
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана алаңында бүгін ерекше рухани леп есті. Қалам мен қиялдың, жүрек пен сөздің жарасымын тапқан сәт бұл. Қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейткен, сөзімен елдің рухын оятқан, Мемлекеттік Гимн авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған республикалық поэзия фестивалі – «Жыр – Жұмекен» атты игі шара осылайша өз шымылдығын түрді.
Әдеби басқосу ақын рухына деген құрметтің, ұлттық сөз өнеріне деген адалдықтың айғағындай болды. Кітапхана төріне жиналған қалың оқырман, әдебиетсүйер қауым, жас қаламгерлер мен аға буын өкілдері – барлығы да Жұмекен жырының мөлдір әлемінен нәр алуға келді.

Фестиваль шымылдығын түрген Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Жұмекеннің поэзиядағы жолы мен тағылымды тұлғасы туралы терең ой толғады.
Жұмекеннің жырлары – елдікті, рухани тазалықты, ішкі тереңдікті ұран еткен өлеңдер. Оның поэзиясы арқылы бүгінгі буын Тәуелсіздік қадірін, туған жердің қасиетін, ұлттық идеяның биік мұратын ұғынады. Сол арқылы Жұмекен әлемі жұрттың жүрегіне жол тауып, рухани өзекке айналады.

Поэзия кешіне қазіргі қазақ жырының белді өкілдері қатысты. Жырмен жанын тербетіп, сөзбен санаға сәуле сепкен ақындар – Нұржан Светқали, Маралтай Райымбекұлы, Гүлнар Салықбай, Гүлзада Ниетқалиева, Маржан Ершу, Шерхан Талап, Артур Яхуда, Арман Жайық және Асланбек Шығыров Жұмекен рухына арнаған өз өлеңдерін оқып, көрерменнің жүрегін тербеді.

Әр ақынның үні – Жұмекеннің жалғасындай, әр өлең ақын әлеміне жасалған бір сапардай әсер етті. Бұл күні кітапхана қабырғасы поэзиямен тыныстап, көрермен санасы жырмен жаңғырып тұрды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



