Құрылыстағы қарқын баяу
Осыдан бірнеше жыл бұрын Индер ауданының Есбол ауылында бір мектептің құрылысы басталды. Алайда басталғанымен кейін тоқтап қалды. Қайта қозғалыс болғанымен, тағы да тоқтады. Бүгінде бұл мектеп оқу орны емес, елдің жүйкесін сынайтын архитектуралық лабиринтке айналып кеткендей.
Иә, бұл сөз – Қ.Есқалиев атындағы 320 орындық мектептің айналасында болып жатқан шым-шытырық оқиғалардың қысқаша сипаттамасы. Оқу орнының құрылысын 2020 жылы «Оңдасын» ЖШС деп аталатын мердігер компания бастаған болатын.
«Сақалды құрылыс» па, сабырдың сынағы ма?
Әуелгі жоспар керемет еді: 2024 жылы жаңа ғимарат, жарық кабинеттер, спортзал, заманауи құрал-жабдықтар. Бірақ 2024 жыл да өтті, мектеп жоқ. Мердігер уәдесін орындай алмай, сот арқылы қуылды. Оның орнын «Сала» атты жаңа құрылыс құрылымы басты. Енді, міне, осы жылдың желтоқсанына дейін бітеді дейді…
– Бірақ «біту» деген сөз бұл жобада әлі қағаз жүзінде ғана өмір сүріп жатқандай. Шын өмірде құрылыс алаңында техника қозғалысы сирек, ал мектепке үмітпен қарайтын жұрттың үміті күн сайын солып барады. Үлкен қызым «4-сыныпты осы жаңа мектепте бастаймыз» деп қуанып еді, биыл 7-сыныпқа өтті. Әлі құрылыс жүріп жатыр. Екі ұлым да, жолдасым да – бәрі сол Қ.Есқалиев атындағы мектептің түлектері. Ал менің кенжем сол мектепке баруды тек армандайтын шығар…
Біз жаңа жылды жаңа мектепте қарсы аламыз деп үміттеніп едік. Енді жыл сайын сол тілекті қайталай беретін әдет қалыптасып барады. Халық 88 жылдық тарихы бар Қалам Есқалиев атындағы мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілсе екен деген тілегін айтады,-дейді Есбол ауылының тұрғыны, көп балалы ана Гүлфия Кенжеғалиева.
Сұрақ көп, жауап жоқ
Қазіргі таңда Есбол ауылында 5200-ге жуық тұрғын бар. Мұнда екі орта мектеп, бір шағын жинақы мектеп жұмыс істеп тұр. Оның бірі – бір кездері ұлттық гимназия болғанымен, 2017 жылы «гимназия» мәртебесінен айырылып, әлі күнге дейін шағын жинақы мектеп болып келе жатқан Есбол мектебі. «Бір ауылда екі орта мектеп тұрғанда осы шағын жинақты мектеп қаншалықты керек еді?» деген ой туындайды. …Ал бала санының аздығынан кейбір сыныптардағы топтардың жабылуы – елеусіз қалдыруға болмайтын ескерту белгісіндей.
Соның ішінде жұрт күтуден шаршаған – осы Қ.Есқалиев атындағы мектеп. Бұдан екі жыл бұрын облыс басшылығы Есбол халқымен кездесуде «2024 жылы мектеп толықтай аяқталып, қолданысқа беріледі» деген болатын. Дегенмен осы мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай тұр.
Бұл жағдай Есболға ғана тән емес. Бұл бүкіл елдегі жүйелік дерттің симптомы секілді. «Сақалды құрылыс» біздің елде тек бетон мен кірпіштің кешігуі емес, ол уәденің бұзылуында. Қанша басшы келіп-кетсе де, қанша тендер ойнатылса да, мектеп орнында тұр.
«Құрылыс бітеді» дейді. Бірақ, қашан? Мердігер ауысқанымен, мәселе шешілген жоқ. Тұрғындар әр таңын үмітпен бастап, кешін күдікпен аяқтап жүр. Бұл мектептің тағдыры мектеп қабырғасындағы балалардың тағдырынан кем түспейді.
Ал сол мектепті күтіп жүрген ата-аналардың жүрегі – тас қабырға емес. Олар өз балаларын қайта-қайта уәдемен алдаудан шаршады.
«Сақалды құрылыстың» сұлбасы – ел ішіндегі сабырдың символына айналғандай. Бірақ сабыр – шексіз емес қой. Есболдағы мектеп жайы – бір ауылдың ғана емес, елдің беделі мен болашақ алдындағы жауапкершілігінің айнасы. Егер біз сол айнаның сынып, күл-талқаны шыққанын қаламасақ бұл мәселені жылы жауып қоймай, нақты шешім қабылдау қажет.
Желтоқсан – мектеп пен үміттің шекарасы
Есболдық тұрғынның хатынан кейін, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына хабарласып, жауабын білген едік. Онда былай депті:
«Индер ауданы, Есбол ауылында 320 орындық орта мектептің құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл әлеуметтік маңызы жоғары нысанның тапсырыс берушісі – облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мемлекеттік мекемесі.
Жаңа білім ордасының құрылысы алғаш рет 2022 жылдың ақпан айында басталған болатын. Алайда бастапқыда құрылыс жұмыстарын жүргізген «Оңдасын строй» ЖШС келісім-шарт талаптарын тиісті дәрежеде орындамағандықтан, 2023 жылғы 28 шілдеде келісім-шарт біржақты бұзылып, аталған мердігер мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ретінде танылды. Осыдан кейін нысан құрылысы қайта ұйымдастырылған конкурстық рәсімдер нәтижесінде «Сала» ЖШС-не тапсырылды. Жаңа мердігермен келісім-шарт 2024 жылдың 24 сәуірінде жасақталды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын «Сала» ЖШС жүзеге асырып отыр. Техникалық қадағалаушы – «Музтау» ЖШС, ал авторлық қадағалауды «СтройДизайнСервис» ЖШС жүргізуде».
Әрі қарай жобаның конструктивтік бөлігінде өзгерістер орын алуына байланысты, жобалау-сметалық құжаттама қайта қаралып, өткен жылдың 29 қарашасында сараптаманың оң қорытындысы алынғаны жазылыпты. Білгеніміздей, бүгінгі таңда нысанның 65%-ы орындалған. Мектепті пайдалануға беру осы жылдың желтоқсан айына жоспарланып отырған көрінеді.
Екі қабатты жаңа мектепте оқу кабинеттерінен бөлек, асхана, кітапхана, медициналық пункт, спортзал, акт залы, мұғалімдер бөлмесі, өндірістік шеберханалар, демалыс орындары, гардероб және санитарлық тораптар қарастырылған. Сонымен қатар мектеп аумағында спорт алаңы, жүгіру жолы, футбол және баскетбол алаңдары да салынып, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалады екен.
Бұл жоба – ауылдағы білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудың нақты көрінісі. Жаңа мектеп қолданысқа берілген соң Есбол ауылындағы оқушылар заманауи, жайлы және қауіпсіз ортада білім алуға мүмкіндік алады-мыс». Қош делік. Алайда бұл «мүмкіндік» шындыққа айнала ма, жоқ па …оны уақыт көрсетеді. Қағаздағы жоспар мен нақты өмір арасындағы алшақтықты Есбол жұрты жылдар бойы сезініп келді. Жауапты органдар «желтоқсанда тапсырылады» деп сендіріп отыр. Бірақ ел сенімі үшін бұл кезекті уәде емес, нақты нәтиже болуы керек. Себебі бұл мектептің құрылысы – жай ғана бір ғимараттың жайы емес, бала тағдыры. Ел ертеңіне елеулі ескерту. Ал ел болашағы үшін ең құнды капитал – білім. Сондықтан бұл құрылыстың уақытылы әрі сапалы аяқталуы – тұтас мемлекеттің абыройына сын.
Жауапты мердігер де, тапсырыс беруші де, қадағалаушы мекемелер де ел алдындағы уәдені тек есептік құжат ретінде емес, азаматтық борыш ретінде қарауы тиіс-ау. Сондықтан желтоқсанға дейін бұл мектептің шын мәнінде пайдалануға берілгенін көрейік. Бұл жолы ел сенімі ақталса игі.
Рита ӨТЕУҒАЛИ



