
Жол құрылысы неге тоқтады?
Атырау қаласындағы тасжолдарды жөндеу жұмыстарының кешігуі халықтың наразылығын тудырып отыр. Осы жайтқа байланысты қоғамдық резонансты зерделеп, тасжолдардың нақты жағдайын анықтап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына партиялық бақылау жүргізу мақсатында «AMANAT» партиясының облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мен қалалық мәслихаттағы партия фракциясының өкілдері рейд ұйымдастырды. Әсіресе “Жұлдыз” шағынауданы мен Құттығай батыр көшесі мен С.Датов көшесінің қиылысар тұсындағы жолдың жайы тұрғындардың бас ауруына айналған.
Рейд жұмысы алдымен қаланың солтүстік бағытындағы Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Жұлдыз шағынуданы мен Томарлы ауылдарын бөліп жатқан Атырау-Индер тасжолының құрылыс жұмыстарын танысудан басталды.

Биыл көктемде басталған 5 шақырымнан астам тасжол салу жұмыстарының уақтылы аяқталмауы салдарынан қалаға қатынайтын көлік жүргізушілері мен жолаушылар қиындық көріп келеді. Ал қыс маусымы таяп қалғанына қарамастан, құрылыс жұмыстары әлі де баяу жүргізіліп жатыр.
Осы жолмен жиі қатынайтын Ақсай-1 ауылының тұрғыны Азамат Есбосынов осы уақытқа дейін ешқандай қозғалыс жоқ, тасжолдағы құрылыс жұмыстарының жүріп жатқанын көрмейтінін айтып ашынды.

– Жол бойында техника тұр, бірақ адам жоқ, ешкімнің жұмыс істеп жатқан көрмейміз. Қазір айналма жолмен жүру де қиындап кетті. Көліктерде қайта-қайта бұзылып жатыр. Өз көлігімді төрт-бес рет жөндеуге апардым. Жол кедір-бұдыр. Түнде жарық та жоқ, бұл өте қауіпті. Біз үнемі айтып келеміз, бірақ нәтиже көрмей отырмыз. Егер жақын арада бұл жол бітіп үлгермейтін болса, ең болмаса қазіргі күйінде ашып қою керек деп ойлаймын. Бір апат болып, адамдар зардап шеккеннен кейін ғана қозғалыс бола ма деп қорқамыз. Тиісті қаражаты бөлініп жатыр дейді, бірақ сол ақшаның нақты қайда кетіп жатқанын білмейміз, — деді тұрғын.

Жол құрылысына жауапты «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС жобаларды даярлау басқармасының басшысы Зайни Мұстажаповтың айтуынша, Атырау-Индер тасжолының алғашқы 10 шақырымын жөндеу жұмыстары алғаш рет 2017 жылы басталған.
– Содан бері тасжол жобасында бірқатар кемшіліктер анықталды. Мәселен, жарықтандыру мен айналма жол қарастырылмаған, инженерлік коммуникациялар енгізілмеген. Бағаның өсуіне байланысты де түзетулер қажет болды. Сондықтан 2023 жылдан бері жоба қайта түзетуден өтуде. Қазір сараптама кезеңінде. Құжаттама толық дайын емес, — деді З.Мұстажапов.

Мердігер компания өкілі жолдың 1 шақырымнан астам учаскесінде әзірге жолдың астын дайындау жұмыстары аяқталғанын, енді тек асфальт төсеу ғана қалғанын айтты.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Қуанышбек Қабдығалидың айтуынша, мердігер компания қала ішіндегі Әбілқайыр көшесінен Авангард шағынауданы бағытына бұрылатын жерде жұмыстар жүргізіп жатқанын, сол тұстағы шамалы бөліктер мен жолайрығы маңындағы жұмыстарды осы апта соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Бас маман жұмыс аяқталғаннан кейін, келесі аптаның ортасына қарай жұмыстар басталатынын жеткізді.
– Беткі қабатты әзірге салмай, жолды астыңғы қабатымен ашу жоспарымызда бар. Негізі бұл түзету жұмыстары қыркүйек айында аяқталуы тиіс еді. Бірақ жобаны әзірлеп жатқан «Шыңдау» мекемесі бірнеше рет сараптамадан өте алмай қалды. Сараптама тарапынан бірнеше ескертулер берілген соң, жоба кері қайтарылған. Сонымен қатар, бұл жобада «Атырау жарық» компаниясы тарапынан да кейбір сұрақтар туындағандықтан, біраз уақыт кідіріс болды. Қазір сол ескертулер толық түзетіліп, жұмыстары қайта енгізілді, — деді бас маман.
Сонымен қатар, Құттығай батыр көшесіндегі қайта жаңғырту жұмыстары да сор топырақты учаскелер мен коммуналдық желілердің орналасуына байланысты кешіккен. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыстар қайта жанданған.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор



