КҮЙ ОЙНАЙДЫ ҚАЗАҒЫМНЫҢ ҚАНЫНДА…

Ертең Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар

оркестрінің 57-ші маусымы ашылады

Күй – киелі. Жаныңды тебірентіп, жүрегіңді елжіретер, кейде жігеріңді жанып, тұла бойыңа сарқылмас қайрат құяр қасиет тек қана күйде ғана бар. Құрманғазы мен Динадан бастау алған саңылақ өнер өз жалғасын тауып келе жатыр. Қазаққа ғана тән ұлттық өнерімізді төрткүл дүниеге паш етіп, тек Қазақстанға ғана емес, шет мемлекеттерге де танымал болған Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің 57-ші маусымының ашылуы алдында оркестр басшысы Қамбар Дүйсембай мырзамен жүздескен болатынбыз.

 

– Қамбар Қамзаұлы! Өзіңіз басшылық жасап отырған оркестр – Қазақстандағы ең ірі өнер ордаларының бірі. Әңгімемізді әріден бастасақ…

– Қазақтың ұлттық өнерін насихаттау мақсатында оркестрдің негізі 1957 жылы құрылды. Оны ұйымдастырған Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының түлегі, белгілі дирижер, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сейілхан Құсайынов болатын. Жылдар көшінде Сейілхан ағамыз негізін қалаған оркестрге Боздақ Рзаханов, Рыспай Ғабдиев, Жұмагелді Нәжімеденов, Орақ Жауыров сынды өнер майталмандары жетекшілік етті. Тек 1990 жылы ғана кәсіби ұжым ретінде заңдастырылды. Оркестрдің кәсіби бет-бейнесінің қалыптасуына алғашқы көркем-дік жетекшісі және дирижері, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор, «Парасат» орденінің иегері Рыспай Ғабдиев ағамыз өте көп еңбек сіңірді.

 Сол жылдардағы оркестр мүшелері, бүгіндері жастары сексеннің сеңгіріне шыққан өнер майталмандары, домбыра-примамен қоса орыс аспаптарының барлығында еркін ойнаған, ғылым докторы, Атырау мұнай және газ институтының профессоры Текей Қарамырзаұлы, бас-домбырада өнер көрсеткен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Асылбек Қамметов, домбырашы, ұзақ жылдар темір жол кәсіподақ комитетін басқарған Ахмет Ықсанов, ұстаз, домбырашы Құмар Қожантаев сынды ағаларымыздың есімдерін айрықша құрметпен атаймыз. Бір кездері оркестр құрамында Фариза Оңғарсынова, Бақыт Қарабалина апаларымыздың болғанын да мақтан етеміз.

Жеке әншілерден Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мұхит мектебінің ірі өкілдерінің бірі Мекес Төрешов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нариман Үлкенбаев, Қазақстан мен Қырғызстан Республикалары мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, композитор Илья Жақанов, Кеңес Одағының Халық әртісі Шамғон Қажығалиев, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Әзидолла Есқалиев сынды өнер саңлақтары да еңбек етті.

– Оркестрдің қазіргі құрамы туралы айта кетсеңіз.

– Оркестрде бүгінгі күні сексеннен астам адам еңбек етеді. Барлығы да – арнаулы білімді, кәсіби мамандар. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясын, Атыраудағы музыкалық колледжін бітірген түлектермен құрам толықтырылып отырады.

Оркестрдің діңгегі – дирижер. Биыл оркестрге бас дирижер, әрі көркемдік жетекші болып халықаралық конкурстардың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы Орақ Жауыров келді. Тәжірибелі маманның тынымсыз еңбегі осы маусымның ашылуына әзірлік кезінде-ақ көрініп отыр. Осы қызметте он жылдан астам уақыт жемісті еңбек етіп, Құрманғазының 190 жылдық мерейтойында мың адамдық оркестрдің шымылдығын Құрманғазының «Серперімен» ашып, Динаның «Әсем қоңырымен» сабақтаған Талғат Камалиденовтің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Екінші дирижеріміз – Құрманғазы атындағы республикалық конкурстың лауреаты, республикалық дирижерлер сайысының жүлдегері, «Сиқырлы таяқша» иегері, ҚР Мәдениет қайраткері Рахила Құлсариева.

– Жаңа маусымда өнер сүйер қауымға қандай сый жасамақшысыздар?

– Жаңа маусым шымылдығы Айтқали Жайымовқа арнайы тапсырыспен жаздырған «Күй анасы – Дина» атты жаңа туындымен ашылады. Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Дәулеткерей, Нұрғиса Тілендиев шығармаларымен қоса, Сейілхан Құсайынов, Тоқсанбай Құлтумиев, Серік Дәулетияров, Жалғас Назаров, Самат Мәдиев және басқа да жергілікті күйшілердің шығармалары да орындалады. Классиканы да енгізіп отырмыз. Глинканың «Вальс фантазиясы» да көрерменге ұсынылады. Бұл – өте күрделі шығарма.

Әсима Ізмұхамбетова анамыздың орындауында нотаға түсірілген Құрманғазының «Көк ала ат», Мақаштың «Байжұмасы», Құрманғазының жастықтан қарттыққа аяқ басқан кезінде шығарып, «кәріліктің алды, жастықтың соңы» деп айтып орындаған «Қарт жігер» күйлері де көрермен назарына ұсынылмақ. Бұл жолы атыраулықтар нағыз орыстың Шопені дерлік, талантты, өте сирек кездесетін бас дауысты, консерваторияны биыл бітіретін жерлес ініміз Тайыр Тәжі-ғұловтың да өнерін тамашалай алады. Тағы бір айта кетейін дегенім – өткен жылы дәулескер күйші Ғатау Ібішов оркестрмен өнерін көрсетсе, биыл халыққа іскерлігімен танымал Өнербек Жанбала да оркестр құрамында өз өнерін ортаға салады.

– Облыстық, одан әрі республикалық шараларда үнемі сахна төрінен көрініп, ұлттық өнеріміздің ғажайып шеберлігін шетелдік көрермендер алдында насихаттап жүргендіктеріңізді оқырмандар жақсы біледі. Дегенмен, қазақтың дүлдүл күйлері мен әуенді әндерін тыңдаған шетелдіктердің қазақ өнеріне деген көзқарасын тағы бір еске түсіре кетсеңіз.

– Әр адамның көкірек түбінде мақтаныш, марқаю деген сезімдер болады. Мен осы бір сырлы сезімді біздің оркестрдің осы жылдың наурызында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның бастауымен Түркия, Еуропаның Германия, Австрия елдеріне гастрольге барған ке-зімде терең сезінгендей болдым. Бірнеше жерде концерттер бердік. Ыстамбұл қаласындағы бес мың орындық «Топкапты» мәдениет орталығында болған концертте лық толған көрермен қазақ музыкасының құдіретіне тәнті болып, күй күмбірі мен әуезді ән кереметіне құшырлана қол соқты.

Этномузыкатанушы, күйші, композитор Ақнәр Шәріпбаеваның философиялық тұжырымдарға толы, терең сарынды Қорқыттың күйі «Қорқыт» пен «Қасқырдың ұлуын» түркі елінің алдында қобыз аспабында жеке орындаған сәттегі көрермендер ілтипатын сөзбен айтып жеткізу оңай емес-ау. Германия жерінде де дәл осындай құрметке бөлендік. Берлин, Мюнхен қалаларында бірнеше жерде неміс халқына отыздан астам қазақ халық шығармаларымен қоса, әлемдік композиторлардың туындылары ұсынылды. Оркестрдің өр үніне тәнті болған шетелдік көрермендер ыстық ықыласпен қол соғып, үлкен қошемет көрсетті. Германдықтардың оркестрмен бірге Венаға дейін еріп келулерін, олардың қазақ өнерінің құдіретіне бас иіп, құрметтегені деп түсіндік.

– Алдағы жоспарларыңызға тоқталсаңыз.

– Жоспар көп. Барлық аудандарды аралап концерттер қоямыз. Облыстағы айтулы мереке-шаралардың бел ортасындамыз. Желтоқсанның ортасына таман Францияда Тәуелсіздік күніне арналған Қазақстанның мәдени күндері болады. Соған шақыру алдық. Жол түссе сол жаққа да барып, мәртебесі биік ұлттық өнерімізді көрсетсек деп отырмыз.

– Сөз сарыныңыздан «өз» оркестріміздің шыққан биіктері мен алған асуларын естіп, біз де қуанып, көкірегімізге мақтаныш ұялап отыр. Қай істе болмасын жеткен жетістікпен қоса шешімін күткен проблемалар да болады ғой. Соның ішінде осындай аты әйгілі оркестрдің әлі күнге жеке ғимараты жоқ екендігіне не айтасыз?

– Биылғы жыл облыс мәдениетінің бағы жанған жыл болды. Облыс әкімдігі мәдениет саласына ерекше қамқорлық көрсетуде. Оркестр мүшелеріне киім тігілді. Аспаптарға, жеке орындаушылардың киімдеріне, дирижерлердің фрактеріне қаржы бөлінді. Биыл үш қызметкер пәтер алу бақытына кенелді. Бұл оркестр қызметкерлеріне сонау 90-шы жылдардан бері беріліп отырған баспана екен. Бұйыртса, күзде тағы да үй беріледі деп жатыр. Үмітіміз бар.

Ал, жеке ғимаратымыз жоқ екендігі рас. Тіпті, болған да емес. Қалада біз паналамаған орын қалмаған шығар (күліп алды). Үлкен ұжымның көшіп-қонуы оңай шаруа емес. Шыны керек, бұрын талай рет айтылса да, айтылған жерінде қала беретін. Бүгінгі күні облыс әкімі оркестрдің өз шаңырағы болуы үшін көмегін жасауда. Алғы шарттар жасалды. Келесі жылы оркестр дербес ғимаратқа кіріп, қоныс тойын тойлайды деп отырмыз.

– Қамбар Қамзаұлы! Ертең сіздер үшін маңызды күн. Оркестрдің 57-ші маусымы шымылдығын айқара ашып, көрермендерге үкілі өнерден шашу шашпақ. Сәттілік тілеймін. Әңгімеңіз үшін үлкен рахмет.

– Сіздерге де зор алғысымды білдіремін. Барша атыраулықтарды Махамбет қазақ драма театрында болатын үлкен концертке шақырамын.

Сұхбатты жүргізген

Ағиба ҚАТЕШОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз