Ғасыр үнін жеткізген…

img 20220614 wa0077 Мәдениет

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында атыраулық ғалымдардың құрастыруымен «Әйел теңдігі» журналы» атты хрестоматиялық көмекші құрал жарық көрді.  

Аталған ғылыми еңбекті шығару жөнінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Ғылыми кеңесі шешім қабылдаған екен. Құрастырушылар – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мәншүк Мұқашева, әлеуметтік ғылымдар магистрі Жәнібек Қалым, әлеуметтік ғылымдар магистрі Анархан Жұмбаева және қауымдастырылған профессор Айгүл Қосанова.  

– «Әйел теңдігі» журналы – қазақ журналистикасы тарихындағы алғашқы салалық басылым. Бұл – халықтың қоғамдық-саяси көзқарастары мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты танытқан ХХ ғасыр куәгері. Журналда журналистика жанрлары жан-жақты қамтылған. Мақалалар педагогикалық, сатиралық және ғылыми бағытта топтастырылған. Оның 1926-1927 жылдары Қызылорда қаласында жарық көрген сандары Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінен алынды. Ондағы араб қарпімен жарияланған материалдар сол қалпында кириллицаға аударылды. Сол кездегі Алаш қайраткерлерінің ой-пікірлері бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Атап айтқанда, бұлар – әйелдердің қоғамдағы орны, зорлық-зомбылықпен күрес, ұрпақ тәрбиесіндегі кемшіліктерді жою, ана мен бала өлімін азайту, жетімдер жайы, надандық пен қараңғылықтан, ескі әдеттер мен пайдасыз ғұрыптардан арылу және басқа да мәселелер, – дейді Мәншүк Тынышқалиқызы.  

Аталған журналда қазақтан шыққан алғашқы әйел дәрігер Аққағаз Досжанова (1893-1931), қазақтың тұңғыш журналист қызы Нәзипа Құлжанова (1887-1934), кеңестік баспасөз тарихындағы тұңғыш әйел редактор, «Әйел теңдігінің» бас редакторы Сара Есова (1903-1984), жүзге тарта мақала жазған қазақ публицисі Нағима Арықова (1902-1956), шығыс әйелдері арасынан тұңғыш болып халықаралық саясат аренасына шыққан Алма Оразбаева (1898-1948), ақын, журналист Шолпан Иманбаева (1904-1926), Ләзиза Серғазина (1908-1982) және басқалардың да қолтаңбалары қалған. Бұлардан бөлек, Ерғали Алдоңғаров, Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасовтардың да мақалалары бар. Оның сыртында бүркеншік атпен жазған авторлар да жетерлік.  

Ләззат Тауташ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Журналистика және  саясаттану факультеті баспа ісі мамандығы студенті

img 20220614 wa0077
img 20220614 wa0075
img 20220614 wa0076
img 20220614 wa0074
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз