
Суды ұрлайтындар бар
Қала мен аудандарда жүргізіліп жатқан ауқымды жобалар тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді, желілерді толық жаңарту және су шығынын азайтуды мақсат етеді. Соңғы жылдары өңірде инфрақұрылымдық өзгерістер қарқынды жүріп, жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл – халық саны өсіп, өнеркәсіп өркендеген аймақта су жүйесінің өміршеңдігін сақтау үшін дер кезінде қолға алынған шаралар.
Ауыл таза сумен қамтылады
Қаламен қатар ауылдық елді мекендерді таза сумен қамту мәселесі басты назарда. Облыста 12 су беруші мекеме жұмыс істеп, тәулігіне 160-170 мың текше метр су тұтынылады. Қалада орта есеппен 120 мың, ауылдарда 40-50 мың текше метр су пайдаланылады. Су тазарту нысандары, сүзгі станциялары және жаңа резервуарлар салу арқылы ауылдық аймақтардың су жүйесін жақсарту бағытында да жүзеге асып жатқан шаралар бар. Қазіргі таңда облыс бойынша 67 су тазарту имараты, 119 сорғы станциясы, 523 шақырым кәріз желісі жұмыс істейді. Дегенмен кәріз жүйесінің тозу деңгейі 44 пайыз, сондықтан бұл салада да қайта жаңғырту жоспары әзірленген.
Сумен жабдықтауды қашықтан бақылау әрі басқару үшін бірыңғай диспетчерлік орталық құру қолға алынған. Оған 48 көтерме сорғы станциясы, 93 кәріз сорғы бекеті, 1 240 есептегіш құрылғысы, 36 таза су резервуары және басқа да маңызды инженерлік нысандар қосылады. Бұл цифрлық қадам суға қатысты барлық мәліметті нақты бақылауға, апатты жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Су инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған негізгі қаржыландыру көлемі кезең-кезеңмен ұлғайып келеді. 2024 жылы шамамен 392,5 млн. теңге, 2025 жылы 1,97 млрд. теңге, ал 2026 жылы 2,27 млрд. теңге қарастырылған. Бұл жыл сайын жұмыстың ауқымы кеңейетінін көрсетеді. Қаржының басым бөлігі – ескі желілерді ауыстыру, жаңа объектілер салу, бақылау жүйелерін енгізу мен жаңа резервуарлар орнатуға бағытталған.
Инфрақұрылым жаңарып жатыр
Бүгінде Атырау және Құлсары қалалары ауыз сумен толық қамтылған. Облыс бойынша бұл көрсеткіш 99,8 пайызға жетті. Жалпы су желілерінің ұзындығы 4,5 мың шақырымнан асады, оның ішінде ауыз су жүйелері 3,5 мың шақырымды құрайды. Қазіргі тозу деңгейі шамамен 28 пайыз, сондықтан кезең-кезеңмен құбырларды ауыстыру және сорғы станцияларын жаңарту қажеттілігі жоғары. «Атырау Су Арнасы» КМК директорының өндіріс бойынша орынбасары Ғасыржан Лекеровтың айтуынша, осыған байланысты қаланың су инфрақұрылымын қайта жаңғырту жұмыстары үш кезеңге бөлініп, нақты жоспар бойынша іске асырылуда.
Бірінші кезеңде Атырау қаласының бірнеше ірі шағынаудандары мен магистралдық көшелерінде ескі құбырлар ауыстырылды. Мұндай жұмыстар Авангард шағынауданы, Махамбет, Құрманғазы, Ерниязов, Әбілқайыр хан көшелері және Сәтбаев даңғылы сияқты тығыз қоныстанған аймақтарды қамтыды. Жобаның жалпы құны шамамен 2,86 млрд. теңге. Ол бойынша 32,6 шақырым полиэтилен құбыр орнатылды, 377 инженерлік құдық жаңартылды. Сонымен қатар өрт гидранттары да ауыстырылып, 137 дана жаңа нысан қойылды. Бұл қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қадам болып отыр.
Екінші кезең жұмыстары да қаланың бірқатар учаскелерін қамтыды. Мысалы, Сарайшық, Махамбет, Құрманғазы көшелері мен Тайманов даңғылы бойында, сондай-ақ Атырау-2 шағынауданында ауыз су және кәріз желілері толық ауыстырылуда. Жобаның жалпы құны 1,78 млрд. теңге, ал жаңартылатын құбырлардың жалпы ұзындығы 13,9 шақырым. Бұл кезеңде 276 инженерлік құдық жаңартылып, 85 өрт гидранты орнатылды. Жоспар тек құбырларды ауыстырумен шектелмей, тәуліктік су қысымын тұрақтандыру, судың жоғалуын азайту, техникалық бақылауды күшейту мақсатымен бірге іске асырылуда.
