Жарнама
Инфрақұрылым

Құрылыс көп, біткені аз

Қай кезде де инфрақұрылымның, әсіресе, әлеуметтік нысандардың құрылысы, осы саладағы жобалардың ойдағыдай жүзеге асуы қоғам үшін өзектілігін жойған емес және сол мәнін жоймайды да. Бұған Үкіметтен бастап жергілікті атқарушы билік құрылымдары, қоғамдық ұйымдар мен өкілді билік органдары да мүдделілік танытып, ұдайы бақылауда ұстап отыр.

Жақында өткен Атырау облыстық мәслихаты жанындағы бюджет, қаржы, экономика және өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті мәжілісінде де осы тақырыпқа айрықша назар аударылды. Атап айтқанда, отырыста «Өңірдегі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысының барысы және алдағы уақытта жүзеге асатын жобалар туралы» мәселе қаралды. Бұл жайында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Дархан Тілепбергенов баяндады.

Оның сөзіне қарағанда, былтыр облыста барлығы 146 құрылыс нысаны салынған. Атап айтқанда, басқарманың тапсырысымен 126, қала және аудан әкімдіктерінің тапсырысымен 20 нысан пайдалануға беріліпті. Оның 100-і – Құлсарыдан салынған тұрғын үй, алтауы – облыс орталығында, бесеуі – Исатай және Жылыой, Индер, Қызылқоға аудандарының әрқайсысында үшеуден.

– Есепті мерзімде Атырау қаласында 6 нысан пайдалануға берілді. Олар – Талқайраң ауылы мен «Самал», «Береке» шағынаудандарындағы тұрғын үйлер, кәріздік тазарту құрылыстары үшін 110/10 Кв-тық қосалқы станция, Сарықамыстағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, Ақсай ауылындағы көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы. Жылыой ауданының Тұрғызба ауылындағы мәдениет, Құлсары қаласындағы спорт кешені мен «Болашақ» шағынауданындағы газ желісі де бар. Оның сыртында Индер ауданында Индербор кенттік округі әкімінің ғимараты, қазандық пен гаражды қайта жаңғырту, «Көктем» шағынауданындағы автокөлік және жаяу жүргінші жолдары. Ал, Исатай ауданында – Х.Ерғалиев ауылындағы спорт кешені, Нарындағы электр желісі, Қызылүйдегі су желісі, Қызылқоға ауданында – Жасқайрат, Тасшағыл ауылдарындағы спорт кешенінің құрылысы мен Тасшағылдағы әкімшілік ғимаратының реконструкциясы. Мұның бәрі халықтың игілігіне берілген, — дейді басқарманың бөлім басшысы.

Бәрі – жобаның «шикілігінен»

Күн тәртібіндегі мәселеге орай облыстық мәслихаттың депутаттары Жеңіс Әбілқарес, Нұрлан Қайырденов, Зәмзәгүл Қарсақова, Қадырбек Мағазов, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Қаршыға Жауымбаев өз ойларын ортаға салып, тиісті сауалдарын қойды. Олар құрылыстың бәрі бірдей межелі мерзімінде тапсырылмайтынын, техникалық қадағалаудың жүйелі жүргізілмейтінін, құзырлы құрылымдар тарапынан қатаң бақылаудың жетіспейтінін, өзге де кемшіліктерді сынға алды. Әсіресе, Құрманғазы ауданының Балқұдық, Сүйіндік ауылдарындағы емдеу мекемелері ресми түрде пайдалануға берілгенімен, әлі күнге дейін іске қосылмаған. Сондықтан, депутаттар жобалау барысында жіберілген кемшіліктің мемлекеттік сараптамадан өткенде ескерілуге тиіс ұсыныстарын жолдады.

Осындай сын-ескертпелердің санатында Исатай ауданындағы кәріздік тазарту желісінің құрылысы да бар. Оның басталғанына да бірнеше жылдың жүзі өткен. Басқа да бірнеше әлеуметтік нысанның құрылысы түрлі себеппен тоқтап тұр. Мұндай олқылықтар өзге аудандарда да орын алған, енді соны түзету керек.

– Маңызды мәселенің бірі – мемлекеттік сараптама қызметіне қатысты. Жалпы бұл жұмыстың қалай жүргізіліп, құрылысы аяқталған нысандардың қалай қабылданатыны түсініксіз. Өйткені, тапсырылған нысандардың өзінде мемлекеттік қабылдау барысында өрескел қателіктерге жол беріліп, кемшіліктер анықталып жатады. Сол себепті, осындай жағдайда тиісті шарасын алу жөнінде құзыретті органдарға ресми түрде шағым түсіріп, мән-жайды анықтап алған дұрыс. Басты мақсат – халық үшін аса қажетті әлеуметтік нысандардың сапасына ерекше көңіл бөліп, олардың уақытылы тапсырылуына ықпал ету. Уәде берілгенмен, көбінесе орындалмайды. Соның кесірінен бұқараның билікке деген сенімі жоғалады. Кеш қалмай тұрғанда соның бәрін дұрыстап, жұрттың бетіне ұялмай қарайтын жағдайға жетуіміз керек, — деп түйіндеді ойын мәслихат депутаты Ж.Әбілқарес.

Жауапкершілік болмаса…

Облыстық мәслихаттың тағы бір депутаты Нұрлан Қайырденов өкінішке қарай көптеген жобалардың «шикі» күйінде келетінін, жобалау сатысында-ақ «бір қайнауы ішінде» кететінін, соның кесірінен  қателік кемшіліктерге ұрындыратынын сынға алды. Жобаны келісіп, бекіту, мемлекеттік сараптамадан өткізу процестерінде асығыстық пен шалағайлыққа жол берілетіні содан.

Н.Қайырденовтің пікірінше, осындай маңызды мәселені көтерген комиссияның отырысына бұл келеңсіздікке жауапты лауазым иелерін шақырып, қатысуын міндеттеу қажет. Қажет болса, тиісті шарасын алу мәселесі де қаралуға тиіс.

– Әйтпесе, ешқандай мәселе шешілмейді. Оның үстіне, құрылыс басқармасы мен пайдалануға берілген нысанды теңгерімінде ұстаушы құрылымның арасында келісім де жасалмайтынына талай мәрте куә болып жүрміз, — деді мәслихат депутаты.

Депутат сөзінің дәлеліндей, құрылысы аяқталған кейбір нысандар қағаз жүзінде пайдалануға тапсырылғанымен, бірнеше жыл бойы «қимылсыз» тұрады. Өйткені, нысанды уақытша болса да қуат көзі мен жылуға қосуға, тазалық жұмысын жүргізіп, күзет ұстауға рұқсат берілмеген. Ақыры, әлгі нысандар өзінен өзі тозып, ішкі сылағы түсіп, қабырғасы қақырап, жарамсыз бола бастайды. Амалсыздан қазынадан қаржы шығындап, оны қайтадан қалпына келтіруге тура келеді. Ескерер жайт, мәселені осыған дейін жеткізбес үшін әу бастан-ақ оның жолына тосқауыл қойып, талапты күшейту керек.

Мәселеге қатысты облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Самал Тілеуғалиева, мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Серік Демегенов және «Мемлекеттік сараптама» РМК Батыс өңірі бойынша филиалы Атырау облысы бойынша өкілдігінің қызметкері Нұрпейіс Нудин түсінік берді.

Өзекті мәселені талқылаған тұрақты комиссияның мәжілісін оның төрағасы Абдолла Идресов қорытындылап, депутаттардың ұсыныс-пікірі негізінде қабылданған қаулы жобаларымен таныстырды. Сосын комиссияның келесі мәжілісіне ақпараттар зерделеніп, күн тәртібіне шығаратын мәселелер пысықталды.

Ал, біз тұрақты комиссия мәжілісінде қаралған мәселе төңірегінде айтылған әңгімеден бүгінде облыста жоспар бойынша басталған құрылыстың саны көп болғанымен, біткенінің әлдеқайда аз екенін ұқтық. Ал, жетілдіре түсуді қажетсінетін тұстары одан көп тәрізді.

Дәулетқали АРУЕВ,

суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button