Жарнама
Мәдениет

Киелі жерлердің жаңа хроникасы жарық көрді

Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы «Атырау қазақтарының наным-сеніміндегі киелі жерлер» атты кітап-альбомның таныстырылымын өткізді. Өңірдің рухани тарихын жан-жақты зерделеген бұл еңбек – бірнеше жылдық ғылыми ізденістің, далалық экспедициялардың, этнографиялық және деректік материалдарды жүйелеудің нәтижесінде жарық көрген ерекше басылым.

Кітап-альбомда Атырау облысының аумағындағы әулие-аталар культының қалыптасуы, олардың сакралдық кеңістіктегі орны, қасиетті орындардың халық жадындағы рөлі терең талданады. Бұл киелі кеңістіктердің ғасырлар бойы қалай сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келгені, қасиетті адамдардың қабірлері не себептен «киелі орын» мәртебесіне ие болатыны ғылыми тұрғыдан түсіндіріледі. Сонымен қатар өңірдегі қасиетті орындар туралы тарихи мәліметтер, жергілікті аңыз-әңгімелер, ел аузындағы деректер жинақталып, олардың суреттерімен бірге берілген.

Таныстырылым барысында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов бұл еңбектің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары облыста тарихи-мәдени мұраларды зерттеу бағытында кең көлемді жұмыстар жүргізіліп келеді. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламалары мен «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы аймақтың тарихи келбетін жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. 

 – Бүгін таныстырылып отырған бұл еңбек –халқымыздың рухани тарихын тереңірек түсінуге жол ашатын маңызды басылым. Киелі орындар – ұлттық руханияттың тірегі, рухани иммунитетін сақтайтын құндылықтар. Мұндай еңбектер жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға ықпал етеді, – деді ол.

Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев та кітаптың дайындалу барысына тоқталып, жобаның ауқымдылығын атап өтті. Оның айтуынша, Атырау аймағындағы киелі орындарды ғылыми тұрғыда жүйелеу жұмыстары алғаш рет 2017 жылы басталған. Ол кезде өлкетанушылар Мұхамбетқали Кипиевтің жетекшілігімен көптеген деректер жинақталған еді. Сол деректерді жалғастырып, жаңа әдіснамалық негізде толықтыру мақсатында соңғы жылдары далалық зерттеу экспедициялары кеңінен ұйымдастырылған. 

– Біз әр аудан мен ауылдық аймақты аралап, киелі орындардың нақты орналасуын анықтап, фольклорлық, этнографиялық және тарихи мәліметтерді толықтырдық. Әулие-аталар культінің қалыптасу себептерін, халықтық ислам дәстүрінің өңірдегі ерекшеліктерін саралау — осы еңбектің негізгі ғылыми бағыттарының бірі болды, — деген ол зерттеу барысында XIV–XIX ғасырлардағы киелі зираттар мен әулиелердің қабірлері халық тығыз қоныстанған аймақтарда, атап айтқанда Жем, Сағыз, Ойыл, Жайық бойы мен Еділ–Жайық аралығында шоғырланғаны анықталғанын жеткізді. Бұл жерлердің тарихи тұрғыдағы маңызы, көшпелі қазақ мәдениетімен байланысы, сопылық ілімнің таралуына әсері де қарастырылған екен. Кітапта әулие-аталарға қатысты аңыздар, көне деректер, жергілікті халық арасында сақталған киелі орындар туралы түсініктер шынайы тарихи-этнографиялық негізде баяндалады.

01f943a4 b58e 4965 9242 81ac3cac2fbb

  Басылымды құрастыруға тарих ғылымдарының магистрі, орталық басшысының орынбасары Фархад Байдәулетов жетекшілік еткен. Сонымен қатар, кітаптың кіріспе бөлімінде тарих ғылымдарының кандидаты Ж. Жұмабаева мен гуманитарлық ғылымдар магистрі М. Кипиевтің ғылыми мәтіндері пайдаланылған. Авторлар киелі жерлерді зерттеудің теориялық және практикалық әдістерін үйлестіре отырып, өңірдің сакралды географиясын айқындауға айрықша үлес қосты.

Жалпы, жоба аясында киелі орындардың мәдени-географиялық бедерін жасау, олардың тарихи-мәдени мәртебесін анықтау, фольклорлық мәтіндер мен аңыздардағы деректерді салыстыра қарастыру жұмыстары жүргізілді. Киелі орындардың статусы, жерлеу және еске алу ғұрыптары, киелі ландшафт қалыптастырудағы рөлі ғылыми тұрғыда сараланып, ұлттық мәдениеттің дәстүрлі элементтерінің сабақтастығы көрсетілген.

Өлкенің рухани мұрасын жан-жақты зерттеген бұл басылым – қазақ дүниетанымындағы киелі жерлер феноменін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін құнды еңбек. Ол өңір тарихына қызығушылық танытқан зерттеушілерге де, жалпы оқырманға да арналған және ұлттық рухани мұраны сақтау мен ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадам болып саналады.

  «Атырау қазақтарының наным-сеніміндегі киелі жерлер» атты кітап-альбомның таныстырылымы барысында қоғам қайраткерлері мен тарихшылар өз ойларын білдірді. Қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов бұл еңбектің өңір тарихын зерттеуге қосқан үлесін жоғары бағалап, «Бұл кітап – халқымыздың рухани мәдениеті мен киелі жерлерге деген құрметін көрсететін маңызды еңбек. Ондағы материалдар арқылы жастарымыз өз дәстүрімізді тереңірек түсінеді», — деді.
Ал, ғалым, Атырау облысының Құрметті азаматы Бақтыбек Таубаев кітаптың ғылыми негізділігі мен мазмұнын атап, «Өңіріміздің қасиетті орындары мен әулие-аталар культін зерттеу — қазіргі және келер ұрпақ үшін маңызды. Кітаптағы деректер жастардың тарихи санасын қалыптастырып, киелі жерлерге құрмет тәрбиелейді», – деп пікірін білдірді.

  Белгілі тарихшы Лесқали Бердіғожин басылымның ғылыми жүйеленгенін ерекше атады. «Бұл еңбек әрбір киелі орынның тарихи, мәдени және рухани мәнін нақты деректермен негіздеп көрсетеді. Кітап зерттеушілер үшін ғана емес, жалпы оқырманға да түсінікті және қызықты», – деп, облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мамандары университетте лекциялар оқыса деген ұсынысын білдіріп, студенттерге кітаптағы ғылыми әдістемелік негізді, өңірдегі киелі орындар мен әулие-аталар культін жан-жақты түсіндірудің маңыздылығын атап өтті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button