Жарнама
Мәдениет

Атырауда “Менің Қазақстаным” атты мәдени шара басталды

Атырауда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойына арналған мәдени көпшілік шараның шымылдығы түрілді. «Мұнайшы» стадионында өтіп жатқан ауқымды рухани жиынға қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар қатысуда. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен және Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл шара ақынның бай мұрасын дәріптеуді, кеңінен насихаттауды мақсат етеді. 

      Стадион алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен ақынның бейнесінен құралған ерекше мозаика жасалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Шара барысында 10500 адамнан құралған үлкен хор Мемлекеттік Гимнді орындады. Бұл көрініс ел бірлігі мен отансүйгіштіктің айқын нышанына айналды.

     Облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов өз сөзінде: «Атырау өлкесі – қол бастаған көсемдерге, сөз бастаған шешендерге кенде болмаған киелі мекен. Соның заңды жалғасындай, ұрпақтар сабақтастығының белгісіндей ақынның Атырау перзенті болуы – біз үшін зор мақтаныш, үлкен мәртебе. Бір апта бойы өтіп келе жатқан мәдени іс-шаралардың жалғасы – бүгінгі гала-концерт ұрпаққа рухани мұраны дәріптеу, елдік пен ерлікті ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жұмекен жырлары қазақ барда, қалың оқырманы барда мәңгі жасай береді», – деді.

     Сахна төрінде Атырау өңірінен шыққан танымал өнер жұлдыздары өнер көрсетуде.

     “Менің Қазақстаным” атты мәдени шара – Жұмекен шығармашылығын ұлықтап, жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен мақтаныш сезімін дарытатын ерекше бастама. Кеш атыраулықтарға көтеріңкі көңіл күй мен рухани шабыт сыйлауда. Бүгін Атырау аспанында Жұмекен жыры ерекше жаңғырып тұр.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button