ӨТКЕН КҮНДЕРДІҢ ТАРИХИ ШЕЖІРЕСІ

Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер мұражайында «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына орай «Елбасының рөлі: кеше, бүгін, ертең» атты фотокөрменің ашылу салтанаты өтті. 

Фотокөрмеде негізінен Елбасы,  «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің мұнайлы өңірге келген кездерінде түсірілген фотосуреттер қойылған. Сондай-ақ, Президенттің дамыған мемлекеттер басшыларымен кездесу сәттерінен, «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырған шаралардан, спорт саласындағы жетістіктерімізден және тағы басқа оқиғалардан фотосуреттерге орын берілген. 

 – Фотосуреттер – бейнелі шежіре тарихы. Осы көрмені ұйымдастыруға үлкен еңбек сіңірілді. Өңірде орын алған тарихи оқиғалардан сыр шертетін фотосуреттерді іздестірген болатынбыз.  Мұндай тамаша туындылар жергілікті фототілшілердің мұрағаттарында сақтаулы екен. Бұл – таптырмас құнды дүниелер, – дейді облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Қосыбаев. 

Көрмеге өз жұмыстарын жинақтап ұсынған жергілікті фото-суретшілер Қайролла Қабдешев, Ерлан Алтыбаев және Еркін Бозжігітов облыстық партия филиалының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Алғыс хатына ие болды. 

Еліміз мен облысымыз тарихындағы елеулі оқиғалардың бір сәтін тарихта қалдыра білген шеберлердің әрбір фотосуретінің өзіндік алған бағасы, өзіндік тарихи мәні, ұрпақ қажеттілігіне жаратарлық құндылығы бар екендігіне дау жоқ. 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз