
«Мықты маман – мықты ел!»
Атырау облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен өткен суретшілердің республикалық online симпозиум-көрмесі осылай деп аталды.

Симпозиумның басты мақсаты — бейнелеу өнері арқылы жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін айшықтап, еңбек адамының мәртебесін арттыру, жас ұрпақтың еңбекке деген құрметін ояту.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялай отырып, ел болашағы — еңбек адамының қолында екенін ерекше атап өтті. Бүгінгі симпозиум — тек суретшілердің басқосуы емес, бұл — өнер арқылы қоғамға ой салу, еңбек пен мамандыққа деген құрметті арттыру, жас ұрпақтың бойында еңбекке деген сүйіспеншілік қалыптастыру. Сонымен қатар бүгінгі көрмеде еліміздің түкпір-түкпірінен келген талантты суретшілердің шығармашылығымен танысып, қылқалам шеберлерінің бір-бірімен тәжірибе алмасына мүмкіндік беріліп отыр, — деді облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әділғалиев.

Республиканың әр түкпірінен қатысқан 15 суретші өз шеберханаларында дайындаған бірегей туындыларын көрмеге ұсынып, нәтижесінде музей қорына 15 жаңа шығарма қосылды. Симпозиум жұмысына Қазақстан Республикасы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінен арнайы шақырылған өнертанушы Самал Мамытова қатысып, қатысушылардың туындыларына кәсіби талдау жүргізді.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының Атырау филиалының төрағасы Шеруен Мұхтар құттықтау сөз сөйлеп, симпозиумның ерекшеліктері мен маңыздылығына тоқталды.

Айта кетейік, симпозиумға қатысқан суретшілерге 600 мың теңге көлеміндегі сертификат, ал өнертанушы Самал Мұхтарқызына Алғыс хат пен 500 мың теңге көлемінде стипендия табысталды.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