Үшінші кезеңде қала бойынша бірнеше маңызды учаскелер қамтылады. Жобаның бюджеті шамамен 6,2 млрд теңге. Жалпы 20 шақырымнан астам полиэтилен құбыр ауыстырылып, 300-ге жуық темірбетонды құдық пен жүздеген гидрант жаңаланбақ. Бұл жұмыстар аяқталғанда қаладағы тозған су желілері айтарлықтай азайып, жаңа инфрақұрылым берік сеніммен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Су – ортақ байлық, жауапкершілік те ортақ
Бұл ауқымды жұмыстар өңірдің болашағы үшін аса маңызды. Халықтың ауыз суға қолжетімділігі – әлеуметтік тұрақтылық пен денсаулық кепілі. Алайда инфрақұрылымның тозу деңгейі мен судың жоғалуы секілді мәселелерді толық шешу уақыт пен тұрақты бақылауды талап етеді. Жұмыс қарқыны жоғары болғанымен, ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселелер бірден жойылмай жататындығы белгілі.

Қаладағы әр көпқабатты үйге су есептеу жүйесін орнату арқылы су шығынын анықтау және оны азайту көзделген. Бұл – суды үнемдеп, тарифті тұрақты деңгейде ұстау үшін жасалып жатқан қадам. Алайда аталған жұмысты түсінбей, қарсылық білдіріп отырғандар да бар екен.
Бұл бастаманың мақсаты – су ресурсын сақтау, инфрақұрылымды тәртіпке келтіру және қоғамға ортақ жауапкершілікті күшейту. Өйткені соңғы жылдары су тазартуға, оны жеткізуге жұмсалатын шығындар едәуір өскен. Қондырғылар, материалдар мен химиялық реагенттердің бағасы бірнеше есеге артқан.
Бұдан бұрын осы мәселеге қатысты «Атырау Су арнасы» КМК директоры Мейірім Қалауидың пікірін білген болатынбыз.
– Қазір біз жүргізіп жатқан су есептеу жүйесін орнату жұмысына кейбір тұрғындар мен үйлерді басқарушы компаниялар қарсылық білдіріп жатыр. Әр үйге орнатылған жалпы есептегіш арқылы сол үйге нақты қанша су кіргенін көре аламыз. Сондай-ақ әр пәтердегі есептегіштен алынған деректер де бізде болады. Осы екі көрсеткішті салыстыру арқылы су іште босқа кетіп жатқанын анықтаймыз. Яғни пәтерлердегі дерек пен үйге кірген су сәйкес келмесе, ол жерде ақау немесе сыртқа ағып жатқан су бар деген сөз. Бәріміз бірге әрекет етсек, көшеге шығып жатқан суды да, жасырын ақауларды да тез тауып, тоқтатамыз. Өкінішке қарай кейбір адамдар суды заңсыз пайдаланып отыр.
Біз мұндай жағдайларды анықтап, айыппұл салып жатырмыз. Бірақ негізгі мақсат – жазалау емес, суды сақтау. Суды босқа жіберуді тоқтатуымыз керек. Өйткені бұл тарифке тікелей әсер етеді. Егер біз судың ысырабын азайтсақ, тарифті өсірмей ұстай аламыз. Ал су ұрлау және орынсыз пайдалану жалғаса берсе, тарифті көтеруге тура келеді. Жанар-жағармай, құрал-жабдық және химиялық заттардың бағасы соңғы жылдары қатты қымбаттады. Біздің жұмысымыз тариф арқылы атқарылады. Сондықтан тұрғындарды және үйлерді басқарып отырған азаматтарды осы іске бірге атсалысуға шақырамын. Су – бәрімізге ортақ байлық. Оны қорғау – әрқайсымыздың міндетіміз, — деді Мейірім Жоламанұлы.
Атырау қаласына қарасты Береке ауылында жаңа су сүзу станциясы жұмыс істейді. Бұл нысан биыл көктемде пайдалануға беріліп, қазір қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр. Станцияның қуаты жоғары, тәулігіне үлкен көлемде суды тазартып, пайдалануға мүмкіндік бар.
Мамандардың айтуынша, қаланың өзге бөлігінде де дәл осындай тағы бір заманауи сүзу станциясы салынып жатыр. Ол пайдалануға берілгеннен кейін Атырау қаласында тәулігіне 120 мың текше метрден астам таза ауыз су өндіру мүмкіндігі пайда болмақ.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



