
Сылбырлық сан соқтырар
Жыл айналып келер кезекті жылу беру маусымына – алдағы қысқа әзірміз бе? Маңызды мәселеге бүгінде Үкімет деңгейінде ден қойылып отыр. Өйткені, бұған дейінгі өкінішті жайттардың ащы сабағын ешкім ұмыта қойған жоқ. Оның үстіне, мемлекет басшысының 8 қыркүйектегі халыққа Жолдауында да бұл мәселеге басымдық берілгені белгілі.
Сандар не дейді?
Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, облыс бойынша барлығы 723 жылу қазандығының 593-і, 29,3 шақырым жылу желісінің 20,8 шақырымы, 339,6 шақырым электр желісінің 256 шақырымы қыс кезеңіне әзірленген. Ал, көп пәтерлі 1793 үйдің 1730-ы, 406 білім беру мекемесінің 388-і, 155 медицна мекемесінің 139-ы, 173 әлеуметтік нысанның 160-сы маусымға дайын.
Маусымға әзірленгендердің ішінде Атырау жылу-электр орталығының №6, №7 жылу және №4 турбиналық агрегаттары бар. Сосын №10 жылу агрегаты мен №8 турбоагрегатты жөндеу қыркүйек айында толық аяқталады.
Ресми ақпарат бойынша облыс орталығында жалпы ұзындығы 601 шақырым жылу желісі бар екен. Олардың орташа тозу деңгейі – 52%, ал «АтырауЖылуЖүйелері» ЖШС-не қарасты 426 шақырым желінің тозуы – 64,4%. 2030 жылға дейін магистралдық желілердің 59 шақырымы біртіндеп жаңартылып, желінің тозу деңгейін 40,5%-ға дейін төмендету көзделген.
Айта кету керек, облыс бойынша жылу беру маусымына дайындық жуырда аяқталады. Осы кезеңде әлеуметтік осал топтағы отбасылар тұратын тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігіне де баса көңіл бөлініп отыр. Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы биыл облыста өрт тұтану қаупіндегі 1684 үйді анықтапты. Бәріне рейд жүргізіліп, пештердің жағдайы, электр сымдарының қауіпсіздігі мен жылыту құралдарын пайдалану талаптары қадағаланып, қатаң бақылауға алынған.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралардың мақсаты – тұрмыстық өрттің алдын алу. Яғни, қолданылатын пеш пен жылыту құралдарын дұрыс пайдалану, зақымдалған электр сымдарын қолданбау және мұржаларды уақытында тазартуды тұрғындарға ескертіп, оның орындалуына мүдделілік таныту.
Ресми деректерге зер салсақ, соңғы үш жылда облыста 1200 отбасының үйіне түтін мөлшерін көрсететін құрылғы орнатылған. Былтырғы маусымда облыста тіркелген 75 өрттің салдарынан 5 адам опат болып, 2 адам жарақат алған. Қызыл жалынның дені электр жабдығын дұрыс қолданбау және пешті пайдалану талаптарын сақтамаудан туындапты. Есепті мерзімде облыс бойынша 37 мыңнан астам үй араланып, 53 мыңға жуық тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілген екен.
Ауданда да жұмыс аз емес
Қазіргі мәлімет бойынша Индерде 15 орта мектеп, мектептен тыс 4 мекеме, 11 балабақша, 12 денсаулық сақтау нысаны, 10 мәдениет мекемесі, балалар мен жасөспірімдерге арналған 4 спорт мектебі, 10 бюджеттік мекеме және 11 су тазарту қондырғысы қысқы кезеңге сақадай сай тұр. Индербор кентіндегі көп қабатты 18 үй орталықтандырылған жүйеге қосылған 8 қазандық арқылы жылытылады. Бүгінде жоспарланған 42 іс-шараның 35-і толықтай орындалыпты. Ал, ауданның елді мекендерінде су тазарту қондырғылары, жылу қазандықтары, трансформаторлар, насостар орнатылып, жөндеу жұмыстары жүйелі жалғасып жатыр.
