
Атыраудың табиғатын суретпен сөйлеткен көрме
Yemma Artspace шығармашылық кеңістігінде «Қыр баласы қол созады аспанға» жобасы аясындағы көрменің ашылуы өтті. Бірнеше ай бойы жоба қатысушылары Атырау облысының жеті ауданын аралап, өңірдің табиғи келбетін, адамдардың жүзін және дала болмысының өзіндік ерекшеліктерін суретке, бейне мен туындыға айналдырды.

Жоба ұйымдастырушысы Ержан Нұрпейісовтің айтуынша, бұл бастама Атырау табиғаты туралы қалыптасқан «бұл өңірде көрсететін ештеңе жоқ» деген стереотипті бұзуға бағытталған.
– Бұл – даламен тыныстап, табиғатпен тілдескен шығармашылық сапардың нәтижесі. Біз Атырау облысының жеті ауданында болып, әсем табиғат көріністерін жинадық. Әр ауданнан фототоп, видеограф, суретші және басқа да шығармашыл жастар қатысып, туған жердің көркем бейнесін өз көзқарасымен жеткізді. Мақсатымыз – Атыраудың да өзіндік сұлулығы мен рухы бар екенін көрсету, — деді ол.

Іс-шарада Атырау облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Досқалиева сөз сөйлеп, жобаның жастардың шығармашылық әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.
Көрме барысында экспедиция кезінде түсірілген суреттер мен бейнематериалдар, сондай-ақ жас авторлардың туындылары ұсынылды. Шара өнер мен табиғаттың, адам мен дала болмысының үндестігін паш етті.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



