КҮЙШІЛІК БАСТАЛҒАН ҒОЙ КІШКЕНТАЙДАН…

Жуырда Атырау қалалық мектептен тыс жұмыс орталығында ұлы күйші, сазгер Құрманғазы Сағырбайұлының құрметіне арналған «Күй атасы Құрманғазы» атты жас күйшілердің екінші қалалық байқауы өтті. Оған қала мектептерінен 17 оқушы қатысып, өз бақтарын сынады. Бәрімізге белгілі, біздің Атырау өңірі – өнердің тұнған өлкесі. Домбыра құлағында ойнаған Құрманғазы мен Дина, Қаршыға мен Айгүл, олардың ізін басып келе жатқан домбырашы жастар қаншама?! Осы күйшілік өнер жас балалар арасында қалай дамуда, өнердің осы түріне олардың қызығушылығы қандай - міне, осындай сауалдарға жауап ретінде қалалық білім бөлімі жылма-жыл мектеп оқушылары арасында осындай сайыстар өткізуді қолға алды. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қазіргі балалар тек күйшілік өнеріне ғана емес, сонымен бірге әншілікке, спортқа, сурет өнеріне, шетел тілдерін меңгеруге ден қойған.

Оқушылар арасында өткен осынау шараны Атырау қалалық білім бөлімінің әдіскері Жұмазия Жолмұханова кіріспе сөзбен ашты. Өнер сайысына қатысушылардың бәрі екі күйден орындады. Бірі – күйші аталарының «Адай» күйі екіншісі – өз қалауы. Мұнтаздай боп киінген ұл-қыздың бәрінің қолында – қара домбыра. Осынша жас күйшінің арасында болашағынан үміт күттіретіндей балалар да аз емес боп шықты.

Айталық, жүлделі бірінші орын – Айтуар Мәдиев (мектептен тыс жұмыс орталығының оқушысы) пен Тұрлыхан Аққалиевке (Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп оқушысы), жүлделі екінші орын – Ибраһим Сұлтанов (Қ.Смағұлов атындағы орта мектеп оқушысы), Аяжан Дәулетова (№17 мектеп-лицей оқушысы) және Елхан Теміржановқа (С.Датов атындағы орта мектеп оқушысы), жүлделі үшінші орын – Бекет Орынбаев (№30 орта мектеп оқушысы), Данияр Абатов (Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп оқушысы), Эльдар Ризабеков (№6 орта мектеп оқушысы) және Аян Науешевке ( Абай атындағы орта мектеп оқушысы) бұйырды.

«Көрермен көзайымы» номинациясын қалалық мектептен тыс жұмыс орталығының оқушысы Мадияр Нұрлыбаев алды. Ал, байқаудың бас жүлдесін қаладағы №33 орта мектеп оқушысы Әлихан Ниғымов иеленді.

Құрманғазы туралы Хамит ақын толғауындағы «Ұлылылық басталған ғой «Кішкентайдан…» деген жолдар осы сәт ойымызға орала берді («Кішкентай» – ұлы сазгердің алғашқы туындыларының бірі). Балғын өнерпаздардың сайысы туралы біз де «Күйшілік басталған ғой кішкентайдан..» деген пікір түйдік.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз