
Құрылыстағы кемшілікке кім кінәлі?
Қалада сапасыз тұрғын үйлерге қатысты дау күшейіп тұрған шақта облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының қызметі қоғам назарында. Әлеуметтік желілерде Талқайраң-2 ауылы мен Береке шағынауданындағы тұрғын үйлердің кемшіліктері жиі айтылып, тұрғындар тарапынан алаңдаушылық арта түсті. Бұл мемлекеттік құрылыс бақылауының тиімділігі қаншалықты деңгейде жүзеге асып жатқанын күн тәртібіне шығарды.
Осы мәселеге байланысты облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының негізгі міндеттері мен атқарылып жатқан, сондай-ақ алдағы жоспарланған жұмыстар жайында басқарманың бөлім басшысы Әсет Сембаев жан-жақты айтып берді. Оның айтуынша, басқарма өз қызметін «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға және Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүзеге асырады. Негізгі мақсат – құрылыс жұмыстарының бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға толық сәйкес жүргізілуін мемлекеттік деңгейде бақылау. Сонымен қатар авторлық және техникалық қадағалаудың дұрыс жүргізілуін тексеру, құрылыс кезінде орын алатын заңбұзушылықтарды анықтап, оған жол берген мекемелер мен тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдау да басқарма құзыретіне кіреді. Бұдан бөлек, құрылыс саласында лицензия беру және сарапшыларды аттестаттау жұмыстары да жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта Талқайраң-2 ауылы мен Береке шағынауданы тұрғындары тарапынан ең көп шағым түскен. Әлеуметтік желіде кеңінен тараған бұл мәселелер қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осыған байланысты басқарма прокуратураның талап арызы негізінде тексеру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде тұрғын үйлердегі кемшіліктердің нақты себептері анықталып, құрылыс нормалары мен жоба талаптарының сақталу деңгейі жан-жақты қаралатын болады.
Биылғы жылы басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар да аз емес. Жыл басынан бері 65-ке жуық жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, заң талаптарын бұзған тұлғаларға жалпы сомасы 100 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынған. Сонымен қатар 330-ға жуық лицензия беріліп, 170-ке жуық сарапшы аттестаттаудан өткен. Бұл көрсеткіштер құрылыс саласындағы бақылау мен реттеу жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

– Құрылыс процесіне тікелей тапсырыс беруші, мердігер, авторлық және техникалық қадағалаушы қатысады. Әрқайсысының заңмен белгіленген міндеттері бар. Тапсырыс беруші барлық рұқсат құжаттарының заңды әрі толық болуына жауапты болса, мердігер бекітілген жобаға сәйкес құрылыс жүргізуге міндетті. Техникалық қадағалаушы құрылыс сапасын, қолданылатын материалдардың талаптарға сай болуын бақылайды, ал авторлық қадағалаушы жобаның өзгеріссіз жүзеге асуын қадағалайды, — деді Әсет Саматұлы.
Тәжірибеде жиі кездесетін келеңсіздіктердің бірі – рұқсат құжаттарынсыз құрылыс салу немесе құжаттарды кейіннен рәсімдеуге тырысу. Мұндай жағдайларда әкімшілік шаралар қолданылып, қажет болған жағдайда сот арқылы нысанды бұзу немесе құжаттарды заңдастыру жөнінде нұсқама беріледі.
Құрылыс саласындағы олқылықтардың алдын алу мақсатында басқарма тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Қазіргі таңда басқармада 10 қызметкер жұмыс істейді, оның 5-еуі инспекция бөлімінің мамандары. Олар облыс аумағындағы құрылыс нысандарын бақылап, заң талаптарының сақталуын тексереді. Өрескел заңбұзушылық анықталған жағдайда тексеру ашылып, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады және міндетті нұсқамалар беріледі. Қаладағы тұрғын үйлердің сапасына қатысты мәселелер мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау жүйесінің маңызын тағы бір мәрте айқындап отыр. Өйткені бұл саладағы кез келген олқылық тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан негізгі мақсат – кемшіліктерді анықтап қана қоймай, олардың алдын алып, сапалы әрі қауіпсіз құрылыс мәдениетін қалыптастыру.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор



