Нәубет қасіреті – құжаттар тілімен

Screenshot 11 Қоғам

Қасіретті жылдар дәйегін архив құжаттарындағы деректер арқылы айтар болсақ, 20-30 жылдардағы ашаршылықтан сан мыңдаған адам ажал құшып, жүздеген отбасы Қазақстан аумағынан тысқары кетуге мәжбүр болған. Атырау жеріндегі  ашаршылыққа  душар болған, көмекке  зәру адамдардың нақты саны болмағанымен,  1921 жылғы құжаттарда сол кезеңде Орал губерниясы, Гурьев уезіндегі ашаршылық жағдайын баяндайтын тарихи деректер кездеседі.

Screenshot_11

Орал губерниялық комиссияның төрағасы Чеботарев өз жолдауында: «…ел ашығуда, биылғы жылғы құрғақшылықтан келесі жылғы егін жинау науқанына дейін үкіметтің көмегінсіз он миллионнан астам халықтың тірі қалмасы анық. Барлық шаруашылықтар, мал шаруашылығы да, егін шаруашылығы да қиын жағдайда, Гурьев уезінде астық өндірілмейтіндіктен, халықтың жағдайы нашарлады» деп, губерния халқын бір-біріне көмек қолын созуға, аштық, өлімінен құтқаруға шақырады.

Елдегі осындай ауыр жағдайға  байланысты арнайы комиссия құрылып, ашаршылықта көмекке зәру  жандарды есепке  алып, оларға көмек қорын жасау  барысында жоспар құрылады. Сонымен қатар, шалғай аудандардағы аш адамдарға қажетті азық жеткізу жолдары қарастырылды.

1922 жылы бір ғана Жылыой ауданында 1300 адамның аштыққа ұшырағаны, оларға жергілікті атқарушы органдардан көрсетілген болмашы көмектер архив деректерінде кездеседі. Ал, 1922 жылғы деректе Гурьев уезінің Бестөбе болысындағы №2 ауылда 145 адамның аты-жөнін атап, аштыққа душар болғаны келтірілген. Соған қоса, 465 адам Ресейдің Саратов, Астрахан, Кубань, Пенза, Казань қалаларына, Украинаға және Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд қалаларына  жан сауғалап кеткендігі  туралы құжаттарда жазылған.

Өзен жағалағанның өзегі талмайды. Осы қағида  сол бір зобалаң шақта айтылған ба деп қаласың. Адамзат тарихының қиын кезеңдерінде теңіз бойын жағалай қонған елдің талғажу еткен негізгі күнкөріс көзі мен қорегі  – Каспий теңізі мен Жайық өзенінің балығы болғандығын тарих дәлелдеді. Бұл әрине, сол кезеңдегі Гурьев уезін мекен еткен елдің үштен бір бөлігінің тағдырына бұйырған несібе десе де болғандай.

Қасіретті жылдардың екінші кезеңінде репрессиялық шаралар жалғасып, бай, кулактарды тап ретінде жою, билік тарапынан мақсатты түрде жүргізілген. Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің 1928 жылдың 27 тамызындағы «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декреті қазақ еліне зор қасірет әкелді. Осы қаулы ауыл шаруашылығындағы қуғындау зұлматының басы болып, жер аударылған халық өзінің тұрғылықты жерінен күштеп көшіріліп, репрессия зардаптарының барлық түрін бастан кешірді. 1923-1927 жылдарда Гурьев уезі Саркөл болысының өзінен ғана тәркілеуге ұшыраған Көпенов Өтеген, Бөкенчиев Орынбай, Қосаманов Жанабай, Есеев Дәулетияр, Қосқұлақов Қабыл сияқты байлар мен молдалар, судьялар, діни адамдардың саны 69 болса,  Новобогат болысы бойынша Ахметов Тұхпатолла, Тұрланов Фазыл сынды  жоғарыдағы санатқа жататын адамдар саны 55 болған.

Республиканың өз ішіндегі көші-қон науқаны яғни, Гурьевтен Петропавлге,  Ақмоладан Гурьевке жер аудару туралы 1928 жылғы 30 тамыздағы қаулысына сай, ерсілі-қарсылы шұбырындыда талай қазақ, әсіресе, бала-шаға қырылды.

Ақмола округінен 15 бай, үй-ішімен 69 адам жер аударылып келген. Мысалы, Байменов Нығметжан, Оразбаев Мырзахмет жанұялары Қызылқоғаға жер аударылса, Қуандықов Мұқажан, Курпекбаев Смағұл жанұялары Есбол ауданына  көшіріледі. Осы жанұялармен бірге келген Доғалақовтар, Шоқаев, Қапеновтер Гурьев қаласына орналастырылады.

Ресми деректерге жүгінсек, тек жеке отбасы жер аударылған болып көрсетіледі. Ал, шындығында, тәркіленген байлардың бала-шағасы ғана емес, туыстары да айдауға, немесе қудалауға ұшырады. Осылайша, қазақ халқының басына төнген, 1928 жылдан басталған еріксіз көші-қон ісі ұжымдастыру дәуірінде өзінің шырқау шегіне жетті. Молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.

Үшінші кезең шамамен 1933 жылдан басталып, 1937-1938 жылдары өзінің шарықтау шегіне жетті. Құжаттық деректер ОГПУ орындарының Қазақстанда оннан астам «контрреволюциялық ұлттық ұйымдарды» әшкерелеп, жойғандығы жөнінде мәлімет береді.

Облыс прокуроры Тулешовтің республика прокуроры Көрпебаевқа берген есебінде 1938 жылғы ақпан-наурыз айларында Гурьев облысында шет мемлекеттердің пайдасына тыңшылық және саботаж жасады деген күдікпен қылмыстық жауапкершілікке 45 адам  жауапқа тартылғанын, НКВД органдарында да контрреволюциялық қылмыстар туралы істерді қарау көбейгенін, түрмелердің лимиті бұзылып, 200 тұтқындалушыға арналған орында 700 тұтқын отырғаны туралы айтылады.

Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, бұл тергеушілердің қоғамнан социалистік құрылысқа қарсы зиянкестік әрекеттерді жүргізуші «элементтерді» неғұрлым көбірек тауып, өздеріне жүктелген жоспарды асыра орындауға тырысқанын, тұтқындардың арасынан шетелдік, негізінен, Германия мен Жапония сияқты мемлекеттердің кеңестік қоғамдағы «агенттерін» көбірек табуға күш салғанын құжаттар дәлелдейді.

Осындай жер аударудың нәтижесінде Атырау жеріне корей, шешен, Қырым татарлары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударғанын архив деректерінен көруге болады. Бұл ұлттар да қатал тоталитарлық жүйенің барлық ауыртпалығын қазақ халқымен бірге көтеріп, қиын заманға қарамастан, жергілікті қазақ ұлтының көмегі мен қамқорлығына ие болды.

Халқымыздың басынан өткен  зобалаң шақтар, қиын-қыстау, тар кезеңде ұлты үшін құрбан болған боздақтардың рухына тағзым ету, ерлік істерін есте қалдыру – ұрпақ парызы.

Райса ТАСТЕМІРОВА,

Атырау облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз