Жарнама
Мәдениет

Атырауда зергерлер бас қосты

Облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде қазақ халқының дәстүрлі зергерлік мұрасын дәріптейтін «Өңіржиек» атты республикалық online-симпозиум-көрменің салтанатты ашылуы өтті. Бұл – өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отырған ерекше мәдени жоба.


Өңіржиек – қазақ қызының сұлулығы мен тектілігін, мәртебесін айқындайтын, ұлттың эстетикалық дүниетанымын танытатын зергерлік әшекей. Симпозиумның мақсаты – көне дәстүрлі зергерлік өнерді жаңғыртып, заманауи шеберлердің шығармашылық ізденісін қолдау, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау және өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайту.

48759de1 4f87 47ad b766 cecb7d6c29df


Көрмеге Алматы, Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент қалаларынан және Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданынан 9, Атыраудан 3 шебер қатысып, барлығы 12 авторлық туынды ұсынылды. Симпозиум барысында музейдің бір экспозициялық залы жаңартылып, зергерлік өнер залы ретінде қайта ашылды.

b7352345 5280 4f7f 8b41 87d6571c453f


Шеберлерге алдын ала «Өңіржиек» бұйымының эскизін жасап, ұйымдастырушылармен келісу арқылы күмістен орындау талабы қойылған. Әшекей кемінде үш пластинадан құралған, жартылай бағалы тастармен көмкерілген және 925 сынамалы күмістен дайындалған болуы тиіс еді.

638d9e0d 85d8 41a0 a13b 5cf6a72c7db4


Көрменің ашылу салтанатында облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов сөз сөйлеп, зергерлік өнердің қазақ мәдениетіндегі орны мен маңызын атап өтті.

adcedc24 c4a6 4622 b861 4a471d2dc322


– Өңіржиек – қазақ қыз-келіншектерінің әсемдігін, мәртебесін бейнелейтін ерекше бұйым. Осындай симпозиумдар арқылы шеберлерімізге жаңа шабыт беріп, музей қорын ұлттық нақыштағы туындылармен толықтыру маңызды. Бұл бастама болашақ ұрпаққа мұра болып қалатын мәдени құндылықтарымызды сақтауға сеп болады, — деді ол.

Салтанатты жиында ҚР Суретшілер одағының Атырау филиалының төрағасы Мұхтар Шеруен де сөз алып, іс-шараның маңызын атап өтті.

9eb0a214 201d 475e a354 a9cd179df7d6


– Өңіржиек – зергерлік бұйымдардың ең күрделілерінің бірі. Оны жасау бір айға жуық уақыт алады. Осындай республикалық деңгейдегі симпозиум Атырауда алғаш рет өтіп отыр. Бұл – өңір үшін үлкен мәртебе әрі ел туризмін дамытуға қосқан мәдени үлес, — деді ол.

Іс-шара барысында зергер-шеберлер Өтепқали Өміров, Мұхтар Қабдығалиұлы, Исім Нұрлығайынұлы және Қайрат Болатұлына сертификаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

1e700333 39c5 4dd0 adf9 66983a69e95e

Көрменің лентасын облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, суретші Мұхтар Шеруен және белгілі зергер Өтепқали Өміров қиды. Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар зергерлердің бірегей туындыларын тамашалап, дәстүр мен замана үндескен «Өңіржиек» көрмесінің көркем әлеміне саяхат жасады.

Алмас ҚАБДОЛ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button