
Атырауда Қаршыға Ахмедияров атындағы «Күй – Ұран» II халықаралық байқауы өтті
Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік және Махамбет атындағы сыйлықтардың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы, дәулескер күйші-композитор, дирижер Қаршыға Ахмедияров атындағы «Күй – Ұран» II халықаралық жеке домбырашылар мен шертіп орындалатын ұлттық және түркітектес халықтардың екі-үш ішекті аспаптарында орындаушылардың байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты – дәстүрлі орындаушылық өнерді сақтау және оны жалғастыру, қалың қауымға әлемдік деңгейдегі күйлерді таныстыру және сирек күйшілік шығармашылық құбылысты насихаттау, күйдің әуендік-формалық құрылысы, ырғақтық-орындаушылық әдістерін шеберлікпен ұштау, республиканың және түркітектес елдердің домбыра тектес аспаптарда орындайтын жас өнерпаздарын күй өнеріне баулу.
Байқау облыс әкімдігі, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы және Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен жүзеге асты. Додаға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген 43 қатысушы домбыра-тенор және түркітектес аспаптар номинациялары бойынша бақ сынады.

Қатысушылардың өнеріне қазақстандық мәдениет майталмандары – Карима Сахарбаева, Ерболат Ахмедияров, Ерсайын Басыағара, Абылай Тілепберген, Сәлімгерей Садықов, сондай-ақ шетелден арнайы шақырылған өнер шеберлері – Өзбекстаннан Фарук Садыков және Қырғызстаннан Ирина Суеркулова баға берді.
Кештің ашылу салтанаты Қаршыға Ахмедияровтың әйгілі «Күй – Ұран» туындысымен басталып, шараға ұлттық рух пен мерекелік сән берді. Сахнаға арнайы шақырылған күйшінің жұбайы Нұрбике Ахмедияроваға гүл шоқтары ұсынылып, көпшілік оны жылы ықыласпен қарсы алды.
– Қаршыға Ахмедияров – қазақтың күйін жаңа деңгейге көтерген ерекше тұлға. Оның күйлері бізге күш беретін рух, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын үлкен мұра. Бүгінгі халықаралық байқау – сол аманатты дәріптеп, жас күйшілерге жол ашатын маңызды шара. Түркі елдерінің талантты жастары бір сахнада бас қосып, өнер өрісін кеңейтіп жатқаны қуантады.
Биыл байқауға алыс-жақын көршілес мемлекеттерден келген 40-тан астам өнерпаз қатысып отыр. Бұл – Қаршыға шығармашылығының халықаралық деңгейде кеңінен танылғанының айқын дәлелі. Біз үшін оның мұрасын тек туған күнінде ғана емес, күнделікті өмірде, ұдайы насихаттап отыру маңызды. Өйткені кез келген ұлтты танытатын – оның өнері мен мәдениеті. Осы алаңға жиналған қатысушылардың әрқайсысы Қаршыға Ахмедияровтың шығармаларын орындау арқылы қазақ күйін, жалпы түркі халықтарының музыкалық мұрасын әлемге насихаттауға үлес қосады деп сенемін. Барлық өнерпаздарға сәттілік тілеймін,-деді облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов.

Айта кетейік, байқаудың қорытындысы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 11 желтоқсан күні Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтеді.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



