Жарнама
Мәдениет

«Ауылдан Алматыға дейін»

Атырау қаласында Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен белгілі айтыскер, ақын, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Шалқарбай Ізбасаровтың шығармашылық кеші осылай деп аталды.

Кешке зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер саласының майталмандары, ақынның қаламгер достары мен жерлес бауырлары, сондай-ақ Шалқарбай Ізбасаровтың шығармашылығын құрмет тұтатын көрермендер қатысты.

aea1c7f6 a04c 475d bf6b 2a40bcf62d85

Рухани кеште ақынның қос томдық «Шабытты шақтар» атты айтыстар жинағының тұсауы кесілді. Кітаптың тұсаукесер рәсімі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов пен айтыс сахнасының саңлағы, ақынның өнердегі ұстазы Бауыржан Халиоллаға ұсынылды.

c55afbd2 ed28 47e2 ae19 0a1d1ad637ff

– Ақын – қазақтың ең қадірлі тұлғасы. Өйткені ол елдің рухын көтеріп, халықтың жырын жырлап, мұңын мұңдайды. Шалқарбай бауырымыз ауылдан түлеп ұшып, өнердің биік шыңына көтерілді. Ол туған жерінің топырағынан нәр алып, ұлттық өнерді ұлықтап, сөз құдіретін қадірлей білген қалам иесі. Сондықтан Шалқарбай Ізбасаровтай азаматтарымыздың еңбегі ұлт руханиятын байытып, жас ұрпаққа өнеге болады деп сенемін. Өнер жолында өрлей бер, жыр жолың жарқын болсын! – деді Мұрат Сақтайұлы.

Кештің көрігін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыскер ақын Дидар Қамиевтің орындауындағы Майлықожа Бәйдібекұлының «Ата-ана қадірі» атты термесі одан әрі ажарландыра түсті.

Туған жердің аманатын арқалап келген Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова сөз алып, жерлестері атынан ақынға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстап, жүрекжарды лебізін білдірді.

– Қадірлі ағайын! Бүгін біз Тайсойғанның қасиетті топырағынан түлеп ұшқан Шалқарбай Ізбасаровтың алғашқы шығармашылық кешіне куә болып отырмыз. Бұл – Қызылқоға үшін ғана емес, күллі Атырау жұрты үшін зор мақтаныш. Шалқарбай сынды азаматтар туған жердің абыройын асқақтатып, ел руханиятына өлшеусіз үлес қосып келеді. Біз Шалқарбайды мақтамаймыз, біз онымен мақтанамыз, – деді Гүлшара Нәдірқызы.

95603ea4 8b7d 411e 9f39 998cf24c990d

Кеш барысында ақынның өмір жолынан сыр шертетін бейнежазбалар көрсетіліп, жыр мен терме, әсер мен толғаныс қатар өрілді. Залға жиналған көрермен ақынның жыры мен өнерінен рухани ләззат алып, ерекше әсермен тарқасты.

Тоғжан ЕРМЕК

Суреттерді түсірген Әнуар Әбілғазиев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button