
Маңдай термен мәртебе тапқан жан
Адам өмірінің мәні – артында қалдырған ізінде. Бірі елге еңбегімен, бірі ұрпағымен, енді бірі өнегелі ғұмыр жолымен үлгі бола біледі. Солардың қатарында өмірін адал еңбекке, отбасының берекесіне арнаған Махамбет ауданының Таңдай ауылында тұратын Маруаш Иманғалиқызы Жұбанова есімі ерекше құрметке лайық. Өмірдің қиын да қызықты белестерінен сүрінбей өтіп, айналасына мейірім мен ізгілік нұрын шашып жүрген ақ жаулықты ананың тағдыры – бүгінгі ұрпаққа өнеге.
Маруаш Иманғалиқызы 1947 жылы Исатай ауданында (бұрынғы Новобогат) дүниеге келген. Отбасындағы тоғыз баланың тұңғышы болған Маруаш апай жастайынан жауапкершілікті сезініп өсті. Әкесі партия ұйымының хатшысы, анасы балабақшада тәрбиеші болып еңбек етті. Балалық шағы соғыстан кейінгі қиын кезеңге тап келсе де, ол кездің адамдары төзімді әрі еңбекқор болатын.

1954 жылы Амангелді атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған Маруаш Иманғалиқызы 1964 жылы он жылдық мектепті бітіріп шығады. Сол жылы Гурьев қаласындағы медициналық училищеге түсіп, 1967 жылы оны тәмамдайды. Жастық жігермен туған жеріне оралып, Новобогат ауылындағы ауруханада медбике болып еңбек жолын бастайды. Ол жылдардағы медициналық қызметтің қиыншылығы мен жауапкершілігін ерекше еске алады.
– Ол кезде қазіргідей қолайлы жағдай жоқ еді ғой. Бір реттік құралдар болған жоқ. Әйнек шприц пен темір инені қайнатып, қайта-қайта қолдануға тура келетін. Дегенмен бар қиындыққа шыдап, үлкен жауапкершілікпен жұмыс істедік, – дейді Маруаш апай.
Сол бір жылдары барша медицина қызметкерлері сияқты ол да ел игілігі үшін аянбай еңбек етті. Қиындықты еңсеріп, кәсібіне адалдық танытқан төрт жарым жылдық еңбегін өмірінің ең маңызды кезеңдерінің бірі деп санайды.
1972 жылы Маруаш Иманғалиқызы өмірлік серігі Қуанышқали Есеновке тұрмысқа шығып, Таңдай ауылына келін болып түседі. Жолдасы мал дәрігері болып еңбек еткен. Өмірдің түрлі сынақтарына бірге төтеп берген жұбайлар бес бала тәрбиелеп өсірді. Балалары бүгінде әр салада еңбек етіп, елге қызмет етіп жүр. Келіндерінің бірі – физика пәнінің мұғалімі, екіншісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
– Қазіргі келін мен бұрынғы келіннің арасында айырмашылық, әрине, болады. Өзімнің келіндерім көңілімнен шығады. Шүкір, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Бұрынғы мен қазіргі уақыт екі бөлек. Бірақ жақсы тәрбие көрген, оқыған-тоқыған қыздардан жақсы келін шығады. Өз келіндеріммен ешқандай түсінбеушілігіміз болған емес, – дейді ақ жаулықты әже.
Маруаш апай соғыстан кейінгі ауыр жылдарда балалық шағын өткізсе де, естен кетпес ерекше жылдарды сағынатынын айтады. Мектеп кезінде білім алу мүмкіндігі шектеулі болса да, тәртіп пен жауапкершілікті бәрінен жоғары қойғандарын еске алады. Ол сол заманның қиындығын өмірлік сабақ деп біледі.
Қазір Маруаш Иманғалиқызы ер жеткен ұл-қыздары, оқыған-тоқыған келіндері, өсіп келе жатқан немере-жиендерінің қуанышына кенеліп отырған мәуелі бәйтеректей. Үлкен немересі Махамбет аудандық ауруханада бағдарламашы болып еңбек етсе, өзгелері түрлі салада қызмет етеді.
Өмір жолына көз жүгірткенде, ол бастан кешкен қиындықтар мен еңбекпен келген жетістіктердің барлығы бүгінде баянды ғұмырға ұласқанын мақтанышпен айтады. Төзім мен еңбекқорлықты серік еткен Маруаш апайдың өмірі – кейінгі ұрпаққа үлгі, ал оның жүрегіндегі мейірім мен өмірге деген сүйіспеншілігі – отбасының берекесі мен елдің игілігіне айналған құнды қазына.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ



