кезінде күйші Оқап Қабиғожиннің жұбайы Мекестің дауысын естіп, өнеріне риза болғасын: «Ағаңның бейнетін бермесін, өнердегі бағын берсін!» деп батасын беріп, күйшінің домбырасын сыйға тартады. Бұл 1936 жылы Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен шебер М.Романенконың күйші Оқап Қабиғожинге арнап жасаған домбырасы еді.

Әнші осы домбыраны жарты ғасырға жуық қолынан тастамаған. Қатты ауырған шағында жұбайы Жақсыгүлге: «Алға қарай домбырамның тағдырын Иманғали Тасмағамбетов шешеді. Сол кісінің рұқсатынсыз ешкімге бермеңдер», — деген екен.

2008 жылдың қазан айында И.Тасмағамбетов Атырауға арнайы келіп, әншінің жанұясына барып, әнші рухына арнап дұға етіп, құран бағыштайды да, қасиетті домбыраны Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыс етуін өтінеді.

Мекес Төрешевтің домбырасын жұбайы Жақсыгүл Рахманқызы музейге 2008 жылы тапсырған. Музей қорында НҚ-19897 шифр нөмірімен сақталған. 19 пернелі, құрама шанақты домбыраның мойны (сабы) 48 см, бет тақтайының ұзындығы 38 см, ені 18 см. Беттақтайында дыбыс ойығының екі жанына иректелген ойық салынған.

Эльмира ИБРАГИМОВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button