
Мәдениет пен өнердің жаңа мекені
Қала күні қарсаңында Алмалы ауылында көптен күткен қуанышты сәт – 200 орындық жаңа мәдениет үйінің ашылу салтанаты өтті. Бұл – ауыл тұрғындары үшін тарихи әрі тағылымды оқиға, елді мекеннің рухани тынысына тың серпін беретін айтулы күн болды.

Ауыл тұрғындарын қос мерекемен Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин құттықтады.
–Жаңа мәдениет ошағы заман талабына сай жабдықталған, кең де жарық көрермен залы, өнер үйірмелеріне арналған арнайы бөлмелер, кітапхана мен әкімшілік кеңселері бар. Мұнда ауыл жастары мен балалары шығармашылық қабілеттерін дамытып, түрлі үйірмелерге қатыса алады. Сондай-ақ, мәдени іс-шаралар мен кездесулер, мерекелік кештер өтетін бірегей алаңға айналмақ, — дейді Шәкір Кейкин.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген ауыл ақсақалдары бұл нысанның маңызын ерекше атап өтті. Олар жаңа мәдениет үйі – ұлттық руханият пен салт-дәстүрдің жаңғыруына негіз болатынын жеткізді.
– Бұл мәдениет үйі — тек ғимарат емес, бұл — ауылдың жүрегі, рухани өмірдің тынысы. Енді Алмалыда жас таланттар түлеп ұшатын, ұлт өнері жаңғыратын шын мәніндегі мәдени орда пайда болды, — дейді бізбен әңгімелескен ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Қуандық Сабиров.

Ашылу шарасы ауыл өнерпаздарының концертімен жалғасып, күймен көмкерілген, әнмен тербелген көркем кешке ұласты. Ауыл балаларының мың бұралған биі, домбырамен төгілген күй мен әуелеген ән көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
200 орындық мәдениет үйінің құрылысын «БатысАльянсСтрой» ЖШС салған. Жаңа нысан ауыл өміріне тың серпін беріп, Алмалының болашағына жол ашатын алтын көпір болмақ. Ендігі кезекте бұл орталық түрлі мәдени жобалар мен қоғамдық бастамалардың ұйытқысына айналмақ.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Рахима ХАЛЕЛ