Исатай ауданында да жоспарланған жұмыстың орындалу көрсеткіші – 90 пайыз. Осындай ауқымды жұмыстар өзге өңірлерде де атқарылуда.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, орталық жылу беру қазандықтарынан басқа дербес қазандықтар арқылы жылытылатын нысандар мен тұрғын жайлар да жеткілікті. Олардың саны Құрманғазы ауданында – 132, Исатайда – 65, Қызылқоғада – 88, Индерде – 79, Махамбетте – 62, Мақатта – 41.
Бірінші кезекте – тұрғын үйлер
Қалыптасқан дәстүр бойынша бірінші кезекте орталықтандырылған жүйеге қосылған көп қабатты тұрғын үйлерді кестеге сәйкес жылумен қамтуға көңіл бөлінеді.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Эльдар Ғарифоллаевтың айтуынша, бүгінде салалық бөлімнің теңгерімінде бұрын иесіз саналып келген 138 шақырым жылу желісі бар екен. Кезінде ведомстволық, яғни жөндеу-пайдалану, тұрғын үй-пайдалану басқармалары мен тұрғын үй-коммуналдық бөлімдерінің теңгерімінде болған көп пәтерлі үйлердің көпшілігі қараусыз қалғаны рас. Биыл осы санаттағы тұрғын жайларға жылу жеткізетін 4,8 шақырым желі күрделі жөндеуден өткізілген. Жыл сайын жүргізілген жөндеудің нәтижесінде биылдың өзінде олардың тозу көрсеткіші 16,8%-дан 12%-ға төмендепті. Ал, келер жылы тағы да 17 шақырым жылу желісі жаңғыртылуы тиіс. Сонда ғана бұл нысандар коммуналдық меншікке алынбақшы.
– Осы жылу беру маусымына барлығы 1174 көппәтерлі үйді дайындау жоспарланса, күні бүгінге соның 1000-нан астамы немесе 86%-ы әзір. Атап айтқанда, жылуды Атырау жылу-электр орталығынан алатын 1025 үйдің 910-ы жылуды қабылдауға дайын. «Атырау облысы су арнасы» КММ теңгеріміндегі 14 үйді түгелімен, «Қаладағы коммуналдық үйлерге қызмет көрсету» ЖШС-нің иелігіндегі 56 үйдің 45-і, дербес қазандықтарға қосылған 76 үйдің 40-ы маусымға әзір, — дейді cалалық бөлімнің өкілі.
Ұзын арқан, кең тұсау
Әрине, жоғарыда келтірілген дәйектерге қарап, кезекті жылу беру маусымына дайындық барысына «жақсы» деген баға беруге болады. Алайда, «әттеген-ай» дегізер жайлардың бары да жасырын емес. Жыл сайын кезекті жылу беру маусымы аяқталасымен келесіcінің қамына кірісудің орнына, жайбарақаттыққа көбірек жол берілетіні бар. Соның салдарынан әбден жаз өтіп, күз келгенде қарбалас пен жанталас басталатыны тәжірибеден байқалады.
Ең қиыны, жаңа оқу жылы басталып, балдырғандар мектеп пен балабақшаға баратын кезде жылу желілерін сынақтан өткізу науқаны қоса қабат жүргізіледі. Соған байланысты ыстық су бірнеше күнге тоқтатылады. Кейде тіпті аптаға созылады. Мұның өзі, әсіресе, көп қабатты үйлерде айтарлықтай қолайсыздық туғызып, түрлі аурулардың күрт өсуіне әкеліп соқтырады.
Сарапшылардың пікірінше, қысқа дайындық шараларының мерзімінен кешіктірілуіне бірден-бір себеп – жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені анықтау мақсатында өткізілетін мемлекеттік сатып алу конкурсының мерзімінен кешігуі, қаржыландыру мәселесінің уақытында шешілмеуі. Оған қоса, кейбір мердігердің өз міндетіне немқұрайдылық танытуының кесірінен жұмыс сапасыз немесе салғырттық болады.
Жоспарланған жұмыстың ойдағыдай жүзеге асуына тиісті тараптардың мүдделілік танытпауы немесе жауапкершіліктің төмендігі де іске кері әсерін тигізеді. Ал, шынтуайтына келсек, осындай факторлар маусымға дайындалуға кедергі келтіретіні сөзсіз.
Дәулетқали АРУЕВ



