Жарнама
Мәдениет

Ауыл өміріне жаңа тыныс

Қала күні қарсаңында мұнайлы өлке тағы бір мәдениет үйімен толықты. Бүгін төрт мыңға тарта тұрғыны бар Дамбы ауылдық округінде жаңа мәдениет үйі салтанатты жағдайда ашылды.

Қос мерекемен қала тұрғындары мен қонақтарын шаһар басшысы Шәкір Кейкин құттықтады.

–Осыған дейін бұл ауылда өткен ғасырда салынған мәдениет үйі жұмыс істеп келген болатын. Енді міне, заман талабына сай бой көтерген жаңа ғимарат ауыл тұрғындарына мәдени демалыс пен шығармашылыққа кең мүмкіндік бермек.

Бұл нысан тек мәдениет ошағы ғана емес, халықтың басын қосатын, өнер мен білімнің тоғысар ордасы болмақ. Мұнда акт залы, кітапхана және түрлі өнер үйірмелеріне арналған кабинеттер қарастырылған. Сондай-ақ, ауласы толықтай абаттандырылып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалды.

Жаңа мәдениет үйі – жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, бірлік пен ынтымақтың символына айналады деп сенемін, — дейді Шәкір Кейкин.

200 орындық мәдениет үйінің құрылысын қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен «БатысСтройСервис-Атырау» ЖШС салған. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа мәдениет үйінің екінші қабатында кітапхана, би залы, арнайы бөлмелер орналасқан. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында Дамбы ауылдық округі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілекқабыл Мұратолла, Аналар алқасының төрайымы Сәуле Қайрош құттықтау сөз сөйлеп, жаңа нысанның ауыл тұрғындарының өмірінде ерекше орын алатынын атап айтты.

–Дамбы мәдениет үйінің өнерпаздары республикаға танылды. Бұрын біз Амангелді ауылындағы ескі мәдениет үйіндегі спектакльдерде ойнап, талай өнер кештерін өткізгенбіз. Қасиетті шаңырағымыздағы игі дәстүр енді жаңа мәдениет үйімізде де жалғасын табады деп сенеміз, — дейді Тілекқабыл Мұратолла.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button