ӘП-ӘДЕМІ ӘН ЕДІ, ӘТТЕҢ, ӘТТЕҢ…

Асқақтаған ән мен жыр, күмбірлеген қоңыр күй біздің халықтың бағзы заманнан бергі келе жатқан бітпес қазынасы секілді. Небір ақын, композитор аға-апаларымыздың қаламынан тыңдарманның жүрегін елжіретер ғажап туындылар өмірге келді. Бұл есті әндер қазіргі әнге деген адамдардың талғамсыздығы жайлаған заманда да өз тыңдарманын әлі тауып келеді. Айтылып келеді.

Енді осынау керемет әндерді бүгінгі әншілер сазы мен сөзін бұзбай орындаса екен дейміз. Алайда, қазір әннің мәтінін өзгертіп орындайтын «жезтаңдайларды» байқап қаламыз. Бұл қатарда тек жас әншілер болса бірсәрі, жасы егде әнші аға-апаларымыз да бар. Мәселен, бірде радиодан Қапаш Құлышева апамыз Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта» әнін орындап жатыр екен. Керемет шалқытып айтып шықты. Бірақ әннің сөзі қате айтылды. Әндегі «Орман, су, өзен жайлап, тау қыстайтын» деген жерді апамыз былайша, «Орман, су, өзен жайлы таусылмайтын» деп айтып, ән сөзіне өзінше өзгеріс енгізді. Осындайда біздің әншілер әнді орындамас бұрын аз ғана болса да ән тарихына бір үңіліп көрмейді ме, сөздің мағынасына үңілмейді ме деген ойда қаласың.
Сол секілді Шәмшінің «Қайдасың» әні де бұрмалаушылыққа көп ілігіп жүр. Қазір бұл әннің бір шумағы сахнада былай айтылуда.
Көрінші көңілге,
Қуаныш жайласын.
Сағындым жүзіңді,
Қалқатай қайдасың.
Ал, енді ақын (Тұманбай Молдағалиев) жазған төлнұсқасына назар салайықшы:
Көрінші көңілді,
Қуаныш жайласын.
Сағындым жүзіңді,
Қалқатай қайдасың.
Бәріміз білеміз, қазақта «көзіме көрінші» деген сөздің мағыналы екенін. Ал, енді «көңілге көрінші» десе, «бұл не деді?» деп аңтарылып тұрып қалмаймыз ба? Бұдан соң ұйқасқа назар салайық. Көңілді мен жүзіңді екеуі әдемі ұйқасып тұр. Өлең шалыс ұйқас формасымен жазылған. Ал, көңілге мен жүзіңді еш ұйқаспайды.
Шәмшінің «Ана туралы жыры» да немқұрайлы әншілердің қиянатына ұшырапты. Әндегі:
Есейіп кетсем де
Мен саған сәбимін.
Көңіліңді көктемдей,
Көзіңнен танимын,-
деген шумақ естеріңізде шығар (сөзі Ғафу Қайырбековтікі). Бұл жерде ана көңілінің көктемдей екені айтылып тұр ғой. Ал, кейбір әншілер Көңіліңді көктемдей дегеннің орнына Көгілдір көктемдей көзіңнен танимын дейді. Әлде әншілер өздерінің не айтып тұрғанын білмей ме? Сонда «ананың көзі көгілдір» дегені ме? Осы әннің тағы бір жеріндегі:
Сен бердің құстардың,
Қанатын самғаған,-
дегенді әншілер:
Сен берген құстардың,
Қанатын самғаған,
деп, тіптен лағып кетеді.
«Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» деген сөз осыдан туындаса керек. Ән сөзі ақын қалай жазса, солай орындалуы керек. Сәкен де, Шәмші де қайталанбас тұлғалар емес пе?! Қазіргі тыңдармандардың нағыз өнер мен жалған өнерді ажырата алмай жатқан тұсында бұрынғы есті әндердің бұрмалануына қалайша қынжылмайсың? Ұйқасы мен мағынасы жоқ әндер бүгінгі таңда онсыз да жетерлік емес пе?

Диас НАУРЫЗӘЛІ,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз