БАТЫР ЖАЙЛЫ АЩЫ ШЫНДЫҚ

Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған халықаралық театр фестивалінің өткен жұма күнгі көрсетілімі «БАС» драмасының премьерасымен ерекше есте қалды. Бұл қойылымды Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық драма театрының актерлері сахналады.

Тарихи шындыққа құрылған бұл драманың сюжетіне тоқталсақ, белгілі антрополог Нояль Шаяхметов Махамбеттің шынайы бет-бейнесін мүсіндеу үшін оның бас сүйегін қабірден қазып алып, зертханаға жеткізеді. Сол мезеттен бастап бір ғасырдан астам уақыт жер астында тыным тауып жатқан мүрденің трагедияға толы екінші тағдыры басталады. Шолақ ғұмыр шолтаң ете түскенімен, көзінің тірісінде Махамбет батыр өзінің ғазиз басын ешкімге қорлатпаған болатын. Бірақ, көресіні өлген соң көрді… Жердің бетіне қайта шыққан қайран басы зертханаларды жағалап біраз жүрді. Одан мәңгілік мекеніне оралуға рұқсат сұрап, Нояль мүсінші екеуі құзырлы мекемелердің есігін қағып шықты. Обалы не керек, өзін көрден қазып алған антрополог оны жер-ананың қойнына табыстамақ болып, жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Бірақ, елдің атқамінерлері батырдың атақ-даңқын қажет деп тапқанымен, басты көргенде шоршып түседі. Бір-біріне сілтеп ат-тонын ала қашады. Нояль шырақ та пенде, оның басқа да жұмысы бар емес пе. Қашанғы бас арқалап жүрсін… Мәскеуге кетті. Сөйтіп, бас жоғалды.

Десек те, елдің бәрі иманнан безіп кетпепті. Жоғалған бастың жоқтаушылары да табылды. Драмадағы кейіпкерлер Құрақ ақсақалдың хат жазып, қозғау салуымен, жоғарғы жақтан Нұрлан Өтепұлы мен Имаш бұл істі қолға алды. Елге «Махамбеттің басына ескерткіш орнатылады» деген жіңішке жіптей хабар жетті. Сүйіншіге берілер қомақты доллардың буы қойсын ба, жұрт алаөкпе шабысқа түсіп бас іздеп кетті. Әлдебіреулердің іс-әрекетінен қылмыстың исі аңқыды. Ақыры Алматыда жертөледе он жеті жыл жатқан бас сүйек бақилық тұрағына оралып, Махамбет бабамыздың рухы мәңгілікке тыныштық тапты. Тәубешіл халықпыз ғой. Осыған да шүкір дейміз. Табылмаса қайтер едік?!

Бұл драмада айдың-күннің аманында, бейбіт заманда орын алған осындай ащы шындық суреттеледі. Сол кезеңдегі солақай саясаттың салқынын сезінеміз. Адамның басы жоғалып жатса да, «өз басым орнында» деп селт етпейтін енжарлық пен салғырттықтан түңілеміз. Заманы түлкідей бұлаңдатып, бөденедей жорғалатқан шенді мен зиялының екіжүзді бет-бейнесіне куә боламыз. Өмір бар жерде юмор бар, драмадағы әртүрлі пендешіліктер де еріксіз езу тартқызады. Адалдық пен адамдық та көрініс тауып, тұрлаусыз тіршіліктегі таразы басын теңестіруге тырысады. Қойылымдағы бассыз адамдардың массовкасы осы шығарманың айтар ойын тілсіз, үнсіз ұғындырады. Бұл – қоюшы режиссер Жанат Телтаев пен суретші Темірбек Мұхтаровтың тың ізденісі, батыл шешімі.

Өз құндылықтарымыздың қадірін білмейтініміз – үлкен трагедия. Кенесарының басы, Құлбарақ батыр, Сұлтан Бейбарыс… Асылдарымыз әр жерде тарыдай шашылып қалды. Олардың бәрін еліне кім қайтарады? Жоғымызды қашан түгендеп боламыз? Драма көпке осындай ой тастайды. Махамбеттің ерлігімен мақтанатын қазақ оның мүрдесінен неге басын алып қашады? Батырын қорлауға да қиғаны ма? Осы сауалдар көрерменді ойландырады.

«Біз сценарий авторы Рахымжан Отарбаевтың «Бас» деген пьесасынан бөлек, 111 беттік «Бас» романымен танысып шықтық. Роман – әлі сиясы кеппеген, жақында ғана жазылып біткен жаңа туынды. Ал, «Бас» пьесасының жазылғанына көп уақыт өткен. Біз тақырыпты жан-жақты ашу үшін романға жүгінуді жөн көрдік. Өйткені, романда Ноэль Шаяхметов және Махамбеттің бас сүйегінің жоғалуы туралы кеңінен айтылған» – дейді қоюшы режиссер Жанат Телтаев.

Драмадағы Нояль Шаяхметовтің рөлін сомдаған – Дастан Пышанов. Актер, Дәурен және Махамбет ақынның рөлдерінде Нұрбек Съезхан ойнады. Құрақ рөлінде – Оралбай Ғалымжанов. Баймағамбет Айшуаковичті сомдаған – Манатбек Мырзаханов. Ықылас Төлеевичтің рөлінде – Ержан Жұматов, Қарауылқожаны – Бекет Зинуллин, Герасимовті – Қабдолла Күйкенов, Қайыпқали Есимовичті – Асылбек Бәдел сомдады. Сондай-ақ, Нұрлан Өтепұлының рөлінде – ҚР Мәдениет қайраткері Сәбит Қожабеков, Имаш рөлінде – Мырзабек Макулов ойнады.

Қазақ руханиятының бағына туғандардың бірі де бірегейі Рахымжан Отарбаевтың бұл туындысы – тарих ақтаңдақтарының сырын ашқан сүбелі еңбек. Не жазса да зердеге тоқып барып жазатын қаламгердің әлі де жазудың азабын тартар күндері алда секілді. Өйткені, тарихты бір кісідей жетік білетін оның қаламына сұранып тұрған «жабулы қазандар» әлі де жетерлік. Ендеше, драматургтен келешекте «Бас» сияқты шедевр туындылар күтеміз.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз