
Бала тәрбиесі тал бесіктен
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Қоғамдағы тәртіп пен заң үстемдігі – ел дамуының басты кепілі» екенін атап өтті. Бұл сөздің мәні терең. Себебі мемлекеттің тыныштығы мен тұрақтылығы ең алдымен әр азаматтың өз ісіне деген жауапкершілігі мен ішкі мәдениетіне байланысты. Егер қоғам мүшелері тәртіпке бағынса, өзгені құрметтесе, заңды сыйласа онда елдің еңсесі биік, болашағы жарқын болады.
Біз, балабақша тәрбиешілері, осы ұстанымның бастауында тұрған жандармыз. Себебі баланың бойына тәртіп пен мәдениетті, әдеп пен мейірімді кішкентайынан сіңіру – болашақ азаматтың тұлғалық негізін қалау. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халқымыз. Демек, баланың бойына ізгілік дәнін себу – қоғамның мәдени келбетін қалыптастырудың ең алғашқы қадамы.
Президент Жолдауында жастардың тәрбиесіне де ерекше тоқталды. Ол жас ұрпақтың отансүйгіш, білімді әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуын басты мақсат ретінде атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс балабақшадан басталуы тиіс. Өйткені тәртіп пен әдептілік – адамгершіліктің негізі, ал адамгершілік бар жерде елге деген сүйіспеншілік пен патриотизм де қалыптасады.
Сондықтан біз, тәрбиешілер қауымы, әр баланың жүрегіне мейірім, елжандылық, ізгілік ұрығын егуге тиіспіз. Президент айтқандай, әділ заң мен саналы ұрпақ – мемлекеттің тірегі. Ал сол ұрпақтың өмірге дұрыс көзқарасын қалыптастыру біздің ең басты борышымыз.
Нұргүл ИБРАЕВА,
“Балдырған” балабақшасының тәрбиешісі.
Құрманғазы ауданы
Сурет ашық дереккөзден алынды.



