
Қысқы жол күтімі – халық қауіпсіздігінің кепілі
Облыстағы қысқы жол күтімі мәселесі жыл сайын өзекті әрі күрделі тақырыпқа айналды. Тек ақ қарды тазалау немесе тұз себу емес, көктайғақ пен боран кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі қашан да өзекті. Осы маңызды саладағы кемшіліктер мен жетістіктер бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі кеңестің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Ақылбек Құлбарақовтың төрағалығымен өткен көшпелі комиссия отырысында жан-жақты талқыланды.
Іс-шара барысында комиссия төрағасы мен кеңес мүшелері, сондай-ақ полиция департаментінің өкілдері «КАЖсервис» ЖШС Атырау облыстық филиалында аймақтағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстауға дайындық жұмыстарымен танысты. Аймақтың республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындық деңгейі сынға алынды. Өткен жылғы тәжірибе көрсеткендей, былтыр жолдар уақтылы тазаланбағаны себепті, халықтан көптеп шағым түскен.

Былтыр қыс мезгілінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары уақытында тазаланбай, халықтан көптеген арыз-шағымдар түсті. Санаулы күндерден кейін қыс маусымы басталады. Аймақтағы тиісті мекемелер жолдарды күтіп-ұстауға дайын ба? Техникалары мен инертті материалдары жеткілікті ме? Соған бүгін көз жеткізетін боламыз, – деді кеңес төрағасы Ақылбек Нұрболатұлы.
Полиция департаментінің жол және техникалық инспекция тобының аға инспекторы Тілепберген Ақболатовтың айтуынша, жолдарды күтіп-ұстау жұмыстары бұрын мердігер мекемелердің жауапкершілігінде болғанымен, техника мен материалдар жеткіліксіз болыпты. Сондықтан биылғы өзгеріс – «КАЖсервис» ЖШС облыстық филиалының бұл міндетті өз мойнына алуы – оңды қадам. Жолдарды күтіп-ұстаудың нақты жағдайын «КАЖсервис» ЖШС директоры Мұратбек Қамзаев нақтылады.
Қазіргі уақытта барлық арнайы техника – автогрейдерлер, тракторлар, тиегіштер мен әмбебап жол машиналары толық дайын. Филиалда аудандық бөлімшелерді қосқанда 119 қызметкер жұмыс істейді. Облыс бойынша 6000 м³ табиғи құм мен 3750 тонна техникалық тұз қоры бар. Биыл республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп-ұстауға 1 млрд 300 млн теңге бөлінді. Техникаларымыздың барлығы 2023–2024 жылдары шығарылған жаңа үлгідегі машиналар. Жалпы дайындық деңгейі – 100 пайыз, дейді басшы. Айта кетелік, аталған ЖШС өңір территориясының 847,6 км алатын республикалық маңызы бар жолға жалпы күтіп ұстау жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен, ең бастысы – бұл материалдық-техникалық базаны тиімді пайдалану, ауа райының күрт өзгерістеріне шұғыл әрекет ету.
Ең бастысы – ауа райының күрт өзгерістеріне дер кезінде әрекет ету және жолдардың ашық болуын қамтамасыз ету керек. Қысқы кезеңдегі тиімді жұмыс тек қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, жүргізушілер мен тұрғындардың сенімін нығайтады, – дейді Ақылбек Құлбарақов.Бұл пікірдің маңызы зор, себебі жолдардың сапасы мен қауіпсіздігі тура халықтың өмірімен байланысты. Тіпті жолдағы бір ғана кідіріс немесе тазалаудың кешігуі апатқа, жол көлік оқиғаларына әкеп соқтырады. Сондықтан тек техниканың бар болуы жеткіліксіз, оның дұрыс ұйымдастырылған жұмысқа жұмылдырылуы, қадағалау мен үйлестіру жүйесі болуы керек.
Депутаттың тағы бір маңызды ұсынысы – жол бойына жүргізушілерге арналған ақпараттық құралдарды орнату. «Сондай-ақ, автомобиль жолдарына жүргізушілерге арналған жадынама ретінде кемінде әр 50 шақырым сайын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының 1403 байланыс орталығының нөмірін орнатуды ұсынамын. Себебі бұл нөмірді көп жүргізушілер білмеуі мүмкін», деп атап өтті халық қалаулысы. Қарапайым ғана ұсыныс көрінгенімен, жолдағы төтенше жағдайларда жылдам көмек пен ақпарат алудың негізі болып табылады.
Жалпы Атырауда қысқы жол күтіміне жасалып жатқан бұл жұмыстардың жол қауіпсіздігін арттырудағы маңызы зор. Бірақ бұның сапалы жүзеге асуы – жүйелі бақылау, қоғамдық назар мен тиісті қаражаттың дұрыс игерілуіне тікелей байланысты. Тек техника мен материалдың болуы жеткіліксіз, олардың толық және жүйелі пайдаланылуы, күнделікті бақылау жұмыстарын уақыт көрсетеді.
Қысқы кезең – ең қауіпті уақыттардың бірі. Сондықтан жауапкершілік артып, сапалы қызметтің жолы ашық болуы тиіс. Себебі жол – елдің қантамыры, ал оның қауіпсіздігі – қоғамның тыныштығы мен дамуының кепілі.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ



