
Жол жөндеу неге баяу?
Былтыр жазда қала көшелері мен жекелеген шағынаудандарында көлік жолына жай жөндеу жұмысы жүргізілген еді. Өкінішке қарай, күні бүгінде сол жамалған жолдың өзі ойылып, тесіліп, көліктің қалыпты қозғалысына кедергі келтіре бастады. Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл сәуірде шаһарда жол жөндеу жұмысы басталып кетті.

Жоспарлы жұмыс жүрмей тұр
Биыл облыста көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жалпы ұзындығы 1 мың шақырымнан асатын 72 жоба жүзеге асуы тиіс. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жақсартуға айрықша назар аударылған. Атап айтқанда, 29 шақырымдық «Құрманғазы-Приморье-Утеры-Котяевка» және 87 шақырымдық «Индер-Қарабау-Миялы» жолдарын қайта жаңғырту жоспарланған. Ал, «Миялы-Ойыл» (18 шақырым) және «Атырау-Индер» (100 шақырым) жолдары күрделі жөндеуден өтеді.
Аудандық және ауылішілік жолдардың сапасын жақсарту мақсатында жергілікті маңызы бар жолдармен қатар жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым да дамытылады. Сонда облыс бойынша жол сапасы 82%-ға дейін жақсарады деп межеленіпті.

Жол сапасын бақылау үшін «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» филиалы 190 миллион теңгеге зертханалық бақылау жұмыстары жүргізілген. Былтыр облыста жөнделген 12 мың шақырым жолдың 8 мың шақырымы – республикалық, қалғаны – жергілікті бағынышта.
Бүлінген жол бүтінделді ме?
Өткен жылдың көктемінде Жайық, Ойыл және Жем өзендері арнасынан асып, көлік жолы мен көпірлерді тасқын су шайғаны белгілі. Соның кесірінен Атырау қаласы, Махамбет, Индер, Қызылқоға және Жылыой аудандарының аумағында 28 шақырымға жуық жол мен бірнеше көпір бүлінді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұржау Маратовтың айтуынша, су тасқынынан келген шығынның жалпы құны – 8,8 миллиард теңге. Бүлінген жол мен көпірлерді қалпына келтіруге Үкіметтің резервінен 5,9 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 2,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға аталған нысандарды қалпына келтіру, 13 мал өткелі мен 49 су өткізгіш құбырын салу жоспарланыпты. Бекітілген жоспар-кестеге сәйкес жүріп жатқан жұмыс межелі уақытта аяқталуы тиіс.

Қазір Индер, Махамбет аудандарының аумағымен өтетін Атырау-Орал, Атырау-Индер тасжолдарының бүлінген бөлігі әлі қалпына келген жоқ. Ол үшін қазынадан қомақты қаражат қаралып, тиісті жұмыс басталған. Мәселен, Атырау-Индер бағытындағы жолдың жарамсыз болған 300 метр бөлігін қалпына келтіруге 760 миллион теңге бөлінген. Оның мердігері – «Казахдорстрой» ЖШС жолмен бірге ұзындығы 100 метрлік көпір салуды міндетіне алған. Бұл шаруа белгіленген уақытында атқарылып, қозғалысты тоқтатпау үшін бүлінген көпірдің тұсынан уақытша айналма жол салынды. Көпірдің құрылысын келесі жылы толықтай аяқтау көзделген.
Осы жолдың Махамбет ауданына тиесілі бөлігіне орташа жөндеу жасау үшін 1 миллиард 503 миллион теңге қаралыпты. Мердігер «Атыраужолдары» ЖШС бұл жолдың бойында 3 мал өткелі мен 19 су өткізгіш құбырды салып, 4 шақырым жолды көзделген уақытқа сай жөндеп жатыр. Ал, Сарытоғай ауылына апаратын жолдың 300 метр бөлігі мен 8 су өткізгіш құбыр құрылысына 90 миллион теңге бөлініп, ол шаруа да ойдағыдай оңғарылыпты. «West Buildinq Group» ЖШС мойнына алған міндетін толықтай орындаған.
Талдыкөлде жағдай жақсарған жоқ

Облыста былтырғы төтенше жағдай кезінде тұрғындары уақытша қауіпсіз жерге көшірілген Махамбет ауданының Талдыкөл ауылына кіретін жолды жөндеу жұмысы биыл да жалғасқан еді. Ауылға кіреберіс жолдың бүлінуі салдарынан талдыкөлдіктер біраз қиындық пен қолайсыздыққа тап болды.
Әйтсе де, «биыл жолымыз дұрысталып, жағдайымыз жақсарады, бәрі де қалпына келеді» деген тұрғындар үмітінің әзір ақталар түрі көрінбейді. Бастауын «Атырау-Орал» тасжолынан алатын елді мекенге кірме жол жабық, көліктер қара жолмен қатынауда, бұзылған көпірдің құрылысы бітпеген. Оның үстіне, уақытша салынған көпір өткелінің зертханалық қорытындысының жарамсыз деп танылуы жобаланған жұмыстың созылып кетуіне себепші болғанын білдік.
Бір сөзбен айтқанда, жоспарланған жұмыстың жүргенінен гөрі тұруы көбейіп, қозғалысқа да, қатынасқа да қолайсыздық пен тұрғындардың орынды өкпе-ренішін туғызып тұр.
Қаладағы ахуал алаңдатады
Енді бір сәт қала жолдарындағы ахуалға назар аударып көрелік. Жоспар бойынша биыл орталықтан бөлек, қала маңындағы бірнеше елді мекенде жол инфрақұрылымын жақсарту жоспарға енгізіліпті. Атап айтсақ, Зарослыйда – 13, Еркінқалада – 60,2 шақырым ауылішілік жол жаңаруы тиіс. Ал, қала ішінде Әбілқайырхан даңғылынан «Сарықамыстағы» Жастар көшесіне дейінгі 2,8 шақырымдық жол қайта жаңғыртылуда. Ал, осы Жастар көшесінен Еркінқалаға дейінгі қайта жаңғыртылатын жолдың жалпы ұзындығы – 11,7 шақырым.

Биыл қаладағы Сырым Датов көшесіндегі 4,7 шақырым жол қайта жаңғыртылып, Махамбет, Азаттық, Әбілқайырхан даңғылы мен Абай, Жарбосынов, Ерниязов, Молдағұлова көшелерінің жолдары орташа жөндеуден өтуі тиіс. Бүгінде оның кейбірі пайдалануға берілсе, түрлі себептерге байланысты жұмысы созылып кеткен учаскелер де бар.
Мәселен, қаланың қақ ортасындағы басты күретамыр – Азаттық даңғылының бойы жаз бойына жүргізілсе де, әлі аяқталған жоқ. Екі кезеңнен тұратын орташа жөндеу оның бір бөлігінде ғана аяқталған. Мердігер мекеме «Достықспецстрой» ЖШС-нің учаске бастығы Нұрсұлтан Байдәулетовтің айтуынша, жазда даңғылдың Ж.Досмұхамбетов көшесінен Махамбет көшесімен түйіскен тұсына дейінгі аралығы пайдалануға берілген. Ал қалған бөлігі әзірше жабық. Соның кесірінен көлік кептелісіне жол беріліп отыр.
– Байқаған шығарсыздар, жолмен қатар осы учаскеде жылу желісін ауыстыру да қабат жүріп жатыр. Жасыратыны жоқ, мұның өзі іске біраз қолбайлау болды. Оған сәл ертерек кіріскенде тап мұндай кептеліс болмас еді. Жөнделуі тиіс учаскенің ұзындығы – 2,6 шақырым, енді қалып тұрғаны – 700 метр. Соның өзін уақытында үлгере алмай жатырмыз. Қазірде қолайлы сәт пен мүмкіндікті мүлт жібермей, бастаған ісімізді соңына дейін жеткізуге әрекеттеніп жатырмыз. Әйтсе де, негізгі құрылысқа қажетті материалдар өзге өңірлерден тасымалданатындықтан, кідіріс бар. Қалай десек те, жұмысты ыждағаттап, қыркүйектің соңына дейін бітіреміз, — деп түйін айтты мердігер мекеменің өкілі.

Сол сияқты, қаланың бұқар бетіндегі айналма жол мен Құттығай батыр көшесін байланыстыратын ұзындығы 650 метр жолды күрделі жөндеуді міндетіне алған «Нефтестроймонтаж» ЖШС-нің жоба жетекшісі Жағыпар Оразовпен тілдескенімізде, бұл учаскеде жұмыстың басталғанына көп болмағанын білдік. Қиындықтар да жоқ емес. Жоба бойынша осы жолды бұрынғы екіден төрт жолақтыға айналдырып, енін кеңейту, бір жағынан тротуар салып, жарық шамын орнату қарастырылған. Алайда, оған теміржол өткелі тарлық етіп тұр. Десек те, жолдың негізі қаланып, келесі кезектегі жұмыстардың кестеге сәйкес жүзеге асып жатқанына куә болдық.
Білгеніміз, бұл келесі жылға қалуы ықтимал ауыспалы жоба екен. Солай бола тұра, мәселенің бәрі уақытында оңтайлы шешіліп, әкімдік тарапынан қолдау көрсетілсе, мердігер жұмысты мерзімінен бұрын бітіруге ниетті.
Қысқасы…
Көзбен көргеніміз өз алдына, жол жөндеу жұмысы жоспарланған учаскелердің бәрінде болмаса да, бірқатарында құрылыс қарқыны баяу. Күздің алғашқы айы аяқталуға таялса да, жайбарақаттық басым. Енді күн райы құбылып, жауын-шашын болатын кез қашық емес. Осыны ескерсек, қолға алған істі тез бітіруге жергілікті билік қамданғаны жөн-ақ.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



