
Кино түсіру де достықты сүйеді
Бүгінде ел тарихына қатысты бұрын-соңды жарияланбаған мәліметтерді табу аса жоғары мәнге ие. Бұл жөнінде мемлекеттік дәрежедегі жоғары мінберлерден де айтылып келеді. Ал, халқымыздың қайталанбас тұлғаларының бірі – қазақтың соңғы ханы Жәңгір Бөкейұлының өмірі мен қызметі әлі күнге дейін толыққанды ашыла қоймағанын мойындаған жөн.
Осыны ескерген танымал отандық режиссер Талғат Теменов «Жәңгір ханның жаңғыруы» атты тарихи-деректі фильм түсіріп, тарихи тұлғаның қайраткерлік келбеті мен орынын ашып көрсетуге жұмыстануда.
Жуырда редакция поштасына Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы «Қазақ тілі» халықаралық орталығының төрағасы Сәуле Таикешевадан (Сәуле Дулати) арнайы хат келіп түсті. Онда Сәуле Совхозқызы жаңадан түсіріліп жатқан фильмнің мән-маңызы жөнінде Орынбор облысы мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы-Мүфти, «Хусаиния» медресесінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, теолог Әлфит (Абдолла) хазірет Шәріповпен сұхбаты жолданған. Әлфит Асхатұлы сұхбатта Қазақстанда түсіріліп жатқан «Жәңгір ханның жаңғыруы» атты деректі фильмнің маңызына жоғары баға берген.

– Жәңгір хан – өлкедегі мұсылмандармен қатар, Орынбордағы Керуен сарайдың құрылысына да сүбелі үлес қосқан тұлға. Ал, орынборлықтар үшін Керуен сарайдың ролі өте жоғары. Бұл – жай ғана сәулет ескерткіші емес, Орынбор облысындағы халықтар арасындағы көп ғасырлық достық пен тату көршіліктің символы, нағыз тартымдылық орталығы. Бұл – өткенді бүгінмен байланыстыратын, біздің үлкен тарихтың, өзара түсіністік пен ынтымақтастық тарихының бір бөлігі екенімізді еске салатын көпір іспетті. Орынбор мешіттерінің жағдайы мен дамуы, олардың қоғамдағы ролі, әрине, бірегей нысан – Керуен сарайымыздың тарихи және рухани маңызымен тікелей сабақтасып жатыр, — дейді Әлфит Шәріпов.

«Орынбор мешіттері туралы сөз қозғағанда, мен олардың қаламыздың ажар-көркіне қалай тығыз байланысты екеніне, оны сан қырлы, жанды етіп тұрғанына тағы да ой жүгірттім. Керуен сарайы ойға орала берді. Бұл – жай ғана архитектуралық асыл нысан емес. Бұл – Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде ғасырлар бойы әртүрлі мәдениеттер мен конфессиялардың өкілдері бейбітшілік пен сыйластықта өмір сүре алғанының символы.
Орынбор облысының мүфтиі Әлфит хазіретпен кездесуіміз ең маңызды жайт – диалогтың, салт-дәстүрді сақтаудың, баршамызға нәр беретін рухани тамырдың маңыздылығын еске салады.
Ескі фотосуреттерді, мұрағат құжаттарын және бұрыннан келген тұрғындардың әңгімелерін есіме түсірдім. Олардың бәрі бірігіп, Керуен сарай жай ғимарат емес, дәуірлердің тірі куәгері, болмысымыздың қалыптасуының, Орынбор өлкесіндегі халықтардың мәдениеті мен дәстүрлерінің тоғысқан куәсі болып табылатын біртұтас бейнені құрады.
Сондықтан оның сыртқы әсемдігін сақтап қана қоймай, оған жаңа тыныс беріп, мәдени алмасу орталығына, түрлі ұлттар мен дін өкілдерінің бас қосып, араласатын, тәжірибелері мен білімдерімен бөлісетін орнына айналдыру өте маңызды.
Өйткені, біздің ортақ болашағымыздың кепілі дәл осында, диалог пен өзара түсіністікте жатыр. Әр адам өзін үлкен және тату отбасының бір бөлігі ретінде сезіне алатын, бір-бірінің салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтеу – әдемі ұран ғана емес, өміріміздің негізі болып табылатын болашақ. Ал осы бірліктің нышаны іспетті Керуен сарай біздің бірге екенімізді еске салып, жарқырай бермек.
Облысымыздың рухани көшбасшысының конфессияаралық татулық пен келісімді нығайта отырып, бай мұрамызды сақтау және арттыру туралы көзқарасын тыңдау өте құнды болды. Мұндай кездесулер өңіріміздің мәдени мұрасын тереңірек түсінуге көмектеседі…» депті С.Таикешева «Ислам – бейбітшілік пен мейірім діні» атты өз мақаласында.

Шынында, ұлт тарихын қалыптастыру қай дәуірде де тарихта айрықша қолтаңба қалдырған қайраткер тұлғалар есімімен тығыз байланысты. Олай болса, Орынбор өлкесіндегі діни көшбасшы, өзі де қазақ тілінде жатық сөйлейтін Әлфит хазіреттің көзқарасы өткен тарихпен тонның ішкі бауындай сабақтасып, ұлттық құндылықтармен үндесіп жатқанын ескерген жөн. Бұл жерде орынборлық қазақ диаспорасының пікірін орынды жеткізе білген С.Таикешеваның көзқарасын да ескерген жөн.
Қуандық ШӘКІРОВ

